Вьетнамда салынған "Алтын көпірге" туристер ағылып жатыр

Вьетнамда салынған "Алтын көпірге" туристер ағылып жатыр
Фото: duck.show, LifeGlobe, m.sputnik.by

Құрылысы аяқталысымен талайдың таңдайын қақтырған алып көпір Вьетнамның Дананг қаласында орналасқан. Теңіз деңгейінен 1400 метр биіктікте орналасқан құрылыс нысаны «Алтын көпір» деп аталады.

Өзгеше стильде тұрғызылған көпірден бүкіл Дананг қаласының орманы мен көлі, тауы мен тасына дейін түгелдей көрінеді. Көпірдің үстінде келе жатқан жүргінші өзін аспан төсінде саяхаттап жүргендей сезінеді. Себебі, бұл көпірді жерге мықтап бекітілген үлкен екі қол жоғары көтере ұстап тұр. Жобаны жасаған автордың айтуынша, жолаушыларға арналған бұл жол – жібек бауды бейнелеп тұр. Ал әйел адамның екі қолы сол жібек бауды жерге түсірмей ұстап тұр.

Таңданыс тудырған алып көпірдің ұзындығы – 150 метр. Ол биылғы жылдың сәуір айында салынып біткен. Туристерге, елдің курорттық орталығындағы демалушыларға арнап тұрғызылған Алтын көпір маусым айынан бастап жұмыс істеуде. Ел билігі жақын уақытта осы мекеннен тағы бір көпір салынатынын хабарлаған. Сонымен қатар, бой көтергелі жатқан құрылыс нысаны «Күміс көпір» деп аталмақ.

Данангтағы бұл көпірдің суреттері мен видеолары Instagram желісі арқылы бүкіл әлемге таралып, желіде зор танымалдыққа ие болды. Бүгінде әлем жұртшылығы Вьетнамға баруға құмартып отыр. Суреттердің астындағы пікірлердің көпшілігінде бұл көпірдің суретінің өзі ерекше әсер бергенін жазған. «Қандай жағдай болмасын, мен бұл жерге барамын» деген бірдей мәтін қалдырған желі қолданушылары мыңнан асып жығылады.

А. Қажиев