- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Сафарлидің сырлы Ыстамбұлына...
Сафарлидің сырлы Ыстамбұлына саяхат
“Егер Жер шарында бір мемлекет болса, оның астанасы Ыстамбұл болар еді” деген екен дүниені дүр сілкіндірген Напалеон Бонапарт.
Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Босфор бұғазының жағасында кербездене керілген Түркияның шербет-шаһары талай таланттың шабытын шарықтатқаны баршаға аян.
“Ешқашан Босфорда болмаған ем,
Сен менен ол жайлы сұрама” – деп сезім жыршысы Сергей Есенин айтқандай, бұл бақыт бізге де бұйырмағанымен Шығыс шаһары хақында дәл осы дарындардың туындылары арқылы біліп, сырттай сүйсінетіміз рас.
Солар секілді “Екінші Орхан Памұқ” атанған Элчин Сафарли де өзінің әр туындысында Ыстамбұлға деген махаббатын мойындап, оған деген сезімін емірене суреттейді. Сафарлидің Сырлы Ыстамбұлына сапарымызды бастамас бұрын алдыңызға шие шырыны мен түрлі жаңғақ алып, жақсылап жайғасыңыз.
… Сізді толығымен жұтып алатын қалалар болады. Олардың құшағында өзіңді жинақы сезінесің — туған жерге деген сағыныш сейіледі, бұлшықеттегі ауырсыну басылады, боз түсті мұң болашаққа деген қызғылт сары түсті сенімге алмасады. Сол сенім басыңнан жылы бөрікті шешкенде де, мойныңнан шарфыңды алғанда да, теңіз желіне бетіңді тосқанда да сенімен бірге болады... Ыстамбұл — дәл сондай қала. Әрқашан басым болуға дағдыланған — бейтарап позиция оған тән емес. Егер Ыстамбұлға қоныс аударуға бел бусаң, демек онда ұзаққа қаласың.
...Кешкі Истикляль көшесіне аяқ бастым. Ол әрқашан үлкен шаһардың жеңістері мен жеңілістерін өне бойына сіңірген өмір өзені болып қала береді. Бұл жерде Константинополь мен әдемі шапандағы осман сұлтандарының елестері, мұңды және көңілді адамдар серуендеп жүреді.
...Егер Ыстамбұл құшақ жая қарсы алса, демек ол мәңгілікке. Оған тез бауыр басып кетесің. Оның терең көк көздерінің көрікті түбінде мәнерлі медузалар мен адасқан сұр-көк көзді балықтар мекен етеді. Оның жұмсақ барқыт дауысы қысқы Босфордың аязды ызғарындай балғын, түріктің қою кофесінің әсеріндей сергек, бал қосылған балғын баклавадай еліткіш келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ыстамбұлдан бас тарта алмайсың, Ыстамбұл сені жібермейді. Мүмкін, адамдар жақсыға тез бейімделгіш келетін шығар...
... Шығыс бояуы, шағалалар қиқуымен сүйемелденген жағалау шуы, азанға шақырған дауыс, талпыныстар еркіндігі, Құдіретті Көк мешіт... Бұл – Ыстамбұл.
... Ыстамбұлмен болатын әрбір жаңа кездесу – бұрын бір көргеннен-ақ сүйіп қалғаның үшін оған қатысты әлі күнге тәтті сезім кешетін адамыңмен жолыққанмен бірдей.
... Адамдардың айтуынша, табиғаттағы секілді Ыстамбұлда да барлығы келісті әрі үйлесімді екен. Жаны меланхолиялы мегаполистің хаосты қарқыны да, Босфордың тербеткен гуілі де, Алтын Мүйіздің үстінде қалықтаған қызыққұмар шағалалардың қиқуы да...
... Түнгі Ыстамбұл шілтерден тоқылған. Құштарлықтың, ғажайыптың, шулаған тыныштықтың шілтері...
... Ыстамбұл көшелерінің мысықтары — көздері тойған, құйрықтарын май басқан тәкаппар ханшайымдар. Нағыз ақсүйектер. Бір қуып жіберсең, екінші рет келмейді...
... Ол соңғы деміне дейін Ыстамбұлды сағынып өтті. Ол түсінде Долмахче Сарайын, Босфор дельфиндерін, Ататүрк көпірін көретін. Оған мінәрет кезіндегі муэдзиннің дауысы, Ыстамбұлдағы дәмдеуіш иісі бұрқыраған Мысыр базарының шуы естілетін...
... Ыстамбұл қаласының орталық көшелерінде қуаныштың цитрус шәрбаты төгіліп жатады. Көбіктеніп, көпіршіктеніп төгіліп жатады...
... Ыстамбұл ...Ол өзіне шынайы махаббатпен қарайтын барлық адамдарды есінде сақтап қалады. Біз екеуміз – “жүрегіміздің қаласының” бір бөлшегіміз.
А. Оралқызы