Жатақхана, неткен киелі едің!

Жатақхана, неткен киелі едің!

Студенттің қызық пен шыжыққа толы өмірінің бөлігі осы жатақханада өтетіндіктен, көп адамдар студенттік шақты еске алғанда, жатақхананы да қоса еске түсіреді. Сондықтан, бүгін біз сіздерді әлемдегі ең әдемі жатақханамен таныстырмақпыз. Ол да жатақхана болғандықтан, оның іші де қызық пен күлкіге (әрине қайғыға да) толы болатыны сөзсіз. 

Мұндай кереметті "Жатақхана" деуге қимайсыз. Студенттерге арналған бұл жатақхана Копенгаген қаласының жаңа ауданы Орестада орналасқан және оған Тиетген студенттер қалашығы аты берілген. 

Ғимарат құрылысы 2006 жылы аяқталған. Жеті қабаттан тұратын зәулім ғимаратқа 360 бөлме қамтылған. Ол 26 800 шаршы метр жерді алып жатыр. Ерекше студенттер үйінің дөңгелек формада болуының өзі жайдан-жай емес. Ол жай ғана - теңдік пен бірліктің символы. 

Ғимараттың цилиндрлік формасы визуалды және фунционалды түрде ғимаратты бірнеше бөлікке бөліп, орталық аулаға шыға алатын шексіз өткел болып саналатын 5 тік жолмен қиылыстырған.

Жатақхана емен және қызыл жезбен қапталған. 360 бөлме терезелерінің барлығы сыртқа немесе ғимараттың ішкі ауласына қарайды. 

Жатақханада тұратын әрбір студентке асхананың маңызды рөл атқаратыны бәрімізге мәлім. Соған орай жоба жетекшілері студенттерді кең 30 асүймен қамтамасыз еткен. Әрбір асүй - 12 бөлме тұрғындарына арналған. Асүйде 4 мұздатқыш, 2 газ плитасы сондай-ақ ас әзірлеуге қажетті барлық құрал бар. Сонымен қатар, оқу залы мен компьютер бөлмесі де бар.

Жатақханадағы әр бөлменің кеңдігі 26-33 шаршы метрді құрайды. Әр бөлмеде еден жылытуы бар жеке жуыну бөлмелері бар. Бірінші қабат түгелдей дерлік кір жуу, велосипед тұрақтары секілді бөлмелерге бөлінген. Жатақханада Копенгагенге білім алуға келген шетел азаматтарына 60 бөлме берілген. 

Сонымен қатар, жатақханада студенттердің спортпен шұғылдануларына да барлық жағдай жасалған. Студенттер жатақхана қабырғасында баскетбол, үстел теннисін ойнай алады. Және де студенттердің демалулары үшін демалыс террасслары мен музыка бөлмелері бар. 

Жатақхана көптеген жоғары марапаттарға ие болған. Соның бірі "ең жақсы студенттер үйі". 

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: fresher.ru

Ж. FM