Қай елдерге саяхаттауға бармаған жөн?

Қай елдерге саяхаттауға бармаған жөн?

Жұмыстан демалыс алып, саяхаттауға шығуды жоспарлап жүрсеңіз мына кеңестерге құлақ түріңіз. Жоспарлы турға барлық қажет заттар мен құжаттар дайын болғанымен, алдымен баратын ел туралы толық ақпарат алғаныңыз маңызды. Себебі туризмі жақсы дамыған елдерге саяхат жасаудың қауіпсіз болуына да ешкім кепілдік бермейді. Ендеше тәжірибелі мамандар саяхаттауға қолайсыз елдердің тізімін ұсынады:

1. Ауғанстан

Бұл елдегі азаматтық соғыс 8 жыл бұрын ресми аяқталса да, әзірге дейін туристер үшін қауіпті аймақтардың бірі саналады. Ауғанстандағы қатаң діни тәртіп өз жерінде өзге ұлттың діліне ерік бермейді. Сондықтан еуропаланған елдердің немесе Америка құрлығының азаматтарына бұл елде саяхаттау аса қауіпті.

2. Бурунди

Бұл африкалық елдің табиғаты тамаша және кофе шаруашылығы саласында құрлықта жетекші орынды иеленеді. Бірақ соңғы елу жылда Бурундиде соғыс алғышарттары саябырси қоймаған. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің төмен болуы, азаматтық қақтығыс пен қауіпті аурулардың таралуы туристерге оң келмейтіні анық. Елдің туристік саласы осыдан елу жыл бұрын орта деңгейде болатын. Содан бері елде азамат соғысы жалғасын тауып келеді.

3. Конго

Елдегі әскери және этникалық қақтығыстар мен сыбайлас жемқорлық саяхатшылардың жаңа елді танып, жеткілікті ләззат алуына мүмкіндік бермейді. Дегенмен елдің территориясында жатқан субтропиктік орман (Амазонкадан кейін екінші орын алады) мен жануарлардың сан алуан түрі кез келген адамды қызықтырары сөзсіз.

4. Эфиопия

Жаяу әскерге бағытталған бомбалау мен әскери қақтығыстар, сонымен қатар, ел жағдайының төмен хәлде болуы мен ыстық ауа-райының есебінен жылдам таралып жатқан жұқпалы аурулар туристердің демалысы үшін қолайлы жағдай тудырмайды. Осыдан 52 жыл бұрын енгізілген соғыс тәртібі бүгінге дейін сақталып келеді. Жуырда елде тыныштық орнауына да ешкім кепілдік бере алмайды.

5. Гаити

1970-жылдары орын алған қаржы дағдарысынан кейін аталған елдің экономикасы әлсіреп, халықтың әл-ауқаты төмендеп кеткен. Ел қуаты нашарлағаннан кейін, қылмыстың көбеюі заңды. Ендеше бұл елге саяхат жасаудан аулақ болған абзал.

6. Ирак

Аталған елде көп жылдан бері соғыстың белең алғаны көпке белгілі болар. Сондықтан бұл ел де тізімге енгізілді. Бүгінде Иракта көбіне діни түсініспеушіліктер орын алуда.

7. Сирия

Сирияда да соғыс пен әскери қақтығыстар жиі болуда. Жоғарғы билік ауысқанымен, жергілікті тұрғындардың ел жағдайына көңілі толмайды. Сонымен қатар, кедейлік пен сыбайлас жемқорлық, оқыс жағдайлар мен төтенше шабуылдар қарапайым халықтың мазасын қашырып келеді. Бір сөзбен айтқанда ел азаматтары үйлерінен шығуға қорқып отырғанда, мұнда бару туралы ойлаудың да қажеті жоқ.

8. Колумбия

Мұнда негізгі билікті есірткі саудасымен айналысатын қара ниетті тұлғалар қолға алған. Тіпті полицейлер де шындыққа көз жұма қарайды. Әйткенмен де қонақ үйден шықпай, жергілікті маманның кеңестеріне құлақ түрер болсаңыз, қауіпсіз демалуыңыз мүмкін.

9. Үндістан

Сізді бұл елде тамаша жағажай және жоғарғы сапада қызметке ие қонақ үйлермен бірге улы жәндіктер мен жұқпалы аурулар күтеді. Ал туристік аймақтың сыртындағы өмір көптеген саяхатшылардың жағасын ұстатары анық. Айта кетсек, ел халқының басым бөлігі кедейлікпен күн кешеді. Егер іс-сапармен немесе өзге де себептермен баруға тиіс болсаңыз алдын ала медициналық тексеруден өтіп, алдын алу шараларын жасап алғаныңыз дұрыс.

Міне, туристерге баруға қолайсыз деп танылған елдер тізімі осы. Тіпті олардың кейбіреулеріне толық құжатпен де кіру мүмкін емес. Мысалы, Африка құрлығындағы аталған мемлекеттерді тұрақсыз елдер қатарына жатқызамыз. Конго және Эфиопия сынды елдерге кіру үшін арнайы медициналық құжаттың болуы міндетті. Сондықтан саяхат жасауға қызығу бір басқа, ал оның қауіпсіз өтуі бір басқа екенін ажырата білейік.

Сурет: bigmir.net

Оқи отырыңыз: 

Саяхатшыларға бірер кеңес

Менің Тайландтағы күндерім #5

Қысқы демалыста таудан басқа қай жерге баруға болады?

Жапониядағы "Қысқы шырағдан фестивалі" туралы білесіз бе?

Ж. Өрісбай