Виза жасатпай-ақ демалып қайтуға болатын елдер

Виза жасатпай-ақ демалып қайтуға болатын елдер

Жаздың аптап ыстығында барлығы кеңсе мен үйден жырақ жерде: ауылға немесе шет елге барып демалуды жөн көреді. Өкінішке орай, шет елге шығу үшін виза мен паспорт жасатудың машақаты көп. Оны біреудің қалтасы көтермесе, екіншісінде рәсімдеуге уақыт жоқ. Назарларыңызға бұл құжаттарсыз-ақ демалып қайтуға болатын 20 мемлекетті ұсынамыз.

Абхазия


Абхазияның Гагра, Пицунда, Сухуми  қалалары 30 жыл бойы туристердің жиі келіп жүрген сүйікті демалыс орталықтары. Төрткүл дүниеден жыл сайын туристер арнайы шақырту мен демалыс жолдамасын иемденіп, жазғы уақытын осында өткізеді. Табиғаты өте көркем, ауа-райы жылы, қарағай мен сарыағаштың мүңкіп шыққан жұпар иісі есте қалары айтпасақ та түсінікті. Қалтаңызға қарай жеке үйлерді жалға алуыңызға болады. Көшенің әр бұрышынан абхаз шеберлері дайындаған шарап түрлерінің дәмін татып көре аласыз.  

Әзірбайжан


Баку қаласының бизнесмендері туристерге қалай жағдай жасау керек екенін жақсы біледі. Теңіз жағалауында орналасқан сансыз жағажай барлық талапқа сай. Бағасы да қол жетімді, сапасы да жоғары. Үздік деп танылған демалыс орындары Мардакян кентінде. Ол жақта мамыр мен қыркүйек айлары кезінде тегін және ақылы қызмет көрсететін жағажайлар бар. Иран шекарасымен шектескен аймақта Ленкорань қара құмды жағалауы туристердің сұранысына ие. Құм түсінің ерекшелігіне байланысты келушілер саны бір сәтке толастаған емес.

Барбадос


Барбадос – Кариб теңізінің шығыс бөлігіндегі аралдардың бірі. Барбадос кезінде Британия елінің колониясы болған. Бірнеше ғасыр бойы қант қызылшасын өсіреді және аты бәріне таныс ром шарабын жасайды. Барбадос жағалауы мінсіз таза әрі пальма ағашына толы. Теңіз қарақшыларының үңгірлері ашық күйінде көрсетілген. Бұл жерде жүрген кезде өзіңізді Даниэль Дефоның кейіпкері – Робинзондай сезінесіз. Сотқар дауылдан қорықсаңыз, қобалжудың еш жөні жоқ. Себебі, алыстан соққан жел ашуы бұл аралға жете қоймайды.

Грузия


Дүниежүзілік атласты ашып қарасаңыз, Грузияның тап Голландия секілді көлемі жағынан шағын мемлекет екенін көресіз. Бірақ оның фаунасы өте бай. Грузия – тау, өзен, көл, дала, шөлейт, тундра, мұздық, тайгасы бар кішігірім құрлық. Сванетия тауының баурайынан альпинизм спортының қаншалықты қарқын алғанын тамашалауыңызға болады. Тау төбесінен бұлақтың сарқырап аққан ағыны жанға батқан ауыртпалықтың барлығын өзімен бірге ала кетіп, бойымызды күш-қайратқа толтырады. Уреки жағажайындағы магнетиттік құмның емдік қасиеті бар. Ол жүрек, жүйке, тері сырқаттарынан тез айығып кетуге септігін тигізеді.

Доминикана


Доминикана табан тіреген жерді бірнеше жыл бұрын саяхатшы Колумб көріп тамсанған екен. Колониялықтардың соққан ескі құрылыс үлгілері әлі сол қалпында. Күн астында снорклинг спортымен айналысуыңызға болады. Ең мықты жағажайлар Пунта-Кана курортты ауданында орналасқан. Пунта-Кана – серфингистер үшін таптырмас орын. Жағажайға жақын шығанақтарда бүдір киттердің салған әндерін тыңдай аласыз.

Мысыр


Араб экзотикасы, фантастикалық суасты өмірі, мәдениеті мен дәстүрлері Мысыр елі туристерінің көңілін баурап алады. Басты курортты аймақтары – Шарм-эль-Шейх, демократиялық Хуркада, дауншифтер «меккесі», дайв-спот өте жақсы дамыған Дахаб жері.

Жалғасы бар ...

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет:clickavia.ru, mansana.com

Н. Нұрмаханұлы