Менің Түркиядағы күндерім

Менің Түркиядағы күндерім

Ар ма, Әлемтану оқырмандары! "Саяхатты сүйемін" жобасының қызықты әңгімелерін сағынып қалған боларсыздар. Ендеше, Шолпан Сыдық есімді ару қыздарыңыздың Түркия еліндегі сапары туралы оқи отырыңыз.

Сәлеметсіздер ме, Массагет оқырмандары! Сіздерге Түрік еліндегі қызықты шақтарым туралы айтқым келіп отыр. Жалпы, шетелде оқу, білім жетілдіру, тіл үйрену, мәдениетімен танысу –  көп армандарымның бірі болатын. Берілген мүмкіндік – мен үшін  өте қызық болды. Біз Стамбұл қаласына 10 студент және екі ағайымызбен бірге бардық. Ол кісілер қасымызда бізге бас-көз болып қадағалап жүрді. Стамбұл қаласы – Түркия мемлекетінің ең үлкен мекені, Мәрмәр теңізінің жағалауында орналасқан, көне ескерткіштерге толы шаһар.  

Жат елдегі алғашқы күн өмірімдегі ең қызықты күндерімнің бірі болып есімде қалып қойды. Сабиха Гёкчен атындағы әуежайға келіп тоқтадық. Әуежай Стамбұлдан 35 км алшақтықта, Азия бөлігінде орналасқан. Бәрі тексеруден өтіп жатыр, өзім қорқып тұрмын (Алғаш шетелге шығуым). Маған дейін бәрінің төлқұжатына, суретіне қарап еш қиындықсыз өткізуде. Бір кезде маған кезек келді, меннен «Атың кім?» деп сұрап, біреуге телефон шалды, (Жүрегім шым ете қалды, не болып қалды деп, ішімнен ойладым, ұлты – қазақ, бірақ түрі қытайға келіп тұр деп жатыр ма екен?) артынан қайта-қайта құжат тексерді. Кішкене кідіртіп, сосын барып жіберді.

Әуежай сыртында бізді Рәсім атты ағай күтіп алды. Ол кісі қасымызда үнемі бірге болды, білмеген жерімізді үйретіп, жол көрсетіп, мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстырды. Бұрын бірнеше жыл Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде дәріс бергендігін айтумен болды. Қазақша өте жақсы сөйлейді екен. Расім ағаймызға дән ризамыз.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Түркияның Стамбұл қаласында болдық. Қала Түркия Республикасының туристік орталықтарының және ең дамыған қалаларының бірі. Мәрмәр теңізінің жағалауында, Босфор бұғазының қос жағасында, Азия мен Еуропаны байланыстыратын су торабында орналасқан. Бірнеше миллиондаған тұрғыны, әлемге әйгілі көне Стамбұл университеті бар. Көне қаланың ең көрікті жерлерінде орналасқан тарихи архитектуралық кешендер, тарихи-мәдени ескерткіштері, мешіттері, үлкен кітапханалары көздің жауын алады.

Ең ерекше ғимараттардың бірі – Сұлтанахмет мешіті. Негізінен ғимарат «Көк мешіт» деген атпен танымал. Мешітте 6 мұнара бар. Әулие Софи мұражайы, қыздар мұнарасы «Қыз Кулеси» деген атпен танымал. Кұмқапы – бұл да Стамбұлдың ең танымал жерлерінің бірі. Бұл жерде балық мейрамханасы өте көп. Бұл Стамбұлдың ең романтикалық орындарының бірі болып табылады. ХІІ ғасырда салынған. Көптеген жерлерге бардық, дәл қазір есіме түспей тұр. Уақытымызды өте қызықты және тиімді өткіздік. Біз біле бермейтін көптеген дүниелерді көріп, таңғалған кездеріміз де болды. Сонымен қатар Азия мен Еуропаны бөліп тұрған әйгілі Византия көпірі бар. Әсіресе, түрік сериалдарын көретін адамдар бірден есіне түсіреді (күліп). Біз батыс бөлігінде болдық. Туристер өте көп шоғырланған аймақ. Басқа елдің мәдениетімен танысуға, салыстыруға көп мүмкіндік береді. 

Түрік халқы бізбен тарихы тамырлас, түбі бір туысқан ел болғандықтан ба, бізді жылы, жақсы қарсы алды. Барған уақытымыз Қасиетті Рамазан айына тура келді. Онда қазақ халқы тұратын аудан бар екен. Біздің барғанымызды естіп қонаққа, ауызашарға  шақырды. Түрік адамдары мейірбан, еңбекқор және бөтен, жат жерлік болсақ та бізге сенім білдірді. Мысалы, бірде дүкеннен бәліш сатып алдым. Ақшам ірі болды, ал майда тиыным жетпей тұр. Сатушы кейін әкеп бересің деп қолыма ұстата салды. «Қандай халық!» деп таңғалдым. Ертесі сабақтан келе жатып, қасымдағыларға «Күте тұрыңдаршы, мына дүкенге қарыз едім, төлей салайын», дегенімде, бәрі күліп «Сен Қазақстанда емес, Түркияда қарыз болып жүрсің бе?» деп қалжыңдады. 

Түріктер – жанашыр халық, енді ойлаңыз, бірнеше миллиондаған халқы бар елде оқуға түсу, студент атану – лкен мәртебе. Студенттерді өте бағалайды, сыйлайды. Оны біз біліп алып, дүкен аралап жүріп ұнаған затымызды сатып аларда студент екенімізді айтып, жеңілдік жасатқан кездеріміз  көп болды. Сонымен қатар түсіністікпен қарайды. Оқытушылар дәріс беруде түсіне алмай отырған жерлердің қазақша баламаларын іздеп, үнемі түсіндіруге тырысты. Сабаққа барлығының белсенді қатысып отырғанын қалайды.

Түсіністікке қатысты тағы бір мысал: соңғы күнімізде Айжан есімді құрбымыз екеуміз тамақтанып алайық дедік. Кафеге кірер алдында ақшамызға лайық (ақшамыздың таусылған шағы) қандай тамаққа тапсырыс беретінімізді ойластырып кірдік. Бірақ сонда да ақшамыз жетпей қалды. Енді не істейміз деп сөмкеміздің түбін қараумен отырмыз. Онда түрік ақшалары қалмағанын білеміз (күліп). Жолға қалдырған азын-аулақ долларлар бар болатын. Даяшы ақшаның таусылғанын түсініп, барын ғана қанағат тұтты. Доллар ұсынсақ, алмады. Екеуміз қатты қуандық. Қарнымыз тоқ, долларымыз қалтамызда (күліп).

Қанша қаражат кеткенін айтпай-ақ қояйын, басқалармен салыстырғанда көбірек жұмсағанымды білемін. Ал киімдеріне келсек, киімдері өте сапалы. Бағасы, сапасы көңілімнен шықты. Біздің елмен салыстырған әлдеқайда арзандау. Себебі онда жеңіл өнеркәсіп (тоқыма, аяқ киім, тігін) өте жақсы дамыған. Олар үйлерінде отырып-ақ бизнес жасай береді екен.

Менің басымнан қызықты оқиғалар көп кезікті. Бірнешеуіне тоқталайын.

Дүкендерде, базарда жүргенімде маған «Қай елден келдің?» деген сұрақ қойып, жауабын күтпей-ақ, артынша өздері жауап беретін. «Қытайдан ба?» дейді. Ал мен Қазақстаннан келгенімді түсіндіріп әлекке түсемін.

Келерде жақсы ұшақпен келмедік. Айжан жолда қарнымыздың  ашатынын сезіп, қалған тамақтарды бір қалтаға салып алды. Айбек деген досымыз оны келемеждеп жүр еді, біраз уақыт өткен соң, сол тамақтарды басқалармен бөлісіп жеуіне тура келді (күліп). Әлгі қалтада үлкенірек ыдыста «шоколад майы» болатын. Сол май бізбен бірге ұшты. Жол ортасында қарнымыз ашты. Тамақ қымбат, ақша жетіңкіремейді. Амал жоқтан, нансыз сол майдың өзін жеуге тура келді. Бір кезде қатты шөлдеп, су ішкім келді (Стамбұлда 45 теңгенің суын алмай) ұшақта 3 долларға (450 теңгеге) сатып алғаным әлі есімнен кетпейді (күліп). 

Біз, қазақтар шайды жақсы ішеміз деп ойлаушы едім, бірақ түрік халықтарының кішірек ыдысқа толтырып  ішетін қызыл күрең шайларын ішіп көріп, олай емес деген ой түйдім.  Дәмі өте ащы немесе біз олай ішіп үйренбегендіктен бе, әйтеуір қолымызды, ерінімізді күйдірген кездер болды.

Шетелге шығып, елмен, жермен танысып білудің пайдасы көп. Біліміңді жетілдіресің және көзқарасыңа, ойыңа әсер етеді. Түрік елі қазақтарды жақсы қарсы алады. Егер түрік еліне барудың сәті түсіп жатса, ондай мүмкіндіктен айырылмас едім, тағы барар едім. 

Алайда, ол мемлекетте өмір сүре алмасымды білемін. Онда тек оқуға және демалуға болады деп ойлаймын. Ары кетсе бірнеше жыл (егер оқысам). Алған білімімді, тәжірибемді  өз елімде бөлісіп үйреткенге не жетсін! Өз жерім, Отаным барлық елден қымбаттырақ. Осындай кең байтақ жерде, дархан, кең пейіл елде туылғаныма өте қуаныштымын!

Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Шолпан Сыдық

Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері

Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері

Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері

Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері