Менің Еуропадағы күндерім

Менің Еуропадағы күндерім

Әлемтанудың бүгінгі кейіпкері – Құралай Ахмет есімді ару қыздарыңыз. Құралайдың қызықты әңгімелері сіздің көңіліңізден шығатындығына сеніміміз мол.

Сәлем, достар! Салем, Массагеттің сүйікті оқырмандары! Бүгін сіздермен Еуропадағы саяхат барысында алған әсерлеріммен бөліссем деймін. Мен жүрген жолдармен жүрген болсаңыз, ойыңызды қоса отырыңыз!

Маған биыл Еуропаға бару бақыты бұйырды. Әрине, Еуропаға бару бұрын, тіпті түсіме де кіріп-шықпайтын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жан-жақты халықаралық байланыстары арқасында ҚазҰУ магистранттарының шет елдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тәжірибеден өтулеріне толық мүмкіндік берілді. Соның арқасында Нидерландының Утрехт қаласында 10 күндік курс оқуға шақырту алдық. Барудағы бірінші мақсатымыз осы болса, екіншісі Еуропаға барып тұрып, неге басқа елдерді көрмеске деген ой болды. Оқудың он күндік ақшасы, жатын орны мен барып-келу билетін университет өзі төлейді. «Не тратьте деньги на одежду... Тратьте деньги на путешествия... Какая разница, сколько лет вашим кедам, если вы гуляете в них по Парижу...» деген бір әдемі сөз бар емес пе, оқудың басталуынан 12 күн бұрын ерте ұшып, топтас қыздар болып Еуро-тур жасаймыз деп шештік.

Саяхаттың бірінші бағыты – арман қала, махаббат қаласы Париж болды. Ұшағымыз Алматы-Амстердам бағытында болғандықтан, бірінші Амстердамға келдік. Бұл – біз көрген Еуропаның бірінші қаласы. Әуежайларының өзі біздікінен он есе үлкен шығар.

Нидерландықтардың өзі бір ерекше әсер қалдырды: бойлары ұзын, сарыдан келген, денелі екен. Білесіз бе, біздер қасында шынымен де қытайлар сияқты көрінеміз. Тілдері неміс тілінің «жұмсақ» түрі сияқты естіледі. Әуежайдан Парижге электричкамен Бельгияның Брюссель қаласы арқылы баратын болдық. Брюссельде бір сағат уақытымыз болғандықтан тамақтануға шықтық. Қазақтар кешігудің шебері ғой, Парижге баратын электричкамызға келсек, жүргелі жатыр. Бізді кіргізбей қойды, сондағы кешіккеніміз – 2 минут. Мұнда тек уақытпен жүру керектігін өзімізге түйіп алдық. 

Бельгия, Брюссель. Алдарыңызда электричкадан қалып қойған «қазақтар»:

Парижде екі күн болдық. Қаланы туристерге арналған екі қабатты автобуспен араладық. Өзіме жалпы Еуропа ішінде ерекше ұнағаны осы Париж болды.

Ерекше сәулет стилімен салынған ғимараттары көздің жауын алады. Жол бойы көшелердің екі жағына кезек-кезек таңғалып қараумен болдық. Ішімнен: «Қанша жылдық тарихы бар, бұл жерде тек кинодан ғана көрген қаншама тарихи оқиғалар болған. Мен сол жерлерді басып келе жатырмын ба? Шынымен бе..?» деп ойлап, Париж қаласында жүргеніме сенер емеспін.

Қазіргі таңда биіктігі бойынша әлемде 5-орында тұрған әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы, Салтанат аркасы, Лувр мұражайы, Нотр-Дам соборы мен тағы да басқа әсем ғимараттары мен көрікті жерлерін араладық.

Сена өзенінің өзі бір бөлек. Өзен көпірлерінің әрқайсысының өзінің аты мен тарихы бар. Тағы бір байқағанымыз, мүгедек жандарға арналған ғимараттар көп екен.

Мұнда бізді сырт келбетімізден бе, әлде қолымызда ұстап жүрген туымыздан ба «О, Астана» деп таныды. Туристер ең көп келетін қала және қара нәсілділер де көп жиналған қала сияқты. Айтпақшы қара нәсілділерді ұнатпайтыны бекер емес екен. Сондай-ақ, «ғашықтар қаласы» атанғаны бекер емес екен, қол ұстасқан ғашықтар, тойларын осында өткізіп жатқан жас жұбайлар қаншама? Эээххх... Айта берсең сөз көп! Көзбен көру керек сияқты.

Айтпақшы, мұнда шопинг жасаудың қажеті жоқ, себебі Париж – ең қымбат қалалардың бірі. Тек естелікке иіс суларынан алсаңыздар болады.

Парижден кейінгі екі күндікті "сәннің отаны" саналатын Италияның Милан қаласына арнадық. Парижден кейінгі әсерді бұл жақтан бірден байқай қоймадық. Милан соборы, Виктор Эммануил II галереясы, Ла Скала сынды көрікті жерлерін көрдік.

Қызығы, қала тұрғындары терезелерін күндіз де, түнде де күн түспейтіндей етіп қымтап тастайды екен. Тастап кеткен қала сияқты көрінеді бір жағынан. Мұнда бізді қуантқан нәрсе, ол туымыздың қала орталығындағы аллеядан орын алып, көкте желбіреп тұрғаны. ЭКСПО 2015 жыл Миланда өтеді, бұйырса оған біз де қатысамыз.

Одан кейін «мәңгі қала» атанған Римге жол тарттық. Римге бес күнімізді арнадық, бірақ қаланың әдемі жерлерін аралап тауысуға уақыт жетпей қалды. Қаладағы жәдігерлердің ұзын санын ешкім де анық айта алмас.

Колизейден бастап, Әулие Петр Соборы, Венеция сарайы, Сикст капелласы, Капитолий Консерваторлар сарайы, Рим форумы, Апий жолы, Тревисубұрқағы, Әулие Каллиста Катакомбасы, Испания алаңы, Пантеон, Әулие періште қамалы сияқты ғимараттардың әрқайсысы бір төбе.

Тарихи мұражайларына да кіріп үлгердік. Сондай-ақ, Римге барған адам Ватикан мемлекетіне соқпай кетпейтіні белгілі ғой, оны да тамашаладық.

Колизейге тоқталсақ, бұл расында да қалай асқақтатып айтса да, соған тұратындай ғажайып ғимарат екен. Амфитеатрдың ұзындығы 188 метр, ені 156 метр, сыртқы қабырғасының биіктігі – 48 метр. Айтпақшы, Колизейге кіру бағасы еуропалықтарға 7 еуро болса, азиялықтарға 12 еуро. Осы Колизейге кіру кезегінде тұрғанда бір жігіт өзінен-өзі келіп, «Оооо, Борат! Ооо Қазақстан!» демесі бар ма?! Борат менің сүйікті қаһарманым деп қояды. Біз оған бәрі өтірік, киноның бізге тән емес екенін жайлап түсіндірдік.

Тағы да бір кісіге Қазақстаннан екенімізді айттық және Қазақстанды несімен танисыз десек, Әблязовтарыңызбен танимын дейді. Ал кейбіреулер Қазақстан әлі Ресейдің боданы деп біледі екен. Әрине барлығы да осындай ойларда емес, жақсы ойлайтындары да бар. Назарбаев, Астана, Алматы деген ассоциациялармен байланыстырғандар болды.

Сондай-ақ, Римнен шопинг жасауға болады. Аяқ-киім мен сөмке жағы мықты екені бірден байқалады. Қаладағы дүкендердің жұмыс уақыты да қызық. 9.00-12.00 дейін жұмыс, 12.00-16.00 аралығы үзіліс. Осы уақытта қала тым-тырыс. Барлығы үйлеріне демалуға кететін сияқты. 16.00-20.00 аралығы жұмыс. Түнгі Рим тіпті керемет. Көшелерінен туристер ағылып жатады.

Келесі саяхатымыз Нидерландының Утрехт қаласы болды. Бұл қалада он күндік курс оқыдық. Қаланың ерекшелігі бұнда барлығы да велосипедпен жүреді. Велосипедін кәдімгідей машина сияқты көреді. Машина тіпті жоқтың қасы.

Велосипедтер кептелісі:

Голландтықтардың елі ірімшік жасау мен гүл өсіру жағынан танымал болғандықтан, ірімшік жасайтын зауыттары мен ботаникалық бақтарын араладық. Бұл қала да бізге өзіндік әсер қалдырды. Басқа елдің магистранттарымен тәжірибе алмасып, ой бөлістік. Біздегі білім, ғылым да басқалардікінен кем түспейтініне көзіміз жетті.

Соңғы саяхатымызды Амстердаммен аяқтадық. Қала еркіндігімен ерекшеленді. Бұл қаланы «кіші Венеция» дейтін көрінеді. Көп бөлігі судың үстінде орналасқандықтан, қайықпен араладық. Әдемі қала.

Амстердамға бара қалсаңыз, қала орталығындағы Дам алаңында орналасқан Мадам Тюссо мұражайына соғуды ұмытпаңыз. Кіру билеті 22 еуро. Мұнда әлемнің атақты деген мемлекеттік, саяси қызметкерлері мен актер-актрисаларының дәлме-дәл көшірме фигуралары жасалған. Обамамен суретке түсу бөлек 10 еуро. Мұнда қазақстандық тұлғаның бар болғандығы қатты қуантты. Ол – еліміздің атынан шыққан атақты велоспортшы Ленс Армстронг.

Тағы да айта кететін бір жайт, мұнда барлық нәрсеге рұқсат берілген. Адамды есінен айыратын шөптің түр-түрі еркін сатыла береді. Тіпті шөптің мұндай түрлеріне арналған мұражайлары да бар екен. Көшеде еркін шегіп тұра береді, бірақ бұзақылық жасап, мас боп есінен айырылып жатқан адам көрмедік. Барлығы мәдениетті.  Қалаға шетелдерден келушілер өте көп.

Жалпы түйгенім, еуропалықтар өте мәдениетті, қарапайым, өте мейірімді, қандай нәрсе сұрай қалсаң да барлығы көмектесуге асығады. Бірақ олардың да «бірағы» бар, қазаққа тән үлкенге құрмет, кішіге ізет деген онда байқалмайды. Олар барлығын бірдей көреді. Мысалы делік, метрода, жалпы қоғамдық көліктерде аяғы ауыр әйелдерге, егде кісілерге орын беру дегеннен ада. Олар да тұра береді, мыналар да отыра береді.

Жалпы біз барған елдерде барлығы да қымбат. Бірақ киімдері өте сапалы. Тамақтары да қымбат, оның үстіне халал тамақ табу қиындау. Жолақысы 300-400 теңге аралығында. Шопинг жасамаймын, тек ел аралап қыдырамын десеңіздер, 300-400 мың теңге жетеді.

Еуропаға бару бақыты бұйырғанына шексіз ризамын. Жер көру, ел көрумен өзіме көптеген жақсы нәрселерді түйдім. Басқа елдің мәдениетін, тілін, ділін, тұрмыс-тіршілігін білу, сонымен өмір сүру қызық әрі пайдалы. Ол мемлекетте өмір сүргің келді ме? деген сұраққа, әрине, өмір сүргім келді, осында қалсам ғой деген кездерім болды. Расында, барлық жағдай жасалған. Еуропадағы қазақтардың елге келгісі келмейтіндейі бар екен. Бірақ қанша керемет, қанша мәдениетті болса да, қанша жағдай жасалса да өз еліңдей болмайды ғой.

Мүмкіндік болса тағы да барып қайту жоспарымда бар, ендігі жазда басқа елдегі саяхатыммен бөлісетін боламын деген үлкен сенімдемін!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Құралай Ахмет