- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Қаладағы жазғы демалыс...
Қаладағы жазғы демалыс
Көктем туысымен-ақ көптен бері күтіп жүрген жоспарға толы жаз мезгілінің әне-міне дегенше екінші айы да сырғып барады. Ал сіз әлі үйден бір қадым да аттап баса алмай, жұмысқа жіпсіз байланып отырған боларсыз?.. Сонда да көңіл күйді түсірмеңіз. Шетел асып, шекара бұзбай-ақ демалысты қалада да қызықты етіп өткізуге болады. Бәрі де өз қолыңызда екендігін естен шығарып алмағайсыз. Иә, шамы жарқырап, шаңы бұрқырап жататын шулы қаладан қашып кеткіңіз келетіні түсінікті. Әйткенмен жұмыс пен жағдайдың реті келмей қаланың көпқабатты үйлеріне қамалып отыра бермеңіз. Демалыста шетел асып, жағажайда жатып күнге күю міндет емес. Бастысы - демалыс!
Бұрын аттап басып көрмеген орындарға бас сұғыңыз. Өзіңіз секілді жұмыстан бас алмай жүрген досыңызды не қандай да бір танысыңызды жаныңызға серік етіңіз. Сіз білмейтін қаладағы көрнекі орындарды, бәлкім, ол білер. Немесе, керісінше. Сіз бұрын барған жермен оны да таныстырыңыз. Өзіңіз оқыған мектепті немесе есте ерекше сақталған жерлерде болыңыздар. Егер қалтаңыз көтеріп жатса, қалада жаңадан ашылған орындарға да барыңыздар.
Әр күнге алдын-ала жоспар құрыңыз. Мәселен, "Бүгін кинотеатрға барамын" немесе "Ертең саябақта серуендеймін" дегендей ойда жүріңіз. Мұнымен жоспар соңына жетпек емес. Қалада уақытты қызықты өткізетін орындар жетіп артылады. Айтпақшы, сұлулық салондары мен сауда орталықтары да әйелдер қауымы үшін таптырмайтын демалыс. Бұл да уақыт пен қаржыны талап етеді. Жаңа киім алып, келбетін жаңартудан ләззат алатын нәзік жандыларды қаланың түкпір-түкпіріндегі әсемдік үйлері есіктерін айқара ашып күтіп отыр.
Мәдени шараларды да елеусіз қалдырмаңыз. Сарайлар мен орталықтарда дүркіреп өтіп жатқан концерттік шаралар мен ойын-сауықтық бағдарламаларға да қатысыңыз. Алаңда доп қуып жүрген отандық футболшыларға жанкүйерлік етіп, өзіңіз де достарыңызбен жиналып осындай ойынның түбін түсіріңіз.
Айтпақшы, демалыстың қамымен бас қатырып жүріп, жаттығу залдарынан жатырқап қалмаңыз. Спорттың да демалыс екендігін салауатты өмір салтын құптайтын кез келген жан білуге тиіс. Күнделікті қайталап жүрген қарапайым да, үйреншікті жаттығуларыңызды жаңартуға тырысыңыз. Тіпті оларды күрделендіруге де кеңес беруші едік.
Дәмханадан тамақтанып тұрыңыз. Әрине, үйдегі ас үйде бұрқыратып тұрып тамақ жасап жегеннің ләззаты бөлек. Әйткенмен күн сайын үйдің тамағын жеуден де жалығатын кез келеді. Мұндайда тағамы ерекше дәмді дәмханалардың есігін ашыңыз. Бұрын жеп көрмеген тағамға тапсырыс беріп, асқазанды жаңа дәммен "таныстырыңыз". Ашық аспан астында отырып, кәуап жеңіз. Енді мұны "демалыс емес" деп айтып көріңіз...
Қаланың түнінен ләззат алып, шамы жарқыраған қала көшелерінде серуен құрыңыз. Жаныңыздан жақыныңызды тастамаңыз. Ол сізбен сұхбат құрып көңіліңізді аулап жүрсе, тіпті керемет. Жалғыз қалуды құп көрсеңіз, оның да зияны жоқ. Шулы қаладан да тыныштық пен жайлылық табуға болады.
Суретке түсіңіз. Әр бас сұққан орында естелік үшін суретке түсіп жүріңіз. Бұл да сізге қуаныш сыйлары анық. Тек әр күнді бағалап, содан ләззат алуға тырысу керек екендігін ұмтыпасаңыз болғаны.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: facebook.com
А. Әбілхан