Жер шарының құны қанша?

Жер шарының құны қанша?
Фото: Depositphotos / titoOnz

Біздің планета жайлы қызық дерек көп. Алғашқыларын мектептегі география пәнінен оқып білсек, кейін интернеттен талай қызықты оқитын болдық. Соның арасындағы мына бір зерттеуге не дейсіз?

Жуырда Санта-Круздағы (АҚШ) Калифорния университетінің ғалымы Грег Лафлин жер шарының құнын анықтайтын жаңа формула жасап шығыпты. Ол Жер шарын ғана емес, өзге планеталарды да бағалаған. Мысалы, Марс ғаламшарын 16 мың доллар деп бағаласа, ал Венераны бар болғаны 1 цент тұрады деп есептеген. Ал Жер шарының құны ше?

Астрономия және астрофизика бойынша профессордың көмекшісі Грег Лафлин формуласы бойынша Жердің құны 5 квадриллион доллар болған. Бұл – ең қымбат планета. Себебі өмір сүру мүмкіндігі бар мекен.

Ғалым планеталардың құнын анықтау үшін өмір сүру мүмкіндігі, салмағы, температура, уақыты мен өзге де факторларды назарға алған. Барлығы 1200-дей планетаның бағасын есептеп шыққан. Оның көбі қатал климатына байланысты жоғары бағаланбаған. Ғалымның айтуынша, құны 80 миллион доллардан төмені адамдардың өмір сүруі мүмкін емес планеталар екен.

"Бұл формула Жер шарының қаншалықты құнды екенін аңғартады. Бұл оны бағасын біліп, сақтауымызға септігін тигізеді деп ойлаймын", - дейді Лафлин.

Жер шарының құны сату үшін емес, оның бағасын білу, табиғатты аялау үшін жасалған.  Тіпті мұндай көлемдегі қаржы біреудің қолында бола қоюы да екіталай. 5 квадриллион доллар деген – әлемнің 100 жылдағы жалпы ішкі өніміне тең.

Н. Үсенова