2020 жылдың 1 наурызынан бастап Люксембург елінде қоғамдық көліктер (теміржол, автобус пен трамвай) қызметі тегін болмақ. Бұл туралы елдегі қоғаммен жұмыс министрі Франсуа Бауш хабарлады, - деп жазады Deutsche Welle.
Қоғамдық көлікті тегін етіп ел билігі автокөлік кептелісі мәселесін шешпек. Себебі Люксембург әлемдегі ең үлкен кептеліс мәселесі бар елге жатады. 2016 жылғы зерттеулер қорытындысы бойынша, Люксембургтің астанасында кептеліс шамамен 33 сағатқа созылған. Бұл осы жерге көрші елдерден жұмыс іздеп келетіндер санының артуымен байланысты. Тұрақты 600 мыңға жуық адам тұрса, Франция, Бельгия мен Германиядан жұмысқа күнделікті 200 мың адам шекара өтіп келеді екен.
Люксембургте жұмысшыларға төленетін еңбекақы да жоғары. 2016 жылғы статистика бойынша ең төменгі жалақы 2190 долларды құраған.
Қоғамдық көліктің тегін болуы үшін ел жылына қосымша 40 миллион еуро шығындайды. Әйткенмен ел басшылығы мұны маңызы жоғары жоба деп бағалап отыр. Себебі тегін жүруді қамтамасыз ету арқылы кептеліс мәселесі ғана шешіліп қоймай, экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ.
Люксембург ұлы герцогтігі — Батыс Еуропадағы мемлекет. Әкімшілік жағынан 3 округке бөлінеді. Ресми тілдері — француз, неміс, люксембург тілдері. Халқының көпшілігі христиан — католиктер. Жоғарғы заң шығарушы органы — парламент (депутаттар палатасы). Ақша бірлігі — евро. Люксембург — өнеркәсібі дамыған ел. Электроника өндірісі, химия өнеркәсібі, цемент, тоқыма кәсіпорындары бар. Экспортқа химия, металлургия өнімдерін, тағамдар мен киім-кешек шығарады, сырттан астық, металл, мұнай, көмір, т.б. әкеледі. Мал, егін, жүзім шаруашылығы дамыған. Жыл сайын елге келетін туристер саны да көп. Өзге де қызықты деректер топтамасы жайлы айта отырайық.
► Люксембург - тек қана Еуропадағы емес, бүкіл әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Оның жер көлемі бар болғаны 2600 шаршы шақырым ғана.
► Ел атауы неміс тілі диалекті бойынша пайда болған. "Lucilinburch" дегенді аударатын болсақ, "шағын қала" деген мағынаны білдіреді.
► Люксембургтің халық саны - 576 000 адам ғана. Оның көпшілігі ел астанасы Люксембургте тұрады.
► Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы еркектерде - 77.6 жыл, ал әйелдерде 82.7 жыл. Бұл - әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
► Люксембург әлі күнге дейін жан басына шаққандағы ЖІӨ жөнінен әлемдегі бірінші орынын сақтап келеді. Бұл Еуропадағы көрсеткіштен 3 есе жоғары!
► Автокөлік және теміржолдың өте тығыз орналасқанына қарамастан, Люксембургтің үштен бір бөлігін орман алып жатыр. Елдің сауаттылық деңгейі 100 %, білім беру сапасы әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде.
► Маңызды тарихи көрікті жерлерінің өте көп болуының арқасында ел астанасы Люксембург түгелімен ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.
► Люксембургте тарихи қорғандар орны көп. Зәулім сарайлар сақталып қалмаса да, жер асты жолдары әлі күнге дейін бұзылмаған. Елдегі жартастардан темірмен тұмшаланған терезелерді айқын байқауға болады.