- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Жауынгер халықтар достығы:...
Жауынгер халықтар достығы: Моңғолия мен Қазақстан
Тарихтың қойнауына сіңген өткен дәуірлерде жоңғар деген ұлт, қолдан жасалған қырғындар, аштық, қудалау, ату деген аспанға қара бұлт үйірген қанды қырғын оқиғалар болмағанда, қазақтың саны бүгінде кемі 50 миллионды шамалайтын еді. Өткенді өзгертіп, тарихты бұрмалай алмаймыз. Өйткені, уақыт машинасы қазақтың кей аңыз-әңгімелері сияқты қиялдан туған дүние. Елдегі халық саны биыл 18 миллионға жетті. Шамамен оның 12 миллионы – қазақтар. Ал, әлемнің 44 елінде өмір сүріп жатқан 4 миллион қандасты қоса есептегенде, жердің жүзінде үш жүзден тараған ұрпақ – 16 миллион.
Қиырдағы қазақтың басым бөлігі Алтайдың маңайында шоғырланған. Аспан асты елінде кемінде 1,4 миллион қазақы қаны тулаған ұлтымыздың өкілдері бар. Ал, хан Шыңғыстың бүгінгі елінде Алтайдың баурайына төрт түлікті өргізіп, қодастан өнім көріп отырған 150 мың қазақ тіршілік етіп жатыр. Моңғолиядағы қазақтар жаһандану заманында өзге елде өмір сүре жүріп, ұлттың көне дәстүрін, ана тілді қастерлеп сақтап келе жатқаны ұлтқа деген үлкен құрметті білдіреді. Қазақтар моңғол еліне тұңғыш қоныс аударғаннан бері арада бір жарым ғасыр уақыт өтті. Олардың бұл елге көшіп баруының өзіндік тарихы, санада жатталып, атадан балаға айтылып келе жатқан өшпес оқиғалар бар.
Біздің ұлттың өкілдері моңғол топырағына 1860 жылдан бастап қоныстана бастады. Қазақтар Моңғолияның батысына үдере көшуінің басты себебі Шыңжаңдағы мал өрісі тарылып, мал шарушылығына жайлы қоныстың жетіспеуі. Сонымен қатар, осы кезеңде Моңғолияның батысы шүршіттерден азат етіліп, иен дала қараусыз жатты. Орайлы сәтті оңтайлы пайдаланған аз ғана қазақ ауылы малын өргізіп моңғол жеріне кірді. Моңғолияға өткен қазақтардың басым көпшілігі – кезінде қазақ жерінен Қытайға көшкен қандастар. Сонымен, жайлы қоныс болған бұл топырақта қазақтың саны да, мал басы да көбейе бастады. 1931 жылдан бастап жергілікті қазақ азаматтары Моңғолияда ұлттық аймақ құру мәселесін алға тартып, билікке есепсіз өтініш-арыздар жолдай бастады. Моңғол елінің басшылығы бұл ұсынысты қуаттап, нәтижесінде 1940 жылдың 27 шілдесінде үкімет пен парламенттің біріккен 37 қаулысымен қазақ ұлттық аймағы құрылды. Моңғол тарихында өшпес із қалдырған әйгілі қолбасшы, маршал Х.Чойбалсан аймақ құрылар тұста пікір білдірген: «Қазақ халқын «бага ястан» – (ұсақ сүйектілер), «хасаг» деп кемсітуді тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғолдардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы моңғол мемелекетінде өзінің ұлт тілінде мектебі, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады».
Қобда өзенінің бойында іргесі қаланған Баян-Өлгейде алғашында тек 20 киіз үйдің шаңырағы көтерілді. Кейіннен алғашқы жиырманың артына нөлдер қосыла берді. Бүгінде 90 мыңнан астам қазақ Баян-Өлгейде өмір сүріп жатыр. «Баян-Өлгей» деген атау моңғол тілінен аударғанда «бай өлке» деген мағынаны білдіреді. Бай өлкеде ұлы көшпенділердің ізін жалғап, аттың жалында, түйенің қомында жүріп күн кешкен моңғол қазақтары күні бүгінге дейін ата кәсіп мал шаруашылығынан алыстаған емес. Бай өлкедегі төрт түлік бүгінде 1 жарым миллионнан асады.
ІХ ғасырдан бүгінгі күнге жеткен аз-кем әңгіме: «Қайда барсаң Қорқыттың көрі». ХХ ғасырдың да зұлматы сол. Қайда барсаң да соғыс. Алтайдың арғы жағындағы қазақ та сәл болса да бұл өрттің жалынына оранды. Аждаһадай ақырған Қытай басшылығы 1940 жылдың кезінде бейбіт халықты қыспаққа алып, өз жеріндегі өзге ұлт өкілінің мазасын қашырды. Халықтың көз жасы көл болып, қаны сел болып ақты. Қара халық қамқорлық көрсетер, жөн сілтер аға батырын іздеді. Қазақтың соңғы батыры осы кезеңде жасындай жарқырап, қазақтың азаттығы жолында үш бірдей елдің арасында соғыс жүргізді. Бұл Қытайдағы қазақ ауылы Көктоғайдан шыққан Оспан батыр еді. Оспан Сіләмұлы соңынан ергенді мергендігімен тәнті еткен Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы. Бұл тұлға бертінде өмір сүрсе де, ол жайлы жазылған деректер, жазбалар мен естеліктер аз болғандықтан, батырдың қыр-сыры толықтай зерттелген жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстың тұтанған шағында көтерілген Оспан әскерін үш елдің басшылығы бірде қолдап, бірде басып-жаншуға күш салған. Десе де, Оспан батыр әскерінің негізгі күшін Қытай губернаторы Шың Шы Саймен соғысуға дайындаған. Саяси жағдайларға байланысты Сталин мен моңғол басшысы Чойбалсан Оспанды қолдауда мың құбылып, түрлі қулықты да ұйымдастырған. Осындай күрес кезінде Сталиннің тапсырмасымен Чойбалсан Оспанның әскерін мұздай қарумен қамтамасыз еткен деген де деректер бар.
Чойбалсан қазақтың салт-дәстүрін, ұлттың ұлы қасиеттерін тізбектеп айтып, қазақтардың негізгі ерекшеліктері жайлы пікір қалдырған. Айтқандарын тілмаштарға түртіп алуын да талап еткен екен. Сонымен, Чойбалсан айтқан қазақтар жайлы 10 пікір.
– Қазақ халқы ежелден еңбек сүйген халық. Олар қолға алған ісін тындырмай қоймайды;
– Қазақ халқы талапкер, не нәрсені тез үйренеді, тез игереді. Оқуға барған қазақ азаматтары бір-екі жылда моңғол тілі мен жазуын үйреніп, моңғол тілінде оқып білім алып шығып жатыр. Мына отырған Қаби, Жеңісхан, Әжікендер - бұған дәлел;
– Қазақ халқы мал шаруашылығын, өнімін жақсы пайдаланып келе жатқан халық. Олар тек малдың сүтімен көп түрлі тағамдар жасайтынын мен көзіммен көрдім;
– Қазақ халқы ою-өрнекке, тоқымаға, кестеге шебер екен. Қай үйге барсаң да әшекейлі түскиіз, алаша басқұр тұрады. Бұл – дамыта беретін өнер;
– Қазақ халқы – тазалықты мирас етіп келе жатқан халық. Қандай үйге барсаң да қонаққа арналған көрпе-жастық жинаулы тұрады. Үй іштері жинақы, ыдыс аяқтары таза, қол жумай тамақ ішпейді, қолдың майын, суын сүртуге арналған орамал бөлек-бөлек тұрады;
– Қазақ халқы – жасқанбайтын батыл, ержүрек халық. Мен қазақтардың өлген адамдарының бейітін көп жерден көрдім. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр;
– Қазақ халқы – көп жасайтын халық. Олар темекі тартуды, арақ ішуді әдет етпеген. Тамақты баптап ішеді. Қазақтар біреу-екеу болса да, бие байлап, қымыз ішеді. Қымызды жақсы баптайды;
– Жасы үлкенді құрметтеу қазақ халқының жақсы дәстүрінің бірі. Олар қарт адамдарды аттан түсіріп, атын байлайды, есік ашып үйге кіргізеді, төрге отырғызады, тамақты үлкен адамдардан бастап ішеді;
– Қазақ халқында аңшылық – кәсіптің бір саласына айналған. Бүркіт салу арқылы көп табыс табады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан кәсіп;
– Қазақ – сауықшыл халық. Оларда айтыс, өлең, домбыра тарту, сыбызғы шерту машыққа айналған. Біз мұны жаңа дәуірге сай мейлінше дамытуымыз керек;
– Мен қазақ халқының бұл ерекшеліктерін көзіммен көрдім. Мұның бәрі жаңа өмірге сай дамыта беруге болатын жақсы дәстүр екенін естеріңнен шығармаңдар.
Моңғолия елінің нығайған мемлекет болуына атсалысқан қазақ ұлтының ұландары да болған. Бүгінгі Ұланбатыр 1921 жылы ел астанасы болған шағында, жергілікті моңғолдар қаланың атауын өзгертуді жолға қояды. Ол уақытқа дейін Өргөө, Их Хүрээ, Да Хүрээ, Нийслэл Хүре атанған қалаға жаңа атауды қазақтың біртуар азаматы, көркем әдебиетте «Қырғызбаев» атанған Тұрар Рысқұлов ұсынған. 1924 жылы Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілі, басшысы лауазымына тағайындалған Рысқұлов Моңғолия елінің көктегенін көкседі. Қала атауына байланысты моңғолдар Шыңғыс ханның құрметіне «Батыр Хото», қазақшаласақ «Батырдың қаласы» деген атауды ұсынған. Тұрар Рысқұлов қазақша да мағынасы бар осы «Батыр» сөзіне «Ұлан» сөзін қыстырып, моңғолша «Қызыл батыр» деген мағынаны білдіретін жаңа астананың атауын қойды.
Бұл дөңгелек дүниеде ағаш уықты, киіз туырлықты көшпелі 3 ұлт бар екен. Қазақ, моңғол, қырғыз. Ат үстінде күндіз шалқып, түнде қалғып күн кешкен моңғолдар сөзсіз жауынгер халық. Бүгінде Халықаралық бәсекелерде күрес түрлерінен алдына қарсылас шығармайтын моңғолдар жоғарыда жазылған сөздерге дәлел. Біздің ел төл спортымыз қазақ күресін жандандырып «Қазақстан барысы» турнирін жоғары деңгейде ұйымдастырып жүр. Осы ұлттық брендімізді әлемге насихаттау жолында Халықаралық, құрлық аралық турнирлер жыл сайын өткізілуде. Осы бәсекеге белсенді қатысатын моңғол ағайындар тіпті, әр жыл сайын жүлделі орынға да иелік етіп жүр. Күрес өнері моңғолдардың қанына сіңген асыл қасиеттің бір сынығы. Тіпті, біздің елдің намысын қорғап, төрт жылдықта көк байрақты желбіреткен Отгонцецег Галбадрахтың тіл сындырар есімін қалың қазақ бүгінде жатқа соғып жүр. «Галбадрах – қазақтың қоржынына олжа салған батыр қыз деп» мақтауын асырып жүргендер көп. Олимпиада тарихына көз жүгіртер болсақ, кезінде моңғол елінің мерейін асқақтатқан қазақтың қызы да бар. Моңғол спортының тарихында тұңғыш болып Олимпиада ойынына қатысқан әйел – Алданыш Рамазанқызы.
1964 жылы Токиода өткен Олимпиадада Алданыш апамыз жеңіл атлетика спорты бойынша бәсекеге түскен. Ел ішінде бірнеше рекорд орнатып, он екі дүркін жеңімпаз атанған қазақ қызы Моңғолия жеңіл атлетикасының «ханшасы» атанған. Бір қызықтысы, қуантарлығы, Алданыш Рамазанқызының 800 метр қашықтыққа жүгіруде орнатқан рекордын 1984 жылы Күшай Құлыбекқызы атты тағы бір қазақ қызы бұзған екен.
Моңғолия мен Қазақстанның тілі, діні, ділі ұқсас болмауы мүмкін. Бірақ, екі ел де ұлы даланың қожасы болған көшпенділердің жалғасы. Қазақ пен моңғол арасындағы байырғы байланысты дөп түсіп, ақ-қарасын ажыра айту қиын. Өйткені, жарты әлемнің қожайыны болған даңқты билеуші Шыңғыс ханның жұмбағы шешілмей тұр. Бүгінде екі ел достық қарым-қатынасы нығайған Азияның әлемге танымал мемлекеттерінің қатарында. Моңғолиядағы қазақтар осы уақытқа дейін моңғол басшылығынан бір де бір қысым көрмегендерін айтып ағынан жарылады. Қандастарымызға бауырмалдықпен қамқор болған Моңғолия елінің халқына, еліне қазақ елі қашанда сыйластықпен, құрметпен қарайды.
А. Қажиев