Су тасқыны кезінде қандай шара қолдану керек?

Су тасқыны кезінде қандай шара қолдану керек?
Фото: alashainasy.kz

Табиғат апаттары айтып келмейді. Бірі қарапайым жаңбыр суынан, бірі қар көшкіні, бірі сел болып, бірі жер сілкінісі түрінде кездесуі мүмкін. Бұл табиғи құбылыс және оның жер бетінде орын алып тұруы заңдылық. Әрбір саланың мамандары мен ғалымдары, зерттеу орталықтары бар. Аталған орталықтар алдын ала болатын қауіпті болжап, халыққа ескерту жасау керек.

Бір айдан астап уақытқа созылған Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде болып жатқан су тасқыны жаңбыр суының молайып кетуінен, қардың тез еріп, еріндісі көлемі үлкен суға айналуынан болып отыр. Ел ішінде болып жатқан бұл жағдайлар басқа өңірде де болуы әбден мүмкін. Себебі жалпы ғаламдық жылу өз әсерін 2012 жылдан бері қайталап келе жатыр.

Жалпы сел және су тасқыны кезінде қандай сақтық шараларын жасау керек?

Су тасқыны – таулы өңірлерде, сай-салаларда жаңбыр суы мен қаң суынан жиналып пайда болатын көлемі үлкен су. Оның жылдамдығы соншалық, жолындағы ауыр тас пен үйлерді қиратып кете алады. Еліміздің солтүстік өңірінде болып жатқан жағдай сөзімізге дәлел бола алады.

Қауіптің боларын алдын ала сезген жағдайда үй ішіндегі техникалық заттар мен токқа қосылған барлық затты қуат көзінен ажыратып, су өтпейтін жерге қойыңыз;

Есік-терезені қымтап жауып, ең құнды деген құжаттарды өзіңізбен алып жүріңіз;

Барынша апат болатын аймақтан қандай жағдай болмасын алыс жүруге және ерте бастан қам жасап, көшуге тырысыңыз;

Ал егер су тасқыны бола қалған жағдайда биік жерге шығуға тырысыңыз. Су көлемі сізге жетпейтініне көз жеткізіңіз. Құтқарушылар келгенге дейін көзге көрінетін жерде және қауіпсіз жерде болыңыз. Бұл сізді тауып алуға септігін тигізеді.

Малдың емес жанның жайын ойлаңыз. Бас аман, ден сау болса дүние табылары анық.

Өзіңізбен құнды құжаттан бөлек, бір киер киміңізді, уақытша ішпек-жемегіңізді және жылы көрпеше алып алыңыз.

Суға ағып кетуі қауіпті болған жағдайда барынша жағаға ұмтылуға тырысыңыз. Тал бұталарын қармап қалуға, ық ретінде алып тастардың үстіне шығуға талпыныңыз. Қалай болғанда да сабыр сақтаңыз.

Суда жүзуге тура келетін жағдай болса барынша сақтықпен барыңыз. Өйткені суық суда 3 минут тұруға болады. Ал арада 5 минут өткен соң ұстама ауруы басталуы мүмкін. Аяқ-қолыңыз тартылып қалмас үшін де абай болыңыз.

Ең соңғы амал су ағысы қатты әрі сіз қармайтын ештеңе болмаған жағдайда, су бетінде қалқуға қауқарлы затты ұстап алыңыз. Бұл уақыт ұтуыңызға және көмек келгенше амалдауға көмектеседі.

Апаттан сақ болыңыз! Ең басты құндылық - өзіңіз екенін ұмытпаңыз!

М. Ақан