Африкадағы ең биік ғимарат Мароккода салынады

Африкадағы ең биік ғимарат Мароккода салынады

Биыл маусым айында Африка құрлығындағы ең биік ғимараттың құрылысы басталады. Оның биіктігі 540 метр болмақ.

Құрылыс жобасын Valode & Piestre компаниясының сәулетшілері қолға алған. Al Noor Tower деп аталатын зәулім кешен Марокконың Касабланка қаласында бой көтереді.

Жаңа ғимараттың сәулетшілерінің айтуынша, 540 саны кездейсоқ таңдалмаған. Бұл Африкадағы 54 мемлекеттің символы іспеттес. Ғимараттың атауы арабшадан «Жарық мұнарасы» деп аударылады. Мұнараның сыртқы дизайны Африкада таралған 1000 тілдің символы іспеттес. Ал ғимараттың 114 қабаттан тұруы Құран Кәрімдегі 114 сүреге байланысты таңдалған екен.

Касабланкадағы «Жарық мұнарасы» – бизнес кешен. Онда 200 бөлмелі қонақ үй, сауда орны, мәжіліс залдары мен арт-галерея болады. Al Noor Tower жобасының құрылысы 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Айта кетелік, қазір бұл құрлықтағы ең биік ғимарат 223 метрлік Carlton Centre кеңсесі саналады. Carlton Centre Оңтүстік Африка Республикасындағы Йоханнесбург қаласында орын тепкен.

Сурет: naked-science.ru

Ж. Өрісбай