Мұз және қар мүсіндерінің фестивалі басталды

Мұз және қар мүсіндерінің фестивалі басталды

Бүгін, яғни, 6 қаңтар күні Қытайдың Харбин қаласында дәстүрлі қар және мұз мүсіндерінің фестивалі басталды. Бұл іс-шара әлемдегі қысқы фестивальдердің ең ірісі саналады және биыл 30-рет ұйымдастырылып отыр.

Әлемнің әрбір бұрышынан жиналған мүсіншілер қар мен мұзды пайдалана отырып шеберліктерін сынға салады. Оңтүстік Корея, Ресей, Израиль елінен өтініш білдірген 200 шебер мүсін жасап қана қоймай, жүзуден де жарысады.

Дәл қазіргі уақытта ауа температурасы минус 30 градусты көрсетіп тұрған Харбин қаласындағы фестивальді ұйымдастыру үшін 10 мың жұмысшы жұмылдырылып, 180 мың куб метр мұз бен 150 мың шаршы метр қар пайдалануға берілген. Сондай-ақ, қалада осы шара үшін 13 алаң, 9 көше, 17 пункт белгіленген екен.

Жыл сайын әртүрлі тақырыпта өткізілетін фестивальдің биылғы жылғы тақырыбы – "Қар, мұзбен бірге 50 жыл" болып отыр. Фестиваль ұйымдастырушылары туризм, сауда, экономика, спорт, мәдениет сынды 5 секция бойынша жұмыс істейді. Фестиваль барысында осы салалармен тығыз байланысты сайыстар өтеді деп күтілуде.

Аталған фестивальдан басқа Тайяндао саябағының қар мүсіндері көрмесінің 26 жылдығы, харбиндік мұз шамдардың 40 жылдығына арналған ойын-сауық іс-шаралары өтеді екен.

Харбин – Қытайдың ең суық қаласы. Бұл жерде Сібірдің желі азынап, ауа температурасы минус он бесті көрсетіп тұратындықтан, мұз сайысын өткізуге өте ыңғайлы болып келеді. Фестиваль ең алғаш рет 1963 жылы ұйымдастырылып, сонан бері үзілмей келеді. Харбин фестивалінен басқа Жапония, Канада, Норвегия қалаларында өткізілетін қар және мұз мүсіндерінің фестивальдері үлкен танымалдылыққа ие болған.

Айта кетейік, осындай ауқымды шараны Қазақстан да қолға алып отыр. Мұның дәлелі – былтырғы жылы Сегіз Көл Park Resort клубы аймағында ұйымдастырылған тұңғыш қазақстандық мұз және қар мүсіндерінің фестивалі. Мүсіндер небәрі 5 күннің ішінде дайындалып, Ресей, Армения сынды елдердің шеберлерінен қатысу туралы өтініш түскен. Ертегі кейіпкерлерінің кереметтей мүсіндері таңғалмасқа қоймайды.


2013 жылдың он бесінші қаңтарында өткен іс-шара көпшіліктің қолдауына ие болғандықтан, ұйымдастырушылар халықаралық деңгейге жеткізу туралы жоспар құрып отыр.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: liveinternet.ru,beway.ru,designinfomarket.ru,a-movies.net,voxpopuli.kz