11 қазан. Бүгін қандай күн?

11 қазан. Бүгін қандай күн?

Бүгін – Халықаралық қыздар күні (International Day of the Girl Child). Біріккен Ұлттар Ұйымының мерекені күнтізбеге енгізудегі басты мақсаты – қыздардың құқықтарын мойындау, әлемдегі барлық қыздар ұшырасатын ауыр мәселелерді шешуге көмек қолын созу.

Мереке әлі тым жас. 2012 жылы алғаш рет атап өтілді және бұл жылы ең өткір проблемаға айналып отырған балалар некесі тақырыбы қозғалған болатын.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шамамен әлемдегі әрбір төртінші қыз 18 жасқа жетпей жатып тұрмыс құрады екен. Оның ішінде үштен бір бөлігі 15 жастан бұрын бойдақтық өмірмен қош айтысады. Дамыған елдердің өзінде өмірге келетін сәбилердің 90 пайызын осы ерте тұрмыс құрған қыздар өмірге әкеліп отыр. Ерте пайда болған жүктілік сәбидің ғана емес, ананың да денсаулығына зиян тигізеді, себебі, бұл жаста қыздардың ағзалары мұндай ауыр үдерістерге дайын емес.

Сондай-ақ, бала некесі адамның негізгі құқықтарын бұзады, олар білім алуын қысыммен тоқтатып жатады. Бүкіләлемдік қыздар күнінің алғашқы жылының осы тақырыпқа арналуы да тегін емес. Осы күн аясында БҰҰ өзінің құрамындағы елдерге неке жасын белгілеу туралы заң шығаруға тапсырма берді және қыз баласының білім алуына жағдай жасап, некеге ерте тұрған әйелдерге көмектесу шараларына назар аударып отыр.

Бүгін – Бүкіләлемдік жұмыртқа күні (World Egg Day). Әлемдегі жұмыртқа, омлет, пісірме, қуырылған жұмыртқа сүйер қауымының барлығы жыл сайын сүйікті тағамдарының күнін қазан айының екінші жұмасында атап өтеді.

Таңғаларлық ештеңе жоқ. Себебі, жұмыртқа деген – ең әмбебап тағам, ол барлық елдердің асханасында үлкен танымалдылыққа ие болып отыр.

Атаулы күннің тарихы мынадай: 1996 жылы Венада өткен үлкен конференцияда Халықаралық жұмыртқа комиссиясы (International Egg Commission) "жұмыртқа" мерекесін бүкіл әлем болып қазан айының екінші жұмасында атап өтеміз деген шешім шығарды. Комиссияның айтуынша, жұмыртқа күнін атап өтуге бірнеше себептер бар, әсіресе жұмыртқа өндірумен айналысатын компаниялардың еңбегін елеуіміз керек. Соңғы он жылдықта жұмыртқа туралы нашар пікірлер айтылып келгенімен, зерттеуші ғалымдар жұмыртқадан қашпау керек екендігін дәлелдеп берді. Олардың құрамында тез сінетін ақуыздар, ағзаға қажетті көптеген пайдалы заттар, оның ішінде дәрумендер мен минералдар, кейбір ауруларға қарсы тұратын антиоксиданттар бар. Және жұмыртқаның холестерин мөлшерін көтеріп жіберетіндігі де жоққа шығарылды.

Әлем бойынша ең көп жұмыртқаны пайдаланатын ел – Жапония. Күншығыс елінде әрбір адам орташа есеппен күніне бір жұмыртқа жейді екен. Тіпті, жапондықтарда "Тамаго, тамаго!" аталатын ән де бар. Ал америкалықтар жыл сайын Омлет күнін атап өту арқылы, жұмыртқаға үлкен құрмет көрсетіп отыр.

Ал сіз жұмыртқаны жиі жейсіз бе?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Ардақ Құлтай, vk.com