Иттер де қалай демалуды біледі

Иттер де қалай демалуды біледі

Жапонияның Тойока (Toyooka) қаласында өте ерекше жағажай бар. Тек ондағылар адамдардан гөрі төрт аяқтыларға қызмет көрсетеді. Takeno Beach деп аталатын бұл жағажай маусым айынан қыркүйек айына дейін жұмыс жасайды. Жағажай иттер мен олардың қожайындарына арналған.

Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, бұл иттердің демалысына таптырмайтын орын. Оларға бұл жағажайда бәрі де рұқсат: суға түсіп-шығып жүгірсе де, құмды қопарып ойнаса да, доп қуалап, суға түсіп шомылса да.

Бір қызығы – мұнда олардың үстінен ешкім де шағымданбайды. Иттердің асты-үстіне түсіп жағдайын жасайтын бұл демалыс орнының басқа жағажайлардан ерекшелігі де сонда. Мұнда келген иттерге арнайы қызыл түсті суға батырмайтын жилет кигізіледі. Ондағы ойлары – суға түсіп жатқан итті де, құмда домалап жатқан итті де жіті бақылауда ұстау. Олар қызыл түспен бірден көзге түседі. Әрі бұл әдіс олардың қожайындарына иттерінен көз жазып қалмауына да көмектесе алады.

«Бұл нағыз иттердің жұмағы екен. Мұнда иттерге не жасаса да рұқсат етіліпті. Ешқандай да шектеу жоқ. Ең бастысы – қожайындар өздерінің иттеріне ие болып отырса болғаны. Әйтпесе иттердің суға тұншығып не басқа да жағдайларға душар болып қалуы әбден мүмкін»,- дейді осында демалып жатқан иттің иесі.

Жағажайға көбі ауыр жұмыс күнінен шаршап өздерінің сүйікті төрт аяқты хайуандарымен бірге демалу үшін келеді. Олар өз иттерінің жағдайын жасап, олармен бірге суға жүзуден рахат алады. Ал кейбіріне мұнда иттерін ертіп келген өзіндей адамдармен әңгіме-дүкен құрып отырған ұнайтын көрінеді.

Ал енді біреулер үшін итпен бірге шомылып, онымен бірге құмдың үстінде жатып күнге қыздырыну нағыз демалыс. Тіпті кейбірі иттерімен бірге қайықтармен серуен құрады. 

Қысқасы, мұнда кез келген талғамға таңдау бар. Сонымен қатар, ешқандай да шектеу қойылмайды. Кез келген демалушының өз иттерімен қалағанынша көңіл көтеруіне зор мүмкіндігі бар. Жағажайдан  иттердің түр-түрін  байқауға болады. Кішкентайларынан алыптарына дейін өріп жүретін иттер де нағыз демалыстың дәмін таласа татуда. Иттердің ырылдасуы да онша байқала қоймайтын бұл жағажай адамдармен де, иттермен де қызықты әрі тып-тыныш.

Жағажайда демалудан жалыққан иттер мен олардың қожайындары үшін мұнда арнайы курс өткізетін кішкентай алаңқай бар. Иттердің де, олардың қожайындарының жағдайы жақсы жасалған жағажай тап-таза.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: billionnews.ru

А. Әбілхан