Ауыл тұрғындары қаладағыларға қарағанда ұзақтау өмір сүреді

Ауыл тұрғындары қаладағыларға қарағанда ұзақтау өмір сүреді
Фото: Yernar Almabek \ Massaget.kz

Қазақстанда ауыл тұрғындары қаладағыларға қарағанда ұзақтау өмір сүреді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Гиният мәлімдеді.

Ғиният бүгінде ауылда 7,8 миллион адам тұратынын, бұл ел халқының 41 пайызын құрайтынын атап өтті. Статистикаға сүйенсек, ауыл тұрғындарының 38 пайызы балалар, 62 пайызы ересектер.

"Халықтың денсаулық көрсеткіштерін талдау ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы қала тұрғындарына қарағанда тұрақты жоғары екенін көрсетеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 70,23 жас болса, қалада бұл көрсеткіш 69,91 жас, ал ауылда 70,79 жас деңгейінде тіркелді", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Мәжілістегі үкімет сағатында.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл жалпы өлім көрсеткіші 14 пайызға төмендеген.

"Елде ауылдық медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы дамыған, бес мыңнан астам медициналық ұйым ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Оның ішінде екі мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мыңнан астам дәрігерлік амбулатория, 200-ден астам емхана бар және 203 аурухана бар", - деді. Ажар Ғиният.

Т. Раушанұлы