Алакөл - табиғат сыйлаған шипа

Алакөл - табиғат сыйлаған шипа
Фото: depositphotos.com

«Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағына береді. Көл суының түсін алғаш рет қарағанда анықтау қиын. Ұсақ көлдердің түсі алуан түрлі болады. Айталық, Сасықкөл көгілдір түсті, Қоржынкөл - сұрғылт, Қылытұз - сары. Жергілікті тұрғындар көлді пішінінің, түсінің, көлемінің әр түрлі болғаны үшін «Алакөл» деп атап кеткен.

Алакөл Ұялы, Жалаңашкөл, Сасық көл және т.б. ұсақ көлдерден тұрады. Аралдармен бірге есептегенде көлдің ауданы - 2696 шаршы шақырым, су көлемі - 58,56 куб шақырым, ені - 52 шақырым, ұзындығы - 104 шақырым, жағалау сызығының ұзындығы - 348 шақырым. Көлдің орташа тереңдігі - 22 метр, ең терең жері - 54 шақырым. Алакөл жағалауы арал, шығанақ, айлақ және мүйістермен тілімделінген. Үлкен, Кіші Аралтөбе, Белқұдық және т.с.с. аралдар бар. Үлкен және Кіші деп аталатын екі терең Балғын шығанағы қорғаныс-порты болып табылады. Жағалаудың климаты шұғыл континенталды. Солтүстік жағында жел жылдамдығы 40-50 м/сек, ал оңтүстік-шығыс және орталығында 50-60 м/сек. Қыс-күз мезгілінде толқындардың биіктігі 2-2,5 метрге дейін жетеді. Ақпан, наурыз айларында мұз қатып, қалыңдығы 0,8 метр болады. Сәуір-маусым айларында мұз ери бастайды. Мамыр айының соңында су температурасы +15 С болады. Акватория бойынша су минерализациясы 1,2-11,6 г/л. Су құрамы хлоридті-натрийлі және хлоридті-сульфатты-натрийлі болып келеді. Алакөл суының құрамындағы фтор мен бромның деңгейі жоғары. Фитопланктон балдырдың 58 түрінен тұрады. Көл жағалауында қамыс, жұмсақ су өсімдіктері өседі. Зоопланктон құрамы 80 түрге дейін жетеді. Алакөл суын балықтың 8 түрі мекен етеді. Көлге құятын өзендерде ондатра кездеседі. Баклан, аққу, бірқазан, аққұтан, үйрек, гагара т.б. құстары және ала мысық, су егеуқұйрықтары көл жағасын мекендейді. Құстар солтүстіктен оңтүстікке қарай  ұшып келеді.  Сирек кездесетін үш жүзге жуық құс түрлерінің 38 түрі Табиғат және табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі халықаралық одақтың Қызыл кітабына енген. Тарихи деректерге сүйенсек, Алакөл маңынан Ұлы Жібек жолы керуені жүріп өткен. Алыс жолдан келген саяхатшылар жағалауда демалып, көл суынан нәр алған екен. Алакөл суы емдік қасиетке бай. Оны заманауи медициналық зерттеулер жүргізу барысында дәлелдеген. Демалушылардың көбі Алакөлге шипа іздеп келеді. Көл суы радикулит, артрит, тері ауруларына шипа болып, адам денсаулығына жағымды әсерін тигізеді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ғ. Ұзақ