Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында 70 мың отбасыға жеңілдік жасалады

Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында 70 мың отбасыға жеңілдік жасалады
Фото: nege.kz

Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй саясатындағы және тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялаудағы жаңа тәсілдер қаралды. Бұл туралы primeminister.kz жазды.

"Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттік саясаттың ең маңызды міндеті болып табылады. Осы міндетке жетудің басым бағыттарының бірі – ол тұрғын үйдің қолжетімді болуы", — деді Ә. Смайылов. 

Үкімет басшысы жалпы құрылыс саласы жыл сайын оң динамика көрсетіп, өсіп келе жатқанын атап өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 17,1 млн шаршы метр үй салынды. Тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге инвестиция тартылды.

Бірақ, осыншама өсімге және баспана салу жоспарларының орындалуына қарамастан, қарапайым азаматтардың басым бөлігінің баспанаға қолдары жетпей жүр. Үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Мұнда "Отбасы банкіне" ерекше орын беріледі, ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін қалыптастыру және оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сату бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарады.

Қазіргі таңда азаматтарға үй сатып алу мақсатында өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін "Отбасы банкіндегі" депозиттерге салу мүмкіндігі берілді. Заңнаманы реформалау аясында тұрғын үйді кірісіне қарай сату, арендалық төлемдердің бір бөлігін субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу механизмдері енгізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды. Баспанаға мұқтаж 70 мыңға жуық отбасы осы механизммен қамтылады, олар жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады. 

"Жалпы, жаңа тәсілдер мен механизмдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді", — деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-мен бірлесіп, аренданы субсидиялау механизмін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1 мамырына дейін нақты іске асыруға кірісуді тапсырды. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сапасын арттыру және одан әрі жеңілдету үшін ҚР ИИДМ-ге құрылыс саласын реттеуге цифрлық технологияларды енгізу бойынша заң жобасын осы жылғы 1 сәуірге дейін Үкіметке енгізу тапсырылды.

"Құрылыс маусымын уақытылы бастаудың маңызы зор. Ол үшін өңір әкімдері күн жылынған соң құрылыс жұмыстарын барынша тездету үшін ерте бастан жер телімдерін бөлуді, жобалық құжаттарды әзірлеуді, қажетті инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс", — деді Ә. Смайылов.

Т. Раушанұлы