"Мың көз" соқпағы: "Іле-Алатау" ұлттық саябағындағы таңдандыратын маршрут

"Мың көз" соқпағы: "Іле-Алатау" ұлттық саябағындағы таңдандыратын маршрут

Уақыт өте келе халық экотуризмге бұрынғыдан артық бет бұра бастады. Алматы тауларының сұлулығын аша бастаған адамдар саны артып келеді және олар "Іле-Алатау" ұлттық саябағындағы жаңа маршруттарды игере бастаған. Massaget.kz тілшісі осы материалдар топтамасында жаңа орындар, танымал бағыттар туралы, сондай-ақ таудағы қауіпсіздік және экотуризм туралы әңгімелейді. 

Біртіндеп туристердің сүйікті орнына айналып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі – "Mың көз" жаяу жүру маршруты. Аталған соқпақ "Іле-Алатау" ұлттық паркінің қақпасы ретінде қызмет ететін "Аюсай" визит орталығынан басталады. Былтыр сауықтыру серуеніне арналып салынған болатын. 2020 жылға дейін бұл соқпақ жергілікті тұрғындар үшін де, қала қонақтары үшін де пикник пен от жағуға арналған орын болды. Бұл шатқалдың экожүйесіне айтарлықтай зиян келтірді. Енді бұл жерде от жағуға қатаң тыйым салынады.

"Іле-Алатау" ұлттық паркінің еріктілері соқпақты алғашқы нүктесінен бастап жақсартуға кірісті: олар туристік маршрутты белгілеп, оны қоқыстардан тазартты. Еріктілерге 60 жастан асқан белсенді зейнеткерлер кіретін "Бодрячок" клубы көмектеседі. 

"Мың көз" соқпағының не себепті бұлай аталатынын туристер оның бойымен жүре бастаған бойда бірден түсінеді. Айта кететін бір жайт, бұл жерде туристерге шақырылмаған қонақ секілді сескене қарамайды, керісінше оларға қамқорлықпен көз салады. Осы идеядан және туристік маршруттың ерекше фаунасы мен флорасынан шабыттанған ұлттық парктің еріктілері соқпаққа "Мың көз" деген ат қою туралы шешім қабылдады. 

Белгілі қазақстандық суретші Санжар Жұбанов жол бойындағы ірілі-ұсақты тастарға Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген жануарлардың бейнелерін салған. Тастарды ойып сурет салу үшін 4,5-5 ай уақытын сарп еткен. 

Соқпақ бойын түгел жүріп өткен турист "Қызыл кітапқа" енген барыс, Тянь-Шань қоңыр аюы, сілеусін, сусар секілді жануарлардың бейнелерін көреді. Тастан жасалған гравюралар әр жерде орналасқан: шатқалда, бұлақтарда, соқпақтың биік және төмен нүктелерінде. 

Бұл соқпақпен саяхат жасау ересектер мен түрлі жас аралығындағы балаларға қолжетімді. Сел жүріп өткен жерде орын тепкен жас ормандағы ағыс бойымен өтетін маршрут серуенге өте ыңғайлы. 

"Іле-Алатау" ұлттық паркінің экологиялық туризм инфрақұрылымын дамытумен айналысатын "Аюсай" визит орталығының командасы келушілерге бірнеше іс-шаралар дайындайды. Олардың ішінде квест ойыны бар. Сонымен қатар, Tamyr Camp оқу лагері, оның барысында оқу бағдарламалары мен дәрістер, тау гидімен жасалатын экскурсиялар өткізіледі. Бұған қоса, аумақты қоқыстан тазартумен, соқпақты көгалдандырумен және табиғи парк инспекторларына көмек көрсетумен айналысатын еріктілер қозғалысы да белсенді дамып келеді.

Осы жылдың 24 шілдесінен бастап, сіз «Мың көз» соқпағына күнделікті экскурсияға қатыса аласыз. Соқпақ ересектер мен кез-келген дайындық деңгейі бар балаларға қол жетімді. Ол үшін Аюсай визит-орталығының Instagram-парақшасындағы жеке нөмір бойынша алдын ала тіркелуден өту қажет.

"Мың көз" соқпағына қалай жетуге болады? 
Көкшоқы, 1А-да орналасқан Аюсай визит-орталығына мынадай тәсілмен жетуге болады:|
- шлагбаумға дейін №211 автобус маршруты (санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына байланысты құрылған жұмыс кестесін қараңыз);
- жеке автокөлік;
- такси;
- жаяу жүру (№28 автобустың соңғы маршрутынан шамамен 1 сағат).

Бөгеттің құрылысына байланысты "Аюсай" визит-орталығына баратын жолда "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бақылау-өткізу пункті бар. Ол жұмыс күндері мына уақытта ашық:
06.00-ден 08.00-ге дейін;
13.00-ден 14.00-ге дейін;
18.00-ден 19.00-ге дейін

Демалыс күндері:
06.00-ден 09.00-ге дейін;
12.00-ден 14.00-ге дейін;
18.00-ден 21.00-ге дейін.

Қалаға кез келген уақытта бақылау пункті арқылы орала аласыз.

А. Оралқызы