Қазақстандағы ірі су электр станциялары

Баламалы энергия көздерінің бірі – бұл су электр станциялары. Жел мен Күн сияқты су да – электр қуатын өндіретін ресурс. Қазіргі таңда сарқырама, мұхит толқыны, ыстық бұлақтардан біршама қуат өндіруге болады.

Ал біздің еліміз – алып мұхиттан алыс жатқан мемлекет, сарқырамасы да көп емес. Сондықтан мұхит толқынынан емес, өзен ағысынан энергия өндіріледі.

Қазір Қазақстанда 40-қа жуық су электр станциясы бар. Елде өндірілетін энергия көлемінің 15 пайызға жуығын осы су электр станциялары өндіреді. Бұл бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін, алайда газ бен мұнайдан өндірілетін энергиядан әлдеқайда көп. Қазақстан энергияның басым бөлігін жылу электр станцияларынан алады, шамамен, 70 пайыз. Десе де, ЖЭС-ке қарағанда СЭС-тің экологияға тигізер зияны аз. Жыл сайын елдегі СЭС-тар 170 млрд кВт энергия өндіреді.

Қазақстанның гидроресурстарының басым бөлігі – шығыс пен оңтүстік-шығыс өңірде. Елдегі ең ірі су электр станциялары – төртеу: Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен, Қапшағай. Қазақстандағы электр энергиясының 10 пайызы СЭС-терге тиесілі.

Бұқтырма су электр станциясы – Ертіс өзенінің бойында, Бұқтырманың төменгі сағасында орналасқан. Елдегі ең қуатты гидростанция. Құрылысы 1953 жылы басталған, негізгі агрегаттары 1960-66 жылдары салынды. 1966 жылы жұмыс істей бастады. Қазір сағатына 675 мың МВт, жылына 2300 млн вКт энергия өндіреді.

Су электр станциясы Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінен келетін ағын судың қысымын энергияға айналдырады. Су бекеті ғимаратының ішінде сағатына 75 МВт энергия өндіретін 9 гидроагрегат орнатылған. Олар 67 метрлік су тегеурінін игере алады.

Су электр станцияның бір жағы тау, екінші жағы – 80 метрге созылған бөген. Бөгеннің биіктігі – 90 метр. Қазір "Қазмырыш" кәсіпорны аталмыш су бекетін дамыту мақсатында жөндеу, жетілдіру жұмыстарын жасап жатыр.

Шүлбі су электр станциясы – Ертіс өзенінің бойында, Семей қаласына жақын жерге орналасқан СЭС. Қазақстанда энергия өндіру қуаты жағынан ең үлкен су бекеті. Сағатына 702 мың МВт, жылына орта есеппен 1600 млн кВт энергия өндіреді. Мұнда қуаты 117 МВт болатын 6 гидроагрегат орнатылған. Ағын судың 23,5 метр тегеурінін игере алады.

Су бекеті 1954-58 жылдары жобаланып, 1976 жылы құрылысы басталды. 1987 жылы алғашқы агрегаты іске қосылды. Ал соңғысы 1994 жылы іске қосылған. Содан бері бұл СЭС 50 млрд кВт энергия өндірген екен.

Қазіргі уақытта Шүлбі СЭС жанында тағы бір су бекетін тұрғызу жоспарда тұр.

Қапшағай су электр станциясы Іле өзенінің бойында орналасқан. 1942 жылы жобасы жасалып, 1965 жылы құрылысы басталған. 1970 жылы екі су агрегаты, 1971 жылы тағы екі агрегаты іске қосылды. 1980 жылы құрылысы толық аяқталды.

Су бекетінің қуаты – 364 МВт, жылына орта есеппен 972 млн кВт энергия өндіреді. Мұнда қуаты 91 МВт болатын 4 гидроагрегат тұр. Ағын судың 4,9 метр тегеурінін игере алады. Су таратқыш төрт турбинаның ұзындығы – 102 метр, оның 92 метрі түнелдің ішінде жатыр.  

Бөгет Қапшағай су қоймасына ағып келген судан энергия өндіреді. Су қойманың ауданы – 1847 шаршы шақырым.

Өскемен су электр станциясы – Ертіс өзенінің бойында, Өскеменнің шетінде орналасқан гидроқұрылым. Қазақстанда құрылысы алғаш басталған су электр станциясы. Оның құрылысы 1939 жылы басталған. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс басталып, құрылыс тоқтап қалды. 1948 жылы қайта жанданды.

Бірінші агрегат 1952 жылы іске қосылды, қалған екеуі – 1953 жылы. Ал төртінші агрегат 1959 жылы қосылды. Гидроагрегаттардың екеуі 83 МВт қуатпен, қалған екеуі 95 МВт қуатпен жұмыс істейді. Су бекетінің қуаты – 356 МВт, жылына орташа есеппен  1580 млн кВт энергия өндіреді.

СЭС-тің 2015 жылы генераторы, 2015-2018 жылдары гидроагрегаттары жөнделді. Соның арқасында қуатын 20 МВт-қа көтеруге мүмкіндік пайда болды.

Қазақстанда бұдан басқа Мойнақ СЭС (300 МВт), Шардара (126 МВт) Бұлақ (80 МВт), Кербұлақ (50 МВт) сынды қуаты орташа су электр станциялары бар.

Мойнақ су электр станциясы – Шарын өзені бойында орналасқан гидроқұрылым. 1985 жылы құрылысы басталғанымен, 1992 жылы тоқтап қалды. 2005 жылы құрылысты жандандыру туралы шешім шығарылып, 2006-2008 жылдары Бестөбе бөгеті салынды. Ал су электр станциясының өзі 2014 жылы салынып бітті.

Су бекетінің қуаты – 300 МВт, орташа есеппен жылына 1027 млн кВт энергия өндіріледі. Мұнда қуаты 150 МВт болатын екі су агрегаты орнатылған.

Шардара су электр станциясы Сырдария өзенінің бойында, Шардара қаласының жанында орналасқан. Құрылысы 1958 жылы басталып, 1967 жылы аяқталды.

Су бекетінің қуаты – 126 МВт, жылына орта есеппен 537 млн кВт энергия өндіреді. Мұнда төрт гидроагрегат орнатылған (қуаты – 31,5 МВт).

Басқа кіші су электр станциялары Қаратал, Шарын, Сырдария, Лепсі, Шу, Талғар, Тентек, Қорғас, Нұра өзендерінің бойында орналасқан.