Қызғылт көлдің құпиясы. Көбейтұз жайлы не білесіз?

Әлемде қызғылт түске боялатын көлдер көп емес. Саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – қазақ жеріндегі Көбейтұз. Бірегей әрі ерекше табиғи көл жылына бірнеше рет қызғылт түске боялып отырады. Мұның сыры неде?

Көл Ақмола облысы Ерейментау ауданының Өлеңті ауылдық округінің аумағында орналасқан. Теңіз деңгейінен 253 м биіктікте. Көлдің ауданы - 690 га, тереңдігі - 1,5 м.

Көбейтұз жылына бірнеше рет қызғылт түске боялады. Судың қызғылт реңге боялуына негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді деп саналады. Демек көлдің тұзды болуының арқасында бұл балдырлар пайда болған.

Соңғы уақытта қазақстандықтардың Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне жаппай баруына байланысты көл жағалауының тұрмыстық қоқыстарға толуы, ондағы табиғи тұзды рұқсатсыз алып кетуі, келушілердің жерошақ жағуы және аймақта уақытша құрылыстардың көбеюі  жиілеген. Бұған байланысты Қазақстанның Экология министрлігі көлге келушілерге заңға сәйкес тиісті әкімшілік жаза бар екенін ескертті. Көлге шомылудың белгіленген тәртібін, санитарлық норманы және экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаға тартылады. Тәртіпті бұзушыларға айыппұл салынады. Табиғаттың ерекше құбылысына залал келтіру мен кейбір адамдардың жауапсыз әрекеті көлдің суалуына, тіпті кейіннен жойылуына да әкелуі мүмкін.

Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналады. Бұл жайында бірер күн бұрын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

- Экологиялық бекеттер құру жоспарлануда. Бірақ осы бірегей көлге құмартатындар саны артуда", - деді Мағзұм Мырзағалиев. - Демек, жалпы алғанда, ең алдымен, азаматтарға мұндай жерлерде жүріп-тұру ережелерін түсіндіру және эко мәдениетті көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге болмайтынын, оның ешқандай емдік қасиеті жоқ екенін, ал көл туристердің осындай әрекеттерінен жойылып кетуі мүмкін екенін түсіндіру қажет. Сондай-ақ, біз қоғам белсенділерін, экологтарды, эко-белсенділерді осы жұмысқа жұмылдырмақшымыз".

Министр атап өткендей, бұл елдегі басқа да табиғи нысандардағы жағдайларға, оның ішінде Алматыдағы Бурабай немесе Первомайский тоғандарындағы оқиғалар немесе Қызыл кітапқа енген лотос гүлін жұлып алу жағдайы да ведомства өкілдерінің алаңдаушылығын туғызуда.

- Бұл үшін бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бәрі бала кезден бойға сіңірілуі керек. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде экологиялық мәдениет пәнін енгізуді ұсынды", - деп түйіндеді Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында: "Демалыс орындарында жаппай, азаматтарымыздың мәдениеті жетіспейді. Отандастарымыздың бірегей "қызғылт" Көбейтұз көліне келтірген залалы наразылық тудырады. Осы жағымсыз фактілер өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеудегі проблемаларды айқындап берді. Білім, экология, ақпарат министрліктері бұл міндетті басым бағытта ұстануы керек",- деп жазған.