- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Тәуелсіздіктен кейін өзгерген...
Тәуелсіздіктен кейін өзгерген қала атаулары
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының соңғы 28 жылдық тарихына көз жүгіртсек, елде бірнеше қала атауы өзгерді. Елеулі тарихи оқиғаларға байланысты атауы ауысқан Қазақстан қалаларының топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Целиноград – Ақмола – Астана – Нұр-Сұлтан
1961-1992 жылдар аралығында бүгінгі Қазақстан астанасы Целиноград деп аталды. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, қалаға өзінің тарихи атауы қайта беріліп, Целиноград Ақмолаға айналды. 1997 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Республиканың жаңа астанасы атанған Ақмола 1998 жылдың 6 мамырында "Астана" болып өзгерді. 1998-2019 жылдар аралығында қала "Астана" атанды. 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атауын ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне "Нұр-Сұлтан" деп өзгертуге бұйрық берді.
Жамбыл – Тараз
2000 жылдық тарихы бар көне Тараз қаласы 1937-1997 жылдар аралығында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың құрметіне "Жамбыл" қаласы деп аталды. 1997 жылдың 8 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының жергiлiктi атқарушы органдарының өтiнiшiн және жергілікті халқының тiлегiн ескере келiп, Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының қорытындысы негiзiнде Жамбыл қаласының атын Тараз қаласы қылып өзгертуге қаулы етті. 2002 жылы қала өзінің 2000 жылдық мерейтойын атап өтті.
Гурьев – Атырау
Қазақстан тәуелсіздігін алған уақытта Жайық жағасындағы бүгінгі Атыраудың атауы "Гурьев" еді. Бұл атау Ресей ханшайымы Екатерина ІІ жарлығымен қойылған. Гурьев – XVII ғасырда осы маңда өмір сүріп, балық шаруашылығымен айналысқан саудагер әрі дәулетті көпес болған адамның тегі. 1992 жылдың 21 ақпанында ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы қаланы "Атырау" деп атау жөнінде қаулы қабылдады.
Ленинск – Байқоңыр (Қызылорда облысы)
Сырдария өзенінің оң жағалауында тұрған Байқоңыр қаласы 1995 жылға дейін "Ленинск" деп аталды. Байқоңыр ғарыш алаңының тұрғызылуына байланысты 1955 жылы пайда болған бұл елді мекен Кеңес кезеңінде "Ташкент-90", "Заря", "Звездоград", "Ленинск" деп аталды. 1995 жылдың желтоқсан айында Ленинск қаласына Байқоңыр ғарыш айлағының атауы берілді. Байқоңыр қаласы 1995 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген.
Алексеевка – Ақкөл (Ақмола облысы)
Ақмола облысы, Ақкөл ауданының орталығы – Ақкөл қаласы 1997 жылға дейін "Алексеевка" деп аталды. Қаланың іргесі 1887 жылы қаланған. Елді мекенге 1939 жылы кент, 1965 жылы қала статусы берілген.
Ермак – Ақсу (Павлодар облысы)
Ертістің оң жағалауында, Павлодар қаласынан оңтүстікке қарай 50 шақырым қашықтықта орналасқан қала 1993 жылға дейін "Ермак" деп аталды. 1913 жылы Глинка кентіне дала өлкесі губернаторының жарлығы бойынша Ермак аты берілді. Осылай Воскресенск кемежайы Глинка кентімен Ермак кенті болып атала бастады. 1922 жылға дейін Павлодар уезінің болыс орталығы болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1961 жылғы 23 қазандағы Жарлығымен Ермак кентіне қала мәртебесі берілді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1993 жылғы 4 мамырдағы ТН № 2189-ХІІ Қаулысы негізінде Ермак қаласы Ақсу қаласы болып қайта аталды.
Лениногорск – Риддер (ШҚО)
Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы 1786 жылы кент ретінде құрылды. Орыс инженер-технигі Филипп Риддер осы маңнан полиметалл кенін ашуына байланысты қалаға Риддердің есімі берілді. 1941 жылға дейін Риддер қаласы бүкіл одаққа өндірістік қала ретінде жақсы танылды. Алайда осы жылы оның атауы өзгеріп, қалаға Кеңес көсемі Лениннің атауы беріліп Лениногорск атанды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылдың 28 маусымында қалаға бұрынғы тарихи атауын беруге жарлық шығарды. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті 2019 жылдың 8 қазанында ұсынған деректер бойынша, Риддер – Қазақстандағы қазақтардың үлесі ең аз қала. Мұндағы халықтың 81,2 пайызы орыс ұлтының өкілдері.
Эмба-5 – Жем (Ақтөбе облысы)
Жем – Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданына қарасты қала. Аудан орталығы Қандыағаш қаласынан оңтүстікке қарай 97 шақырым қашықтықта орналасқан. Іргетасы 1960 жылы қаланып, алғашында жабық әскери қалашық ретінде жұмыс істеді. Қала 2000 жылға дейін "Эмба-5" деп аталды. Осы жылы Жем өзенінің бойында орналасқан қалаға Жем атауы берілді. Жем – Қазақстандағы тұрғын ең аз қала.
А. Қажиев