ҚР ҰЭМ Статистика комитеті 8 қазанда ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан халқы саны – 18 571 000. Елдегі халық ең көп қоныстанған қала – Алматы (1 884 600), ал халқы ең көп ауыл – Бейнеу (53 286). Назарларыңызға соңғы деректерге негізделген Қазақстан халқына, жеріне қатысты "ең" деген рекордтық статистика топтамасын ұсынбақпыз.
Қазақстандағы тұрғыны ең көп және ең үлкен қала
Қазақстанда тұрғыны миллионнан асып, мегаполис атанған үш қала болса, соның ішінде адам саны бойынша көш бастап тұрғаны – Алматы. Мұндағы халықтың саны – 1 884 600. Ұлттық құрамына келсек, алматылықтардың 68% қазақ, 20% орыс, 5% ұйғыр, 1% корей, 1% татар, 5% басқа ұлттар. Алматыда ең алғаш халық санағы 1859 жылы болып, сол кезеңде бұл мекенде 5000 адам тұратыны белгілі болды. 1 миллиондық көрсеткіш 1982 жылы тіркелді.
Алматы – Қазақстанның оңтүстік шығысында орналасқан еліміздегі ең үлкен қала. Ресми статусы – Республикалық маңызы бар қала. Қазақстанның мәдени астанасы. Жер аумағы – 682 шаршы шақырым. Әкімшілік бөлінуі 8 ауданнан құралған (Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай, Түрксіб). Алматының тарихын ғалымдар екі кезеңге бөледі. Біріншісі сақ дәуірінен бастау алатын елді-мекеннің көне тарихы және 1854 жылы іргесі қаланған Верный бекінісінен бергі қаланың жаңа тарихы.
Қазақстандағы тұрғыны ең аз қала
Халық саны бойынша құрылған қалалар тізімінде ең соңғы орында тұрған – Ақтөбе облысына қарасты Жем қаласы. 2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі ақпаратқа сүйенсек, Жем қаласының халқы – 1695 адам.
Жем – Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданына қарасты қала. Аудан орталығы Қандыағаш қаласынан оңтүстікке қарай 97 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаланың атауы елді мекеннің жанында ағып жатқан Жем өзенімен байланысты. Қала іргетасы 1960 жылы қаланып, алғашында "Эмба-5" деген атаумен жабық әскери қалашық ретінде жұмыс істеді.
Қазақстандағы тұрғыны ең көп ауыл
Еліміздегі халқы ең көп ауыл – Маңғыстау облысында орналасқан Бейнеу ауылы. Облыстың солтүстік бөлігінде орналасқан елді мекен облыс орталығынан 470 км қашықтықта орналасқан. Тарихы 1916 жылдан бастау алатын бұл мекен 1960 жылға дейін теміржол стансасы болды. 1960 жылдан бері ауыл статусына ие болды. Ал 1973 жылы аудан орталығына айналды. Бұрынғы "Ұлы Жібек жолының" бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу ауылы – Қазақстанның Орта Азияға шығатын негізгі қақпасы.
Қазақстандағы аумағы ең үлкен аудан
Қарағанды облысының құрамындағы Ұлытау ауданы – жер аумағы бойынша Қазақстандағы ең үлкен аудан. Ауданның территориясы Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Атырау облыстарынан да үлкен. Ұлытау – Қарағанды облысының батысында орналасқан аудан. Әкімшілік орталығы – Ұлытау ауылы. Бүгінде жер жүзінде мойындалған 193 мемлекет болса, соның 96 мемлекетінің жер көлемі Ұлытау ауданының территориясынан кіші.
Қазақстандағы тұрғыны ең көп аудан
2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі ақпарат бойынша, Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы халық саны – 300 233 адам. Бұл Қазақстан аудандарының арасында халық саны бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ауданның жер көлемі – 8300 шаршы шақырым. Халықтың тығыздығы – 1 шаршы шақырымға 36 адам. Халықтың 57,50 пайызы қазақтар, 17,67 пайызы ұйғырлар, 13,15 пайызы орыстар, 4,80 пайызы түріктер, 1,47 пайызы әзербайжандар, 1,26 пайызы күрттер және 4,15 пайызы басқа ұлт өкілдері.
Алматы облысының оңтүстігінде, Алматы қаласына іргелес жатқан әкімшілік бөліністің орталығы – Есік қаласы.
Қазақстандағы тұрғыны ең аз аудан
2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі санаққа сәйкес, Қазақстандағы халқы ең аз ауданда 6053 адам тұрады. Бұл – Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауданы. Мұндағы халықтың ұлттық құрамына келсек, 42,25 пайыз қазақтар, 33,03 пайыз орыстар, 10,84 пайыз украиндер, 4,28 пайыз белорусьтер, 3,74 пайыз немістер, 1,55 пайыз татарлар және қалған 4,30 пайыз өзге ұлт өкілдеріне тиесілі. Аудан орталығы – Егіндікөл ауылы. 1971 жылдан бастау алатын аудан 1997 жылға дейін Краснозамен ауданы деп аталды. 1997 жылдан бері аудан да, аудан орталығы да Егіндікөл деп өзгерді.
Аудан саны көп облыс
Қазақстанда 14 облыс болса, солардың арасындағы ауданы ең көп қай облыс екенін білесіз бе? Сұрақтың жауабы: Ақмола облысы. Бұл облыс 17 әкімшілік-аумақтық бөліністен тұрады.
1) Ақкөл ауданы
2) Аршалы ауданы
3) Астрахан ауданы
4) Атбасар ауданы
5) Бұланды ауданы
6) Бурабай ауданы (Щучинск ауданы)
7) Егіндікөл ауданы
8) Біржан сал ауданы
9) Ерейментау ауданы
10) Есіл ауданы
11) Жақсы ауданы
12) Жарқайың ауданы
13) Зеренді ауданы
14) Қорғалжын ауданы
15) Сандықтау ауданы
16) Целиноград ауданы
17) Шортанды ауданы
Ақмола облысы 1939 жылы құрылған. 1961-1992 жылдар аралығында ол Целиноград облысы деп аталды.
Қазақтардың үлесі ең көп аудан
2019 жылдың басындағы статистика бойынша, Қызылорда облысындағы Арал ауданында 79150 адам тұрады. Ұлттық құрам бойынша есептесек, осы көрсеткіштегі қазақтар үлесі – 99,9 пайыз. Халықтың басым бөлігі Сырдария өзенінің атырауына және Орынбор-Ташкент теміржолының бойына қоныстаған.
Арал ауданы 1938 жылы құрылған. Қызылорда облысының солтүстік-батыс бөлігінде, шөлейт белдемде орналасқан. Оңтүстік бөлігін түгелдей Арал теңізі алып жатыр. Аудан батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарымен, солтүстік-шығысында Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен, оңтүстік-шығысында Қызылорда облысының Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Өзбекстанмен шектеседі.
Қазақтардың үлесі ең аз аудан
Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданында 44299 адам (2018 жылғы дерек) тұрады. Ұлттық құрам бойынша есептесек, жалпы көрсеткіштің тек 15,4 пайызы қазақтарға тиесілі. Яғни Қазақстандағы қазақтар ең аз қоныстанған аудан – Шемонаиха ауданы. Бұдан бөлек бұл аудан тағы бір рекордтық көрсеткіш көрсеткен. Қазақстандағы орыс ұлтының ең көп шоғыры дәл осы ауданда екен. Мұндағы жергілікті халықтың 78,7 пайызы орыс ұлтының өкілдері.
Қазақтардың үлесі ең аз қала
Қазақстан бойынша қазақтар ең аз қоныстанған қала – Риддер қаласы. Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында орналасқан қалада 48153 адам тұрады. Осы көрсеткіштің тек 15,2 пайызы қазақтарға тиесілі. Республика бойынша орыс ұлтының үлесі ең көп қала – дәл осы Риддер қаласы. Мұндағы 48153 адамның 81,2 пайызы орыс ұлтының өкілдері.
Қаланың іргесі 1784 жылы орыс инженер-технигі Филипп Риддер осы маңнан полиметалл кенін ашуына байланысты қаланды. Қала 1941 жылға дейін Риддер, 1941-2002 жылдар аралығында Лениногорск деп аталған. 1917 жылға дейін қала шетел капиталистерінің қолында болды. Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласы 1786 жылы Риддер кенті ретінде негізгі қаланған және кен орнын бірінші ашқан инженер Филипп Риддердің есімі берілген.
Халық саны ең көп қалалық аудан
Қазақстандағы қалалық аудандар арасында халық ең көп қоныстанған аудан – Алматы қаласындағы Бостандық ауданы. Статистика комитеті ұсынған дерекке сәйкес, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі ақпарат бойынша, бұл ауданда 344802 адам тіркелген.
Сонымен қатар 2014 жылы Бостандық ауданына қатысты мынадай ақпарат интернет беттерінде жарияланды. Сол уақыттағы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қару айналымын бақылау және лицензиялау бөлімінің аға инспекторы Рақым Толоқұловтың мәліметінше, Бостандық ауданы – Алматы қаласының қару-жарағы ең көп ауданы. Департамент өкілі өз мәлімдемесінде аталған қалалық ауданның 10460 тұрғыны қару ұстайтынын айтқан.
Өзге ұлт өкілдерінің ең көп шоғыры орналасқан аудандар
Статистика комитеті жыл басындағы деректерді негізге ала отырып өзге ұлт өкілдерінің ең көп шоғыры қай аудандарда екенін жариялады. Қазақстанда украин ұлтының өкілдері ең көп қоныстанған аудан – Қостанай облысындағы Федеров ауданы. Татарлардың үлесі ең көп аудан – Солтүстік Қазақстандағы Мамлют ауданы. Неміс және поляк ұлтының ең көп шоғыры Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданында. Қазақстандағы өзбектер ең көп қоныстанған аудан – Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы. Ұйғырлар Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында, дүнгендер Жамбыл облысындағы Қордай ауданында ең көп кездеседі.