- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алматыдағы күз патшалығы...
Алматыдағы күз патшалығы
Патша Күз сүйікті Алматымызға өз билігін толықтай орнатып үлгерді. Сары көйлек киіп, қызыл қоңыр көрпесіне оранып алған Табиғат-Ана... Сап-сары жапырақтар... Сағыныш... Сұр бұлт... Қоңыр мұң... Терезені ұрған тамшылар... Алма-кезек алмасып орнап жатқан мұндай көрініске көңіліміз де, көзіміз де үйреніп қалды. Күз патшалығының құрсауындағы Алматымыздың қал-жағдайын өзге қаладағы оқырмандарымызға таныстыру мақсатында дайындаған фотоматериалымызды назарларыңызға ұсынамыз.
Қарашы, күрең қабақ күзге мынау...
Күзім менің... Сарғайған сағымдардың ізінде мұң...
Селдір бақ сыбдырлайды баяу үнмен.
Сары ала қазыдай боп жатқан күзді...
Сары көйлектерін шешуге асығып тұрған қайран ақ қайыңдар-ай...
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап-сары жапырақтар жоғалуда...
Сағыныш түстес сорлылар-ай! Сендер де көп ұзамай ғайып боласыңдар...
Сап-сары жапырақтар...
Саудырап құлап жатыр атырапқа...
Патша Күз гүлдерді өлім құшағына жіберіп жатыр. Бірақ сіз мұңаймаңыз! Көгілдір көктем келісімен, біз олармен қайтадан қауышатын боламыз...
Жаяу жүрген жалғыздың сырласы мен мұңдасына айналған күзгі бақ...
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен, Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең...
Ақ жауынға малынған ару қала...
Қолшатырын серік еткен тұрғындар...
Жапырағынан айырылған ағаш, қурай
Боз бұта, қызыл қурай сылдыр қағып, Жарыса, соғылғандай жүз қоңырау...
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда...
Саудырап түскен жапырақтарды жинап үлгере алмай жатқан еңбекқор қызметкерлерге айтар алғысымыз мол.
Биылғы күз түскендей ақырғы рет...
Қоштаса алмай, қоңырқай сәтпен тұрғандай
Дірілдеп ана үзілгелі тұрған жапырақ...
Соңғы жапырақ...
Алматымыздың жағдайы әзірге осындай болып тұр. Ал сіздің қалаңыздағы Патша Күздің көңіл-күйі қалай екен?
Дайындаған және суреттерді түсірген: Айгерім Сматуллаева