Қазақстандағы негізгі туристік нысан түрлері

Қазақстандағы негізгі туристік нысан түрлері
Фото: vk.com

Қазақстанның кең байтақ жерінің табиғаты сан алуан болуына орай ондағы туристік ресурстар да түрлі болып келеді. Мысалы, табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, рухани, әдеби, сондай-ақ, өзге де түрдегі нысандар бар.

Бірақ, Қазақстандағы туристік нысандар негізгі 3 топқа бөлінеді: табиғи-сауықтандыру нысандары, тарихи-археологиялық нысандар, тәуіп ету орындары.

Табиғи-сауықтандыру нысандарына Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл,Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, Алтай бөктері, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс Тянь-Шань, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау және тағы да басқа табиғи нысандар жатады. Бұл типтегі туристік нысандарға Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері секілді Алматы облысындағы ұлттық саябақтар мен қорықтар да енеді. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай сынды рекреациялық типтегі ұлттық саябақтарында да туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Осы секілді Қазақстан аумағындағы 9 мемлекеттік қорықта ғылыми-экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.

Тарихи-археологиялық ескерткіштердің танымдық сапарлардағы алар орны ерекше. Археологиялық ескерткіштердің кез келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды болып келеді. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Батыс Қазақстандағы Сарайшық сынды көне қалалардың орындарына туристердің қызығушылығы қашан да жоғары. Археологиялық-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлар туристер сұранысына ие. Мысалы, қола дәуір ескерткіштеріне жататын жартастағы петроглифтерді атауға болады. Сондай-ақ, Аңырақай тауының Таңбалы сайындағы, Көксу өзеніндегі Ешкіөлмес ғибадатханасы мен Шолақ, Кіндіктас, Баянжүрек тауларындағы тастағы суреттер жатады. Біздің дәуірімізге дейінгі VI-III ғасырлардан қалған сақ қорғандары, Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасы және сақ әскері киімін киген «Алтын адам», 2001-2002 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Берел қорғанында табылған «Сақ патшайымы» археологиялық туристік нысандарға жатады. Ортағасырлық Түркістан, Отырар, Тұрбай, Құлан, Мерке, Талхиз, Жаркент қалалары сынды елді мекендер де қазіргі тарихи-туристік нысандар ретінде есептеледі.

Түркістан көне қаласы да қазақ хандығының алғашқы астанасы ретінде қазақ еліне қызығушылық танытатын кез келген туристің көргісі келетін алғашқы нысаны. Ондағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, кесене іші мен айналасына қазақ мемлекетінің негізін қалаған Тәуке, Тәуекел, Жәңгір, Есім, Абылай, Қазыбек би табыттары көпшілік назарын аударады. Қазақстанда Отырар, Сарайшық, Сайрам тағы да басқа ортағасырлық көне қалалар туристер үшін тартымды нысандар.

Қазақстандағы туристік нысандардың үшінші түріне жататын тәуіп ету, яғни, діни туризм нысандары республика аумағында көптеп кездеседі. Оларға түркі әлеміндегі қасиетті Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Абаб-Араб мешіті, Гауһар-ана зираты, Әли-Қожа бейіті жатады. Адамдар бұл қасиетті жерлерге тәуіп етіп, Тәңірге сыйыну үшін барады. Олардың қатарына Арыстан баб кесенесі, Ибраһим ата бейіті, Қарашаш ана кесенесі, Тұраба ауданындағы Ысмайыл-ата мазары, Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесі мен Қарахан кесенесі, Қызылорда облысындағы Артық, Айтман кесенелері, Балқаш көлі маңындағы Тектау ата, Әуез бақсы және басқа да киелі орындар жатады. Қазақ халқының азаттық үшін күресі жолындағы батырларға, қолбасшыларға деген құрметі мемориалдар мен ескерткіштерде көрсетіледі. Бұларға Райымбек пен Қарасай батыр ескерткіштері, Қордайдағы Өтеген батыр, Ақтөбедегі Есет батыр, Солтүстік Қазақстандағы Ағынтай мен Қарасай ескерткіштері, Астанадағы Қаракерей Қабанбай ескерткіштері, тағы басқалары жатады. Ордабасы мен Аңырақай сағасының жазығы, Ұлытаудағы үш жүздің басын қосқан жер, тарихи орындар ретінде Жошы және Алаша хан кесенелері, Алматыдағы тәуелсіздік монументі, Астанадағы үш би ескерткіштері қастерлі орындар санатында туристік нысандарға қосылады.

Қазақ тарихындағы құнды мәдени ескерткіштер қатарына: Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, Еңлік-Кебек кесенелері, Шоқан Уәлиханов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы мемориалдары, Сұлтан Бейбарыс, Құрманғазы және Дина Нұрпейісова, Абай, Абылайхан, Әлия мен Мәншүк, Амангелді Иманов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, тағы басқа көптеген естелік орындар жатады.

Жалпы, Қазақстан туризмі үшін табиғи-рекреациялық, тарихи-археологиялық, тәуіп ету орындары сынды 3 түрлі туристік нысандардың әрқайсысының маңызы зор. Бұл құнды қазынаны сақтаумен қатар, адамзатқа таныстыру да – ұлы міндет.

А. Оралқызы