Қазақстандағы туризм: Бекет Ата мешіті

Қазақстандағы туризм: Бекет Ата мешіті
Фото: massaget.kz

Қазіргі таңда əлемдік экономикада туристік сала – аса жанды жəне перспективті салалардың бірі, кейбір елдерде туризм мемлекет кірісінің бірден-бір көзі. Бүкілəлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша, Қазақстан тұрақты туризмді дамыту үшін болашағы бар елдер сапында. Біз бүгін еліміздің батыс аймағында орналасқан Маңғыстау өңіріндегі Бекет Ата мешіті жайлы айтуды жөн санадық. 

Маңғыстау Қазақстанның түпкір-түпкірінен және шекаралас мемлекеттерден көптеген зиярат етушілер келіп жататын киелі орындарға бай. Солардың бірі де бірегейі – жартасқа ойылып салынған Бекет Ата мешіті. Ертеде ғұмыр кешкен Түмен Балтабасұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Бала Ораз Өтебайұлы, Насихат Сүгірұлы сияқты жыр сүлейлері Бекет ата туралы жыр толғаған екен. 

Бекет Ата жерасты мешіті Шопан Ата қорымынан 100 км шығыста  орналасқан. Бұл  жерде  қазақ халқының  ұлы данасы Бекет Мырзағұлұлының өзі жерленген. Бекет  Мырзағұлұлы  1750 жылы  Атырау облысының Жылой ауданы, Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан әдiл және адамгершілігі мол батыр болып өскен. 

Шығу тегі: Адай – Келімберді – Мұңал — Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы. Жаналыдан бес бала: 1. Атағұл, 2. Өтеғұл, 3. Еділбай, 4. Жарылғап, 5. Мырзағұл. Бекет-атаның әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния. Олардың төрт ұлы: Алдаберген, Алдыоңғар, Меңдіғұл, Бекет және қызы Әпуаш болған. Бекет-атаның анасы қасиетті Назар қожаның қызы. Кәрі нағашысы Тама Есет Көкұлы (1667-1766) қалмаққа қарсы соғыстарда елге танылып, батыр атанған. Жергілікті жұрт арасында "Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет" деген сөз сақталған. 

Аңыз бойынша, жасы үлкен Шопан атадан рухани бата алып, Хиуаға оқуға аттанған Бекет медресені аяқтап, қырық жасында сопы болып, пір (мұғалiм, жетекшi) атағына ие болады. Өзінің ғұмырында әулие Бекет Ата Маңғыстауға келіп орныққанға дейін ұзақ жолдарды кешеді. 

Бекет ата ежелгі дәстүр бойынша көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап ғимараттар салған сәулетші, бірнеше мешіт салған. Ел аузындағы әңгімелерде салынған мешіт саны – жетеу, нақты белгілісі – бесеу. Төртеуі тау-төбелерді үңгіп, қашап жасалған. Олар: бiрiншiсі Құлсарыдағы – Ақмешiт деп аталса, екіншісі Бейнеу селосынан 17 шақырым борлы жартаста Бейнеу қорымында, үшiншiсі – Үстірт  жазығындағы Байшағыр жерінде делінеді, сондай-ақ Бозашы түбегі маңындағы Тиген елді мекенінен 37 шақырым қашықтықтағы Тобықты жеріндегі және өзінің  мәңгі  мекеніне  айналған Оғыланды тауының ақборлы жартасты мүйісі қабатынан ойып қашалған мешіті.

Бекет-Ата зираты тек Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның рухани, тарихи және сәулет ескерткіші болып саналады. Сондықтан, бұл өңірге келген адам міндетті түрде Бекет Атаға соқпай кетпейді. 

Ж. Жұмағұлов