Алматы көшелерінде тегін тамақ беретін тоңазытқыш пайда болады

Алматы көшелерінде тегін тамақ беретін тоңазытқыш пайда болады
Фото: qamshy.kz

Алматы көшелерінде тұрғындар артық тағамдарын өткізуге болатын тоңазытқыштар пайда болмақ деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Қайырымдылық акциясы жөнінде ақпаратты ұйымдастырушылардың бірі – Алихан Байқоңыров өзінің Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«Сіздер демалуға алыс сапарға аттанған сайын үйлеріңізде бұзылып кетуі мүмкін азық-түлік міндетті түрде қалады. Немесе мерекелік кештерден соң жеп тауысуыңыз мүмкін болмайтындай азық-түлік қалып жатады, бұзылған соң оны тастайсыздар. Бекер ысырап... Сондай-ақ, тамақ өнімдеріне қатысы бар орындардан да күніне бірнеше келі азық-түлік бекер қоқысқа кетеді», – деп жазды Алихан Байқоңыров.

Аталмыш жағдайларды ескерген ер адам «қайырымдылық тоңазытқышы» акциясын ұйымдастыруды ұсынды.

Алиханның айтуынша, мұндай тоңазытқыштарды ол алғаш рет Денвер көшелерінен көрген. Әр даңғылда, сондай-ақ, ірі дүкендердің алдында жағдайы мүшкіл отбасылар мен зейнеткерлерге арналған тегін тамақ беретін тоңазытқыштар орналасқан.

«Тұрғындар азық-түлікті көптеп әкеледі және қашан әкелгендерін жазып кетеді. Ал жағдайы жоқтар тегін алып тұрады. Тамаша ой! Менің де үйімде желінбей қалатын тамақтар көп болады. Оларды қоқысқа тастауға қолың бармайды», –  деп жазды автор.

Тоңазытқыштар әлі орналаспаған, алайда орналастыру жұмыстары жүргізілу үстінде. Алихан Байқоңыров тоңазытқыштарды қоятын ыңғайлы орын қарастырып жүргендерін жазды.  Әрі Алматы тұрғындарынан қайырымды іске атсалысуды сұрады.

@. @assel_assanova