"Қазақ" атауы ежелгі деректерде...

"Қазақ" атауы ежелгі деректерде...
Фото: brod.kz

ҚАЗАҚ атауы 15 ғасыр емес, 9-10 ғасырлардан бар. Халқымыздың, мемлекетіміздің атауы, "Қазақ" сөзінің қайдан шыққандығы жайлы бірқатар мәліметтермен бөліскім келіп отыр. Кәріқұлақ ақсақалдардан "Қазақ" қайдан шықты?" деп сұрасаң ауызша шежірені айтып, "Қазақ пен Созақ есімді ағайынды кісілерден тарағанбыз" дейді. Бірақ Созақ туралы еш таратып айта алмайды. Созақ деген атау Оңтүстік Қазақстанда және Қырғызстанда екі жерде аудан, елдімекен атауы болып кездеседі.

Ал, ғылыми негіздегі "Қазақ" сөзіне келсек, бұл сөз 850 жылдары грек монахы Епифанидың "Кавказ өңірінде Касогдиана деген халық бар (касог сөзіне қосылған диана - грек-парсыша ел ұғымын береді)" деген мәліметінде кездеседі.

Қазақ деген дұрыс атауымыз Фирдоусидің "Шахнама" дастанында алғаш кездеседі. Ол туралы 1830-80 жылдардағы еңбектерінде А. Левшин, О. Сенковский, неміс А. Вамбири жазған. Неміс ғалымы "Түркі халықтарының этнологиясы мен этнографиясы" деген еңбегінде: "Қазақ есімі ІХ-Х ғасырларда болған. Қазақ хандығы деген ел - Көк теңіздің (Арал теңізі) солтүстігін мекендеп отырған күшті әрі көпсанды жұрт. Тұранның қастасы Иранды қорқытпақ болады" деп жазған. Яғни 900-1000-шы жылдары Қазақ атауы, халқы болған. Оны Византия императоры Константин Богрянародный (913-959 жылд. өмір сүрген) "Об управлении государством" деген ұлына өсиет кітабында: "Зихияның ар жағында Папахия жері бар, оның сыртында Касахия деген жұрт жатыр. Касахиядан жоғары Кавказ тауының ар жағында Алан жері бар" деп жазады. Бұл - Кавказ тауының теріскейінде КАСАХИЯ деген мемлекет болған дегені.

934 жылы араб саяхатшы-тарихшысы Масуди: өзінің "Мурудж әл дзахаб" деген еңбегінде "Алан патшалығының ар жағында кашак (араб әліпбиімен жазылғандықтан, әрі оны орыс ғалымы В. Минорский аударғандықтан "қасақ", касах" дегенді осылай "кашак" деп жазған болар деп есептеймін) деген халық бар. Сол өңірді мекендеген тайпалардың арасында бұлардай беттері кіршіксіз таза, әдемі де көрікті жұрт жоқ" деп жазады. Масуди "кашак" сөзі "өр, өжет, тәкаппар" деген мағына береді дейді. Оны аударған В. Минорский "парсыдағы дайын сөзге еліктеп жаза салған әйтпесе сол кездегі атауы "касах" еді дейді. Орыстың 965-1022 жылдардағы жылнамашылары қазақты "касог" деп жазған.

Одан кейінгі 1000-1400 жылдар аралығында қазақ атауы жиі әрі көбінесе дұрыс жазылған нұсқаларында кездесіп отырады. Ал жанама дерек көзіне сенсек, ҚАЗАҚ сөзі біздің жыл санауымыздың 3-4-ші ғасырларындағы Хорезм өңіріндегі (Қаңлы тайпасы билеген) Топырақ қаладан табылған кісі есімдері арасынан (қаңлының 22 патшасының тізімі) "касак, касасак (батыр сақ) пандсак (ұстаз сақ), Саққазақ патша" деген түрде кездескен.

Қазақ сөзінің этимологиясына келсек. ҚАЗАҚ сөзін - хассақ (нағыз сақ), ақ қаз (аққу киелі құс), қаз - қаздиып тіктелу (биіктік), Қап-қаз, Қаз-бек, Қазғұрт тауларындағы ҚАЗ сөзі биіктік дегенді білдіреді.

Орыс Карамзин (Қара Мырза деген сұлтанның тұқымы): "қазақ - еркін, аттылы аламандар", Г.Благова: "қазақ - жеңіл қаруланған азат аттылылар (гвардия)", Ш. Уәлиханов: "қазақ сөзінің әргі мәні жан мен тәннің еркіндігі мен биік рухын білдіретін европалық серілікке (рыцарь) тән".

Қ. Бекқожин: "Дағыстан поэзиясында ҚАЗАҚ - ер, қайсар, жауынгер болып сипатталады. Құмық тілінде Қазақ - батыр деген мағына беретін сөз. Құмық әдебиеті Қазақ жыраудан басталады". Әзірбайжан ғалымы Кероғлы: "Қазақ сөзі - қас-сақ, не қай-сақ сөздерінен шыққан"дейді. Академик Н. Марр "қазақ, қазар (хазар) тайпаларының түбірі бір, "қаз, қас" сөзінен туады. Қас-пи, Қаз-қи, Қас-оғ тайпаларының есімі солтүстік Кавказ халықтарының, соның ішінде Қазақ халқының атауында сақталған" десе, чех академигі Б. Грозный: "қас-хи, қас-пи тайпалары біздің заманымыздан бұрын Каспий (Қас-пи) теңізінің батыс-солтүстігін мекендеген гүн (хунну, сюнну) тайпасы. Касак, касах, касог сөздерінің түбірі кас (қас,қаз)" дейді.

Біздің заманымыздың басында өмір сүрген грек ғалымы Страбонның мәліметінше, Қаспи тайпасы қазіргі Маңғыстау, Атырау аймағын мекендеп отырған екен.

Міне, қысқаша ғана тарихи деректерге шолудың өзі ҚАЗАҚ сөзінің, сол атауды иеленген тайпа, мемлекет, халықтың арысы біздің дәуірімізден бұрынғы 400-300 жыл (сонда ҚАЗАҚ атауының алғаш кездескенінен бері 2400 жылдай мерзім болғаны), берісі біздің жыл санауымыздағы 8-9 ғасырлардан бері бар екенін айғақтайды. Ал ҚАЗАҚ сөзінің мәні мен мағынасы туралы әлі нақты тұжырым жоқ.

Бірнеше нұсқасын бердім, бірақ соның ішінде өзіме ҚАСПИ -Қас-пи деген тайпаның атынан шыққан-ау деген ой ұнап отыр. Өйткені, Каспий (орысша) Қаспи теңізінің атауында сақталған қаспи тайпасы Батыс Қазақстанда мекендеген, енді олар қайда? Қас -пи, Қас-хи, Қас-оғ, Қас - оқ, Қас - ақ тайпаларының атауындағы түбір ҚАС - қазақ халқының атауының негізін құрайтыны даусыз. Осы Қас тайпасы Шығыстан Қазіргі Қазақстан, Қаспи теңізі аумағына келген Сақ тайпасымен бірлесіп одақ құрып ҚАС - САҚ ОДАҒЫ болған. Осы екі үлкен тайпаның одағының арқасында ҚасСақ - қассақ - қазақ атауы шыққан болар деп ойлаймын. Ал бүгінгі ҚАЗАҚ ұлтын құрайтын (бірқатар түркі тілдес ұлттарды да құрап отырған) тайпа-рулардың басым бөлігі 1-2 мың жылдан бері Қазақстан жерін мекендеген, бірқатары Көне, кейінгі қағандықтармен бірге Шығыстан - Байкөл (Байкал көлі ) маңы, солтүстік Қытай, қазіргі Моңғолия, Алтай, Шыңжаң өлкесі жерлерінен қоныс аударған. Бірақ барлығы да жүздеген (мүмкін мыңдаған) жылдар бойы біресе бір мемлекеттің құрамында, біресе біраз мезгіл ажырап қалып, қайта қауышып, қоянқолтық өмір сүрген.

Аманғали Әбуов
Дереккөзі: ult.kz 
Ж. Жұмағұлов