Орны бөлек Отырар

Орны бөлек Отырар
Фото: nationalgeographic.kz

Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым әбу-Насыр әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең беделдісі де, белгілісі.

Отырар ежелгі заманнан-ақ қаласында ғылым, мәдениет, сауда, даласында егін, мал шаруашылығы қарқынды дамыған әлемдік ірі мәдени орталықтардың бірі болды. VІ-ХVІ ғасырларда Фараб (Отырар) аймақтың бас қаласы, Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық орталығына айналды.

Деректерге сүйенсек, Отырардың соңғы тұрғындары қаланы ХVІІІ ғасырдың орта шенінде тастап Түркістан, Шымкент, Шілік жағына қоныс аударған. Содан бергі дәуірлерде ол қаңырап бос қалды. Жергілікті тұрғындар Отырартөбе деп атап кеткен, үйіндіге айналды. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады. Кең ауқымды зерттеу 1969 жылы Кемал Ақышев басшылық еткен кешенді экспедицияның жүргізген қазба жұмыстарымен жалғасады. Нәтежесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылады.

Осы зерттеулер нәтижесінде көп жылдардан бері Отырар мен оның төңірегіндегі қала-қалашықтардан кездейсоқ және археологиялық қазба жұмыстары барысында көптеген жәдігерлер табылды. Этнографиялық тарихи мұраның дені Шәуілдір ауылындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында сақтаулы.

Монша. XIII-XV ғғ.
ХІІІ ғасырдың екінші жартысында рабад (қала сыртында шаруалар, малшы, қолөнерші, ұсталар тұратын аудан) аумағында, шахристанның (билеушілер, ақсүйектер, дін қызметкерлері мен қаланың бай халқы тұрған бөлік) оңтүстік қақпасының батысында, қыштан монша салынды. Ол жуынатын, буланатын және дене үзетін жайлардан, барлығы 10 бөлмеден тұрды. Монша еден астында орналасқан мұржалар арқылы жылытылып, оның үстінде шыңылтырланған қыш тақталар төселген. Ал су жерасты қыш құбырлары арқылы Отырар су қоймасынан тартылған.

Мешіт. XVI ғ.

XVI ғ. шахристанның бұрын бос қалған аумақтарында қайта құрылыс жүргізіле бастады. Орталық төбенің оңтүстігіне таман орналасқан мешіт құрылысы да осы кезге тура келеді. Мешіттің жалпы ұзындығы әлі белгісіз. Ені 15,5 м. Ғимарат орталық зал мен оған екі жағынан жапсарласқан қанаттардан тұрады. Үлкен залдың есігі порталмен айқындалып, оның көлемі 7х7 метрді құрайды. Михраб пен оның айналасындағы қабырғалар ғанышпен сыланған.

Шахристан қорғаны. VIII-XV ғғ.
Ортағасырлық Отырар бірнеше қатар бекіністерден тұрған. Әдетте қаланы сыртқы жаулардан қорғаған қамалдардың биіктігі 6, ені 4 метрге жеткен. Олардың аз ғана бөлігі осы күнге дейін сақталған. Бұл бекіністердің көбісі пахса мен кесектен соғылған. Уақыт өте келе олар жөндеуден өтіп, күшейтіліп тұрды.

Шахристанның оңтүстік-батыс қақпасы
Кіреберісі қарауылханалардан, қақпа және қырлы мұналардан тұрады. Шығаберісінің екі жағында кесектен тұрғызылған үлкен қарауылхана болған. Бұлар күшті өрттің әсерінен жойылды. Мұнара мен бағанаға қазба жұмыстарын жүргізу барысында күйген кірпіш сынықтары табылды. Өрт салдарынан қақпаның жоғарғы жағындағы кесектері ордың төменгі бөлігіне түскен. Шабуыл кезінде май пайдаланылған деген аңыз-әңгіме шындыққа жанасатындай. Кіреберіс бөлігі жойылғаннан кейін мұнара орнында тұрғын жайлар мен ұстаханалар пайда болған екен.

Дереккөз: nationalgeographic.kz

Г. Берік