Бурабай - Көкше өлкесіндегі ғажайып мекен

Бурабай - Көкше өлкесіндегі ғажайып мекен
Фото: depositphotos, inxti74

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Ақмола облысының Щучье ауданында орналасқан. Саябақтың жалпы аумағы 83 510 га, оның ішінде орман алқабы 47 361 га, жер беті сулары 8 493,5 га. Климаты шұғыл континентальды. Қаңтар айындағы орташа температура -16,70С, шілде айының орташа температурасы +18,60С.


Фото: depositphotos, inxti74

Саябақ аумағына Үлкен және Кішкентай Шабақты, Бурабай, Шортан, Қатаркөл, Майбалық т.с.с. он төрт үлкен-кішілі көлдер кіреді. Көлге құятын Қолшақты, Қылшақты, Сарыбұлақ, Громовая, Иманай сияқты басқа да өзендер бар.

Бурабай көлі теңіз деңгейінен 319 метр биіктікте орналасқан. Көл шығанағындағы Жұмбақтас тауы Бурабай нышанына айналған. Бұл таудың келбеті бір жағынан бойжеткенді, екінші жағынан кейуананы бейнелейді. Бурабай  өлкесінің ең биік тауы Көкше теңіз деңгейінен 997 метр биіктікте орналасқан.

Бурабай табиғаты көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен тартымды. Биік таулар, көгілдір көлдер, қарағай мен қайың ағаштары өлкенің сәнін кіргізеді. Саябақта жануарлар әлемінің 305 түрі бар. Оның 87 түрі сирек кездесетін я жойылуға жақын.

Өсімдіктердің 757 түрі кездеседі. Оның 12 түрі Қызыл Кітапқа енген. Жайқалған ағаштардың 65%-ын қарағай, 31%-ын қайың, 3%-ын көктерек, 1%-ын бұталы өсімдіктер құрайды. Тау қыраттарының үгілуі мен желдің әсерінен Бурабайда Оқжетпес, Ұйқыдағы батыр, Бүркіт, Түйе, құдыр, Сфинкс сияқты ерекше тас мүсіндер пайда болған.

Бурабай өлкесінде қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері орналасқан. Демалыс орындарындағы екі кісілік бір бөлмені жалға алудың орташа құны жаз айларында 10 000-15 000 теңгені құрайды. Жаз айларында балалар лагері жұмыс жасайды.

Бұл аймаққа денсаулығын түзету мен демалу мақсатымен жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шетелден демалушылар келеді. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай. 

Бурабай демалыс орындарында спорт кешендері орналасқан, экскурсиялық бағдарламалар жүргізіледі. Көктем айларында балық аулау маусымы басталады. Бурабай көлдері мен өзендерінде балық аулау үшін алдын ала рұқсат қағазын сатып алу керек. 

Ғ. Ұзақ