Қазақша туризм: 20 000 теңге Қазақстанның қай қаласын аралауға жетеді?

Қазақша туризм: 20 000 теңге Қазақстанның қай қаласын аралауға жетеді?
Фото: 7kun.kz

Елестетіп көріңізші, сіз саяхаттап жүріп бар болғаны 20 000 теңгемен таныс емес қалада қалдыңыз? Қолды бір сілтеп, барынша, қаражаттың жеткенінше қыдыруды шештіңіз. Қалтаңыздағы қаражат қанша күнге жетеді? Мұны 7kun.kz сіз үшін есептеп көрді. 

Қала: АЛМАТЫ

Баспана: Ең арзан 3 жұлдызды қонақүй 5000-6000 теңгеден басталады. Бір бөлмелі пәтер де осы ақшаға табылады. Тиімді нұсқалардың бірі — хостел. Бір тәулік — 1800-2000 тг.

Жол ақысы: Қоғамдық көлік — 80 тг. Метро — 80 тг.

Тамақтану: Қаладағы ең тиімді тамақтанатын орын  «Қағанат» желісі. Таңертеңгі ас — 500 теңге, түскі ас — 800 теңге, кешкі ас — 800 теңге.

Алматыға келген әрбір қонақ Көктөбе мен Медеуге баруды міндет санайды. Көктөбеге дейін фурнитура арқылы баруға болады. Құны — 2000 тг. Барынша арзанырақ әдіс — қоғамдық көлік. Ал Көктөбеге көтерілу үшін арнайы автобус үшін тағы 300 тг төлеу қажет. Барып-келгеніңіз — 600 тг. Жаяу шықсаңыз 100 тг беру қажет.

Алақандағыдай көрінген Алматыны тамашалап болған соң, Медеуге бару қажет.  Конькиді жалға алу 1 сағатқа — 1000 тг, 1 сағат коньки тебу — 1800 тг. Ары қарай Шымбұлақ. Медеуден аспалы жолмен барып келу құны — 2500 тг. Кешкі Алматыны аралау үшін Арбатты ұсынамыз. Шығын қажет етпейді. Түнгі қаланы тамашалап, жақындарыңыз үшін кәдесыйлар сатып алуға болады. Шамамен 1500 теңге жұмсалады. Таксимен қонақүйге дейін қайту үшін шамамен 400-500 теңге қажет.

Бір күнде 14 960 теңге жұмсалып, 5040 теңге қалды. Екінші күні таңғы асқа тағы 500 теңге кетеді. Президент саябағына кіру тегін. Тамаша пейзажға тамсанып, суретке түсіріп, қала тұрғындары туралы ойыңыз қалыптасқан соң 28 Панфиловшы саябағына баруды ұсынамыз.

Нәтиже: 20000 теңге Алматыны 1-1,5 күн аралауға жетті, қалғаны 2780 тг

Қала: АСТАНА

Баспана: Ең арзан қонақ үйлердегі бөлме бағасы 2500 теңгеден, ішкі жағдайы мен орналасуы бұдан жақсырақ қонақ үй бағасы 5000-6000 теңгеден басталады. Тәуліктік пәтер жалдау құны осы шамалас. Сол жағалаудағы пәтер бағасы — 7000-8000 тг.

Жол ақы: Қоғамдық көлік - 90 тг

Тамақтану: Қаладағы ең арзан деген «Избушка» фаст-фуды 800 теңгеден басталады. Таңғы ас үшін орташа баға — 500 тг.

Елордасы Астанада 20 000 теңгемен қыдыру мүмкіндігі қандай?!  Астана деген атты естіген бойда ойыңызға не түседі?! Әрине, Бәйтерек. Жоғарыға шығып қала келбетін көру – 500 теңге. Ішінен кәдесый алсаңыз, ең кем дегенде 2000 теңгеңіз болғаны абзал. Елордаға келіп тұрып, көзге көрінбес сыйды ешкім де алғысы келмейді.

Бәйтеректің айналасын шолу арқылы Ақорда және Ханшатырды көресіз. Ханшатырға кіру тегін, дегенмен кешеннің дәл ортасында орналасқан «Лифтіге» мінгеніңіз жөн. Ол үшін 700 теңге төлейсіз. Егер бұдан да экстремальды ойын түрін білсеңіз қызықпауыңыз да мүмкін.

Сол жағалаудың сәні Әзірет Сұлтан мешітіне бару үшін 90 теңге төлейсіз, ал оның жанынан Бейбітшілік және келісім сарайын көре аласыз. Қонақ үйге немесе пәтеріңізге жол тартқыңыз келсе, 90 теңгеге қоғамдық көлікке немесе 500-1000 теңгеге таксиге отырасыз. Бұл жылдың қай мезгілінде келгеніңізге де байланысты, себебі Елорданың суығы асықпай автобус күтуге шыдатпайды.

Елордада көпшілік қыдыратын тағы бір орын «Думан океанариумы». Ол жерге автобус арқылы да жету оңай. Мұхит асты әлемін тамашалау үшін 2500 теңге төлейсіз. Оның жанынан «Мега» ойын-сауық орталығына бара аласыз.

Нәтиже: Біздің қаржымыз Астананы 2 күн аралауға жетті, қалғаны 4950 теңге.

Қала: ШЫМКЕНТ

Баспана: Пәтер жалдау үшін тәулігіне 3000 тг, ал ең арзан қонақүй 5000-6000 теңгеден басталады.

Жолақы: 50 тг

Тамақтану: Таңғы асқа шамамен 400-500 теңге, түскі ас пен кешкі асқа 600-700 теңге кетеді.

Қазақстандағы мегаполис статус қаласына ие болуға лайықтылардың бірі Шымкент екендігі даусыз. Жергілікті тұрғындар қонақтарға ең бірінші денродпаркте саяхаттауды ұсынады. Дендропарк — алуан түрлі өсімдік шоғырланған саябақ. Жалпы 1400-ге жуық түрі бар. Кіру бағасы — 100 тг, велосипедпен аралап шығу жүру үшін — 500 тг/сағ. Жалпы Шымкентте саябақтар көп. Аттрациондардың негізгі патшалығы «Қиял әлемі» паркінде. Бағасы 150-ден 300-ге дейінгі аралықта болады. Туыстарыңызға кәдесыйларды да осы жерден таба аласыз. Шамамен 1500-2000 кетеді. Орталық циркке баруға да кеңес береді. Бірақ билет бағасы қойылымдарына байланысты әртүрлі болады. Кең баба саябағы - қаладағы ең әдемі бақтардың бірі. Аққуларды көріп, тамаша табиғат аясында суретке түсуге болады.

Шымкентті алақандағыдай көруге болатын Тәуелсіздік саябағына да тегін кіресіз. Ордабасы алаңында Тәуелсіздік мемориалы бар. Оның үш қыры Төле, Қазыбек, Әйтеке атындағы үш көшеге бағытталған. Одан әрі Шәмші Қалдаяқов атындағы аллеяға да бас сұға кетуге болады. Саябақ аралаудан шаршасаңыз, Мұз сарайына баруға болады. Сағатына кіру бағасы мен коньки алу – 900 теңге.

Жергілікті брендтердің дәмін татқыңыз келсе, кондитерлік өнімдер сататын «Мадлен» және «Ладушки» дәмханаларына бас сұғуға кеңес береді. Самса немесе тәтті бәлішті орта есеппен 60-100 теңгеге алуға болады. Жол жүру — 50 тг. Қонақүй бағасы мен аталған орындарды аралау, жол жүру және тамақтану құнын қосқанда шамамен 10 800 теңге кетті.

Нәтиже: Аталған орындарды аралап шығу 1-2 күн алады деп есептесек, 20 000 тг еркін жетті.  Қалғаны — 9 000 тг.

Қала: АҚТАУ

Баспана: Тұрғындар қонақ үйден гөрі пәтер жалдауға кеңес береді. Бір бөлмелі пәтерді шамамен 7 000 теңгеге алуға болады.

Жолақы: Такси қаланың кез-келген бұрышына 200 теңгемен жеткізеді, қоғамдық көлік 70 теңге.

Тамақтану: Таңертеңгілік тамақтану — 600 тг, түскі және кешкі ас  1200 тг.

Барлығының асығатыны — теңіз жағалауы. Тұрғындар мен туристерді де осы маңайдан табасыз. Тегін сұлулық. Батыс өңірі туралы таныстықты Өлкетану музейінен бастаған жөн. Билет бағасы 300-500 теңге көлемінде.

Барлық қызық қала сыртында. Ақтаудан 2-3 сағаттық жерде Форт-Шевченко қаласы орналасқан. Балықтан жасалған мәнті жеп, теңіз тұрғындарының өмірімен танысатын да осы жер. Форт-Шевченкоға такси 1000 теңгеге апарады. Қалада жастардың орталығына айналған Иса-Досан ескерткіші бар. Түнгі көрініс үшін таптырмас орын. Ал күндіз Мұрын Жырау музейіне (билет — 200 тг) және Тарас Шевченко (билет — 200 тг) музейіне келуге болады. Украиналық ақын өмір сүрген жертөлені осы жерден табасыз. Аталған орындарды аралап шығу үшін 13 000 теңгеге жуық ақша кетті.

Нәтиже20 000 тг Ақтаумен танысып, 2 күн қонақ болуға жетті.

Қала: АТЫРАУ

Баспана: Бюджетті турист үшін ең арзан деген 3 жұлдызды қонақүй бағасы 5000-6000 теңгеден басталады. Бір бөлмелі пәтерді де осы ақшаға табасыз.

Жолақы: Қоғамдық көлік: 50 тг

Тамақтану: Қаладағы ең тиімді тамақтанатын орын  «Ложка Вилка» желісі. Таңертеңгі ас — 500 теңге, түскі ас — 800 теңге, кешкі ас — 800 теңге.

Атырауға турист болып келдіңіз делік. Таныссыз, туыссыз қалада түнеу үшін қонақүйге бару керек немесе пәтер жалдауға болады.

Атырау десе ақ Жайығы бірден еске түседі емес пе?! Дегенмен жағалауға бармастан бұрын бірінші «Исатай-Махамбет» алаңына барып ардақты баба ескерткішін көргеніңіз дұрыс. 400-500 теңгеге такси қалаған жеріңізге апарады. Одан әрі Орталық алаңнан жағалауға дейін жаяулатып серуендеп баруға кеңес береді. Жағалауда парк, тамақ ішетін орындардан өте беріп, облыстық әкімшілікті және Бейбарыс сұлтан ескерткішін кезіктіресіз. Әкімшіліктің жанындағы Атырау қалалық мұражайына кірмей кетпеңіз. Кіру — 100 тг.

Кешке Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының қойылымын да бір тамашалау жақсы идея. Қойылымға билет бағасы 700-1000 тг. Қойылымнан шыққан әсермен Жайық жағалауында серуендесеңіздер де болады. Шығын қажет етпейді. Түнгі қаланы тамашалап, жақындарыңыз үшін кәдесыйлар сатып алуға болады. Шамамен 1500 теңге жұмсалады. Таксимен қонақүйге дейін қайту үшін шамамен 400-500 теңге қажет. Бұл күні 10 250 теңге жұмсалды.

Екінші күні таңғы асқа тағы 500 теңге кетеді. Таңғы астан соң Атырауға келіп тұрған соң әйгілі Сарайшыққа баруды ұсынамыз. Жолақысы — 800 тг, барып келу 1600 теңгеге шығады. Бірден тарихи жерден түсіріп кетуін өтініңіз: мешітке кіру, мұражайына кіру — жүз-жүз теңгеден болуы керек. Қаланың орнын, геологтардың, гидтің жақсы әңгімесіне қанық болып, қалаға кері келген соң Жайықты катермен аралау мүмкіндігі бар. Бір айналым 3000 тг. Шамамен 7000 теңге жұмсалды. 20 000 теңге Атырауды 2 күн еркін аралауға жетті.

Нәтиже: 20 000 теңгемен аталған орындарды еркін 2 күн аралай аласыз. Қалғаны 7000 тг

Қала: СЕМЕЙ

Баспана: Қонақүйден орта есеппен 4500-5000 теңгеге нөмір алуға болады. Бір бөлмелі пәтерді 4 500 теңгеге жалдай аласыз.

Жолақы: Қоғамдық көлік 60 тг

Тамақтану: Таңғы асты 400 теңгеге, түскі, кешкі тамақты 600 теңгеге іше аласыз.

Семей-көне қала. Қаланың өзі ескі және жаңа болып екіге бөлінеді.  Бірақ, ең алдымен, Түйемойнақ аралына баруға кеңес береді. Полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» атты монумент сол жерде орналасқан. Такси 1000 теңгеге апарып, алып келеді. Қала ішінде Ахмет-Риза Медресесіне, Ф.М.Достоевский музейін тамашалауға болады. Музейге кіру құны 100 теңге. Ертіс өзенінің жағалауы да қонақтардың сүйікті орны.

Әрине, Семейге келген қонақтардың басым көпшілігі Абай ауылына соқпай кетпейді. Жидебай қорық-музейі қаладан бірнеше сағаттық жерде орналасқан. Жол бойында Еңлік-Кебек зиратына тоқтауға болады. Арнайы экскурсиялық қызметтермен байланысып, 2000 теңгемен барып келуге болады. Қосымша тамақтану құны  — 400 теңге.

Нәтиже: Аталған орындарды аралап шығуға шамамен 10 000 теңге кетті.

Қала: ӨСКЕМЕН

Баспана: Өскеменде пәтерді орташа есеппен 4 000 теңгеге алуға болады.

Жолақы: Қоғамдық көлік — 75 тг.

Тамақтану: Таңғы ас — 350 тг, түскі ас — 550 тг, кешкі асты 800 тг теңгеге алуға болады.

Басты мақтанышы — Ертіс жағалауы. Өзен бойын жағалап, «Өшпес алау» паркіне келесіз. Кіру тегін. Ал қала ішінде «Этнопарк бар». Зообақтан басталып ұшақ пен тікұшаққа дейінгі қызықтарды осы жерден көре аласыз. «Тоспа су» демалыс орнында қайықпен демалуға болады. Таксимен 1000 теңгеге барасыз. Қайықпен серуендеу құны  — 3 000 тг.

Қала сыртында «Алтай Альпісі» демалыс орны бар. Қыста шаңғы тебуге, жазда велосипед тебуге таптырмас орын. Автобуспен 800 теңгеге бара аласыз.

Нәтиже: Аталған орындарды аралауға 13 000 теңге кетті. Қалғаны 7 000 тг.

Қала: ҚАРАҒАНДЫ

Баспана: Орталықтан болмаса да, жақсы аудандардан Қарағандыда 4-5 мыңға пәтер тауып аласыз.

Тамақтану: Қалада кешенді түскі ас ұсынатын асханалар жеткілікті. Бағасы шамамен 350-500 тг көлемінде. Бір күнде үш мезгіл тамақ ішкен болсаңыз, кешке дейін орта есеппен 1000 тг жұмсайсыз.

Жолақы: Қоғамдық көлік бағасы — 80 тг.

Қарағандыға келген соң, ең әуелі Карлаг мұражайына экскурсия жасағаныңыз дұрыс. Уақыт үнемдеу үшін вокзал маңынан минивен тауып отырыңыз. Қарағандылық таксилер қаланың ішінде қымбат баға сұраса да, сыртқа шыққанда аз алады. 200 теңгеге дейін алдымен Долинка кентіне бару керек. Әрі қарай 100 теңгеге тағы да такси ұстауыңызға тура келеді. Сонымен мұражайға барып келу үшін 600 теңге ақшаңыз кетті. Ішіне кіру үшін билет құны 500 теңге, жалпы алғанда 1100 теңге жұмсайсыз.

Қарағандыға қайтып оралған соң, Кеншілер Мәдениет үйінің алдынан түсіп қалыңыз. Осы жерде әйгілі кеншілер мүсінінің алдында естелік суретке түсуіңізге болады. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына соғыңыз. Қойылым көргіңіз келсе, 500 тг билетке жұмсайсыз. Шыққан соң орталық саябақ та алыс емес. Дәл іргеде тұр. Ішін аралап, көлді жағалап серуендеуіңізге болады. Бастысы тегін. Бұдан әрі «Сити Молл» сауда үйіне де кіріп шығыңыз.

Бір күндік шығыныңызды есептеп көрсек. Пәтер ақыға 5 000 тг бердіңіз. Карлагты көру үшін 1 100 тг кетті. Тамақтану үшін 1 000 тг шығардыңыз. Театрға баруға 500 тг жұмсадыңыз, пәтерден орталыққа келіп-кеткен шығыныңызды қосқанда бір күнде (80+80=160), жиыны 7760 тг жұмсаған екенсіз. Тағы бір қонып шығу үшін пәтерге 5000 тг бересіз. Келесі күні тамақтану үшін 1000 тг алып қаласыз.

Нәтиже: Қарағандыны 2 күн аралау үшін шамамен 14000 теңге жұмсалды. Қалғаны: 6000 тг

Дереккөзі: 7kun.kz

Қ. Бүйенбай