Қазақстанға келген әрбір турист орташа есеппен $272 жұмсайды

Қазақстанға келген әрбір турист орташа есеппен $272 жұмсайды
Фото: www.analitika.kz

Әлемнің және әрбір елдің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) бақылап отыратын экономистер сараптама жүргізді. Жұмыстарының нәтижесін жыл сайын өтіп отыратын кезекті форумда талқылады. Форум кезінде туризм тақырыбына көп көңіл бөлінді. Жалпы 141 елдің туризмі саласында соңғы бір жыл ішінде 7 триллион АҚШ доллары айналымға түскен. Нәтижесінде әлемнің ЖІӨ-і 9,5%-ға артқан. Бұл туралы Forbes Kazakhstan хабарлады.

Бүкіләлемдік экономикалық форум талқыға салған мәселелер ішінен екі негізгі қаржы сараптамасын атап өтуге болады.

1. Туристердің белгілі бір елде жұмсаған қаржы мөлшері. Ең жоғары көрсеткіш АҚШ еліне тиесілі болып отыр. АҚШ-тың туризм саласындағы жылдық табысы – $137,1 млрд. Қазақстанда бұл көрсеткіш АҚШ-пен салыстырғанда 1 000 есе аз болып, 1,34 миллион АҚШ долларын құрап отыр.

2. Белгілі бір елге келген туристер саны. Өзіне туристерді тарту бойынша Франция бірінші орында тұр. Елге бір жылда 85 миллион турист келген. Ал Қазақстанға соңғы бір жылда 4,9 миллион адам келіпті.

Жоғарыда аталған екі сандық көрсеткіштің көмегімен елімізге келген әрбір турист орташа есеппен қанша ақша жұмсағанын білуге болады. Алғашқы 50 елдің көрсеткішіне сүйене отырып, әрбір туристің шетелге саяхаты барысында $1 100 жұмсайтынын анықтадық. Ең көп қаржыны Люксембург ($5 100) еліне келушілер жұмсайды екен. Тізімді Аустралия ($4 800) мен Жаңа Зеландия ($2 800) жалғастырады. Ал Қазақстан бұл статистикалық тізімде 47-орынды иемденіп ($272) отыр. Одан кейін ҚырғызстанЗамбия және Мьянма елдері келеді. Ал Ресей $422 қаржы көрсеткішімен 45-орынға тұрақтаған.

Айта кетсек, 2013 жылы туризм мен саяхат салаларына қатысты әлемдік бәсекелестік рейтингі (әр бес жылда дайындалады) жасалған болатын. Аталған тізімде Қазақстан 86-орынға табан тіреген. 

 

Ж. Өрісбай