Талғат Ермегияев ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы сұхбат берді

Талғат Ермегияев ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы сұхбат берді

Екі жылдан кейін Астананың төрінде ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі - ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған бұл шараға әлемнің түпкір-түпкірінен мыңдаған адам келіп, арнайы орталықта өз жетістіктерін паш етпек. Бүгінде осы жұмысқа жауапты «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы қызу дайындық үстінде. Ал осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды? Көрме қонақтарын нендей жаңалықтар күтіп тұр? «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне сұхбат берген компания басшысы Талғат Ермегияев осы жайында кеңінен әңгімелеп берген еді.

- Талғат Амангелдіұлы, осы қазақстандық бизнес тарапынан көрме жобаларын іске асыруға қызығушылық бар ма? Жалпы, құрылыс жұмыстарына қатысатын отандық компаниялар көп пе?

- Бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер Астанадағы ЭКСПО нысандарының құрылысына білек сыбана кірісіп, ортақ іске ат салысуға дайын. Біз оларды көптеп тартуға тырысып жатырмыз. Себебі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, ЭКСПО аясында отандық тауар өндірушілеріне жан-жақты қолдау жасаған жөн. Әлбетте, біз барлық кәсіпкерді қамтып, олардың бәріне бердей тапсырыс бере алмаймыз. Өйткені кез келген жобаның шегі мен шектеулері болады.

Осы уақытқа дейін еліміздің сан алуан өңірлерінен шыққан отандық тауар өндірушілерімен шамамен 60 млрд теңгеге келісімшарттар рәсімделді. Бірақ аталған сома мен кәсіпорындардың саны әлі де өсетін болады. Оны мен сенімді түрде айта аламын. Дәл қазір ЭКСПО-ның құрылысына ат салысатын қазақстандық компаниялардың нақты саны белгісіз. Себебі бір кәсіпорын бірнеше жобаға қатысып, жұмыс істей алады. Дегенмен, шағын және орта бизнеске жататын 50-100 шақты компания құрылыс жұмыстарына қатысады деп ойлаймын.

Ал көрмені ұйымдастыру шаралары басталғанда, жұмыстар мен қызметтердің басқа түрлері қажет болады. Біз оған да өзіміздің компанияларымызды көптеп тартуға тырысамыз. Алайда бұл жерде маңызды бір мәселені атап өткен жөн, қазақстандық компаниялардың барлығы әлемдік сапаға сай келетін жұмысты көрсете алмайды. Әрине, біз осы уақытта да отандық бизнеске басымдық беретін боламыз. Дегенмен, жоғарғы деңгейде атқарылатын жұмыстар болса, оған әлемдік аты бар компаниялар шақырылады.

- Білуімізше, Сіз арнайы сапармен аймақтарды аралап, отандық компанияларды өзіңіз іздеп келдіңіз. Компаниялар қандай талаптар бойынша іріктеледі? Барлық аймақта болдыңыз ба?

- Біз аймақтарды жай аралаған жоқпыз. Сапарды жоспарлаған кезде кімнің қай жерде, қай салада істеп жатқанын зерделеп шықтық. Мәселен, қазіргі кезде ЭКСПО-ның бірінші кезеңі – құрылыс жұмыстары атқарылуда. Сондықтан бізге осы саладағы компаниялар қажет. Елімізде Қарағанды, Павлодар сынды индустриалдық аймақтар бар. Міне, біз алдымен осы өңірлерді аралап шықтық. Астана қаласы да тыс қалған жоқ. Қазірдің өзінде тауарларды жеткізу бойынша астаналық компаниялармен 10 миллиард теңге көлеміндегі меморандумдарға қол қойылды. Біз бүкіл Қазақстанды аралап, өзімізге бір пиар жасауды көздеп отырған жоқпыз. Сондықтан келісімшарттар алғашқы қажеттіліктерге қарай жасалды.

Бүгінде отандық бизнес тарапынан сан алуан ұсыныстар түсуде. Атап айтқанда, арнайы киімдерді тігу және тағы басқа қызмет түрлері бар. Біз оның барлығын қарастырып, бағасы мен сапасы сай келетін компаниялардың тізімін әзірлеп жатырмыз. Әзірше, құрылыс компанияларымен тығыз жұмыс жасалуда. Уақыты келгенде басқалар да тапсырыс алатын болады. Негізі, бізде уақыт тым аз. Енді, ауқымды жұмыстың барлығы қолымыздан келе ме, келмей ме? Уақытында істеп үлгереміз бе, жоқ па? Халықты осы сауалдардың жиі мазалайтынын білеміз. Екінші бір мәселе – баға. Міне, осы екі мәселе төңірегінде сұрақтар жиі туындайды. Алайда қазір ЭКСПО қалашығының уақытында тапсырылуына ешкім күмән келтірмейтін шығар. Шынымды айтсам, менде басқа амал да, артқа шегінер жол да жоқ. Тапсырма берілді ме? Оны орындау қажет. Біз ол міндетті орындап шығамыз. Оған қатысты қиындықтар болмайды деп ойлаймын.

- Инвестицияларды тарту саласында қандай жетістіктер бар? Осы уақытқа дейін неше келісімшарт рәсімделді? Қандай соммаға? Әлемдік аты бар ірі холдингтер мен компаниялар тарапынан қызығушылық бар ма?

- Иә, әлемдік аты бар компаниялардың ішінде қызығушылық танытып отырғандар баршылық. Мәселен, Samsung компаниясы бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірген. Алайда әзірше инвестиция құюға дайын емес. Францияның ең ірі құрылыс компаниясы - Bouygues та қызығушылық танытты, бірақ олар мердігерлік жұмыстарға тапсырыс алуды көздеді. Соған қарамастан, бүгінде біз 127 миллиард теңге көлеміндегі инвестицияларды тартып отырмыз. Бұдан бөлек, жақында мен бір кәріс компаниясымен кездестім. Олар тағы 200 миллион доллар құюға дайын. Қазір келісімшартты рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы, ЭКСПО-ға үш шетелдік компания ақша құйып отыр. Бірлескен кәсіпорындар да бар. Дегенмен, қазақстандық инвестициялардың мөлшері басым болып тұр. Ол нені көрсетеді? Меніңше, бұл жағдай отандық бизнесмендердің осы нарықты жақсы білетінін көрсетсе керек. Олар тәуекелдерді жылдам бағалап, тез шешім қабылдайды. Соның арқасында шетелдік компанияларға қарағанда, шұғыл іске кірісіп жатады. Ал шетелдіктерге сенімді серіктес керек. Оған көп уақыт кетеді.

Неге ЭКСПО-ға ақша салған тиімді? Неге барлығы осы жерге келуге тырысып жатыр? Өйткені көрмені өткізу үшін бөлінген аумақ болашақта қаланың бірігей ауданы болып қалады. Уақыт өте келе, ол жер ғылыми- технологиялық орталыққа айналады. Бүгінде біз инженерлік желілерді тартып, инфрақұрылымды өзіміз жасап жатырмыз. Демек, инвестиция салуға қолайлы жағдай бар. Оған қоса, ЭКСПО туралы заң аясында салықтық жеңілдіктер беріледі. Осылайша біз аталған жобаны тартымды етіп отырмыз. Мәселен, қазір сіз ЭКСПО-ға қатысып, ақша саламын десеңіз, мен үшін жер учаскесін табу қиынға соғады. Шағын жер телімдері қалды. Бірақ біз оны шағын және орта бизнесті дамыту үшін қалдырып отырмыз. Ол жерде дүңгіршектер, бутиктер мен дүкендер ашылады. Сондықтан көрме аумағында қазір бос жер қалмады деуге болады.

- Үкімет биылғы бюджетті нақтылау барысында ЭКСПО нысандарының құрылысына жұмсалатын шығындарды 10 млрд теңгеге қысқартты. Аталған шешім нысандарды пайдалануға беру мерзіміне, я болмаса, құрылыстың сапасына кері әсерін тигізбей ме? Жалпы, осыдан кейін сіздердің жоспарыңызда өзгеріс болмай ма?

- Әрине, ондай шешім жоспарларымызға біршама өзгеріс енгізбек. Бірақ құрылыстың сапасына еш әсер етпейді. Ақшаның көлемі көп болсын, аз болсын, біз жобалау және құрылыс кезінде әлемдік стандарттардан ауытқымаймыз. Ал нысандарды пайдалануға беру мерзіміне келер болсақ, құрылыс жұмыстарының негізгі кестесі сақталады. Дегенмен, біз ол кестені сәл түзетуді шештік. Алдымен ірі нысандар іске қосылатын болады. Артынан күрделі емес нысандар салынады. Біз оларды кейінге қалдырып отырмыз. Қазір бірінші кезекте 25 гектар жерді игеріп, халықаралық және тақырыптық павильондарды, қазақстандық павильонды, конгресс-орталықты, қонақ үй мен корпоративтік павильонды салып қою қажет. Алайда негізгі мақсат өзгерген жоқ. 2016 жылдың аяғына қарай барлығы дайын болуы шарт. Айтпақшы, биыл біз өз кеңсеміздің таныстырылымын жасайтын шығармыз. Ол «жасыл технологиялар» негізінде жұмыс істейтін бетке ұстар кеңсе болмақ. Күзде келіп көрсеңіз болады, кейбір нәрселер сізді таңқалдыруы бек мүмкін.

- Бір ретте сіз билеттердің бағасын барынша төмендету бастамасын көтердіңіз. Ол бастамаңыз іске асқан жоқ па?

- Меніңше, халыққа сатылатын билет құнын 28 еуродан 1 мың теңгеге, тіпті 500 теңгеге дейін түсіру керек. Бұл бастаманы іске асыра аламыз деп ойлаймын. Біз ЭКСПО-ны тек теледидар арқылы көру үшін ғана емес, халық оған барып көрсін деп, жасап жатқан жоқпыз ба? Негізі, 28 еуроны кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан бір билеттің құны ел азаматтары үшін 1 мың теңгеден аспауы керек деп санаймын. Әрине, қалтасы қалың азаматтар үшін VIP-билеттер болады. Біз билеттердің бірнеше түрін жасауды ойластырып отырмыз. Әлбетте, билеттің бағасы қымбат болатын күндер бар. Ол кезде адамдар көп келеді. Міне, соның есебінен жергілікті халық үшін билеттердің құнын қолжетімді етуге болады.

- Қазіргі кезде нақты қай мемлекеттердің келетіні белгілі ме?

- Бүгінде 16 мемлекет Астанадағы көрмеге қатысамыз деп, жазбаша түрде өз өтініштерін растады. Олардың ішінде Әзірбайжан, Ангола, Армения, Беларусь, Германия, Грузия, Үндістан, Монако, Ресей, Сенегал, Сент-Китс пен Невис, Түркменстан, Израиль, Вьетнам, Пәкістан мен Түркия «Менің басқа амалым, тіпті артқа шегінер жолым да жоқ» 8 бар. Сондай-ақ Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған әлеуметтік-экономикалық комиссия, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен ЮНЕСКО өз келісімдерін берді. Демек, қазіргі кезде 19 мемлекет пен халықаралық ұйым Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келетін болып жатыр. ТМД елдерінің бәрі қатысады деген сенім бар. Сондай-ақ, Англия, Франция, Германия, Италия секілді ірі елдердің қатысатынына күмән жоқ. Осы саладағы жұмыс жалғасуда. Біз көрмеге қатты қызықпай отырған мемлекеттермен де хабарласып, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 100-ден астам елдің өкілдері келеді деп едік қой. Меніңше, аталған межені орындауға әбден болады.

- ЭКСПО-ны өткізу шараларына қанша ерікті қажет болады? Қазір көрмеге қатысамын дейтін еріктілер бар ма?

- Еріктілерді тарту оңай шаруа емес. Бүгінде қоғамда мынандай бір түсінік бар. Бізде еріктілерді жинағанда, әкімдіктерге және жоғарғы оқу орындарына қоңырау шалып, осы жұмысқа барлық оқушы мен студенттерді «қуып әкеледі» деген пікір қалыптасты. Ондайға жол берілмейді! Себебі еріктілерді «қуып әкелсе», қызмет көрсетудің сапасы ойдағыдай болмайды. Біз бұл мәселені басқаша шешуді ұйғардық. Биыл 300-500 адамнан тұратын топты дайындау қажет. Оған 18 жасар қыз-жігіттерді емес, мемлекеттік қызметте, бизнесте жүрген, жасы біршама үлкен, білімі мен тәжірибесі бар адамдарды іріктеп аламыз. Солардың арасынан еріктілерді басқаратын жетекшілер тағайындалады. Біз оларға ақша төлейміз, я болмаса, үкіметтің көмегіне жүгініп, ЭКСПО кезінде жұмыстан төленетін жалақаны сақтап тұруды сұраймыз. Әрине, еріктілер ағылшын тілін білуі тиіс. Қазір барлығы бірдей ағылшын тілінде сөйлей алмайды. Сондықтан біз оларға арнап оқу бағдарламасын дайындап жатырмыз. Айта кетер жәйт, біз шын ниетпен ерікті болғысы келетін азаматтарды, былайша айтқанда, нағыз еріктілерді таңдайтын боламыз. Біреуді міндеттеу, күштеп апару деген болмайды.

- Парламент Мәжілісінде өткен отырыстардың бірінде депутат Алдан Смайыл қымыз бен қазы сияқты ұлттық асымызды ЭКСПО қонақтарының алдына тарту керек деген ұсынысын жасаған болатын. Сіз оған қалай қарайсыз?

- Көрме аумағында көптеген мейрамханалар болады. Осы мейрамханалардың біреуі міндетті түрде ұлттық нақышта салынады. Онда біздің барлық ұлттық тағамдардың қойылатыны сөзсіз. Дәл сол жерде көрме қонақтары, шетелдік туристер бешбармақ, қазы, қымыздан дәм татып көре алады. - Көрме қонақтарының көңілін көтеру үшін ойын-сайық бағдарламалары да болатын шығар? - Ағымдағы жылдың соңына дейін біз ойын-сауық бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеп қоямыз деп ойлаймын. Көрме үш айға созылады. Демек, үш ай бойы біз халықтың көңілін көтеруіміз керек. Әрине, біздің компания оның бәрін өз күшімен жасай алмайды. Сол себепті ойын-сауық шараларына осы іспен айналысатын компанияларды тарту қажет. Испандық, американдық, қытайлық компаниялар бар. Біз оларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырып жатырмыз. Олар да қарсы емес, сан алуан бағдарламаларды ұсынып отыр. Мысалы, әлемге әйгілі Дю Солей деген цирк бар. Олар ең үлкен шоуды ұсынады. Мен оны көріп қайттым, бәрі жақсы. Бірақ біз үшін ол тым көп болады. Олар бәрін циркке айналдырамыз дейді. Бізге ондай бағдарлама келмейді, өйткені көрмеге әр түрлі жастағы адамдар келеді. Бәлкім, оның кейбір элементтерін алып, өзіміздің дәстүрлі музыкамыз бен операмызды қосатын шығармыз. Меніңше, оның бәрін үйлестіріп, біздің көрерменімізге лайықтап шығаруға болады. Қазіргі жоспарға сәйкес, ЭКСПО аясында 3 мыңнан астам ойын-сауық шарасы болады.

- ЭКСПО нысандарын көрмеден кейін пайдалану мәселесіне қатысты сұрақтар көптеп қойылып жүр. Қазір қандай да бір жоспар бар ма?

- Иә, жоспар бар. Ағымдағы жылы шілденің 1-іне дейін мен ол жоспарды үкіметтің қарауына ұсынатын боламын. Содан кейін Елбасыға есеп беремін. Конгресс-орталық секілді нысандар қалаға берілуі керек екені түсінікті. «Сфера» ғимаратын алайық, әлемде оған ұқсайтын басқа ғимарат жоқ. Ол ойын-сауық нысанына мүлдем келмейді Сондықтан оны ғылыми орталық немесе мұражай ретінде пайдаланатын шығар. Қазіргі кезде аталған ғимаратты көрмеден кейін пайдалануға қатысты бірнеше ұсыныс бар. Соның бәрін зерделеп, үкіметтің талқылауына енгізу керек. Оны тек «Назарбаев университетінің» студенттері ғана емес, басқа да оқу орындарының шәкірттері де ғылыми орталық ретіне пайдалануы тиіс. Біздің негізгі ұсынысымыз - сол. Аталған мұражай-орталықта соңғы инновациялық жаңалықтарды жинауға болады. Соның арқасында біздің студенттер озық технологияларды өз көзімен көріп, танып біле алады. Ғимараттың үстіңгі қабатында арнайы алаң болады. Оған шығып, биіктен Астаны тамашалауға мүмкіндік бар. Халықаралық павильондарға келсек, әр түрлі ұсыныстар айтылып жүр. Оларды сатуға, жалға беруге немесе министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің әкімшілік нысандары ретінде пайдалануға болады. Осы уақытқа дейін өткен ЭКСПО көрмелерінің бір қателігі – павильондарды басқа мақсаттарға пайдалану мүмкін емес. Барлығы павильон болып салынды, павильон болып қалды. Біз болсақ, оның барлығын ары қарай пайдалану мәселесін жан-жақты ойластыратын боламыз.

- Қазақстанда көптеген мұнай өндіруші компания жұмыс істейді. Олар ЭКСПО-ға демеушілік жасауға ниет білдіріп жатқан жоқ па?

- Ондай компаниялар үшін бізде тиісті ұсыныстар бар. Оларды нақты бір бағдарламалар бойынша тарту жоспарланған. Мәселен, көрме аумағында балабақша немесе инновациялық мектепті салу, билеттерді барынша қолжетімді ету үшін қосымша қаржы бөлу сияқты ұсыныстар бар. Атап айтқанда, біз Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC компаниясымен хабарласып көрдік. Олар 50 миллион доллар беруге келісті. Қазір біз осы мәселе бойынша тағы бір ірі компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатырмыз. Ол ақшаның бәрін технологияларды пайдалану, қаланың келбетін жақсарту және тағы басқа шараларға жұмсауды көздеп отырмыз.

- Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Ақпарат көзі: «Интерфакс-Қазақстан»

Сурет: old.liter.kz

Ж. Исакаев