- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Аңшы құралы қандай...
Аңшы құралы қандай болу керек?
Аңшы құралы құсбегі құралынан сәл өзгешелеу, киетін киімі саятшы киіміндей қимылдап-қозғалуға икемді әрі жеңіл болғаны дұрыс. Тазысын ерткен аңшы далада көп жортып, күні бойы қимылдап, жан-жақты шолып, жіті көп бақылайтындықтан күн сәулесі қарға шағылысып көзін шаршатады. Сонан көзін қорғайтын "көзқарықтық" немесе "көзілдірік" деп аталатын құрал тағады. Оны адамның екі шықшытын басып тұратындай етіп кәдімгі көзілдірік пішінінде кесіп алған тері, ұзындығы бір қарыс, ені үш елі былғары, қара түсті қалың матадан екі көзге келетін ортасын ойық етіп жасайды. "Көзілдірікті" аңшы көзіне тағып, екі ұшына тағылған баумен бір-біріне байлайды.
Оны қарда мал бағып жүрген қосшы (жылқышы) мен қойшылар жиі киген. Аталған аспап күн сәулесі қарға шағылысып, көзі жасаурап, қышып ауруынан қазақ "көздің қарығуы" (орысша оны "снежная слепота" атайды) деп аталатын сырқаттан сақтайды. Қар жиі жауатын өңірдің малының көзі де қарығып ауыратындықтан тіптен малдың көзіне де киізден, былғарыдан істеп байлаған. Тазы итін көзқарығудан сақтау үшін көзінің шарасын айыалдыра кәдімгі ошақтың қара күйесін жағып қояды. Бірақ қыста далада ұзақ жүрген кезде тағатын нағыз көзілдірік жылқы терісінен жасалады, дейді белгілі шебер Д.Шоқпарұлы. Оған жылқының иленбеген шикі терісін жібітіп, түгін жидітіп алған соң, көзді жауып тұратын тұсын сопақшалап, көзілдірік пішінінде пішіп алады да, көздің тұсынан көлденең тілік тіліп, тері тобарсыған (шала кепкен) кезде тіліктердің арасындағы жолақты көлбеу бағытқа бұрып, тері көңге айналғанша көлеңкеде кептіріп қояды. Оған шүберектен ызылған бау немесе биязы жарғақтан тілінген бүлдірге таққан.
Тазы ерткен аңшы қолына аңды ұрып алатын құрал - сабы ұзын дойыр қамшы немесе қайын сойыл, шоқпар алады. Түлкіге шықса қолына түлкі соғатын ұзын құрық алады. Бастысы, тазыны жетектеп байлап алатын шылбыр да артық етпейді. Тазыны үйреткенде оны қажет кезін дежекіп, ұрып та алатын ұзындығы бір құлаштай шыбыртқы аңшының қолынан түспейді. Ал саятта тазының жүрегін жалғап, аузын қимылдататын ет, тамақ салып алып жүретін көлемі үлкендеу "жемқалта" жанынан тастамайды. Аңшы да саят аты тәрізді ұзақ жүріске төзімді атты таңдайды. Ердің айылын төстей тартады, саятшыдан гөрі өрлеп-құлдилай, қияда, ойда көп жүретін болғандықтан, аттың ер-тұрманы толық сайма-сай, өмілдірік, құйысқан, қосымша айыл тартылуы шарт. Ердің қасынан сусын құйылған теріден жасалған жанторсығы, жаз жамылғысын, қыс ішігін қанжығадан тастамаған. Аңшының ажырамас атрибуты - пышақ бірнеше мәрте суарып жасаған өткір келеді. Кәдімгі пышақтан айырмасы аз. Тек қарбаласта суырылып түсіп қалмауы үшін пышақтың дүміне орнатылған шығырығымен қынға бекітілген бүлдіргімен байлап қояды. Оған қоса аңның сирағын шығару, пұшпағын алуға қолайлы түрлі өткір кездік, бәкі қоса алып жүреді.
Аң-құсты үркітуге адам аяғы бара алмайтын жерге жыңғыл, жықпылға қарай ортасында көлемі адамның алақанындай, екі ұшына тағылған баулы зақпымен тас атады. Бұған қоса аңшы аң үркітетін аспаптар - шың, кепшік, дауылпаз, сақпан тәрізді шуылдақ шығаратын аспаптарды және олжасын байлайтын белқанжыға, шәңгек алып шығады. Аңшы олжасын белқанжығаға іліп, аттың қанжығасына байлаған. Оған көбіне қоян, үйрек, қырғауыл ұсақ олжаларын іледі. Оны арқанның немесе қамшының өрімі тәрізді етіп өрілген жуан таспалардың ұшын тұйықтап қойған немесе темір шығырық тағып жасайды. Өрімнің бас жағына да шығырық тағылып, оған ілгек бекітіледі. Ол ілгек кісе белдікке немесе қанжығаға байланады. Таспаның ұшындағы шығыршықтардан таспаның өзін өткізіп, тұзақтап алып, оған түз тағысын сирағынан қыстырып алады. Аңшылар қасқыр, қабан, мәлін, сілеусін тәрізді ірі аңдарға қақпан құрғанда шынжырдың бір басына шәңгек байлап қоятын. Оны тармақтала өскен бұтақтары бар қатты ағаштан немесе еліктің мүйізінен немесе темірден жасайды. Қақпанды сүйреп кеткен кезде шәңгекжерді сызып, із қалдырып отырады. Соны бағдар етіп тазысын қосып азулы жыртқышты алдырады. Кейде шәңгектің ілмектері ағаштың түбіріне ілініп те қалады. Шәңгекті құсбегі балапанды ұядан аларда биік шыңқұздарға өрмелеп шыққанда пайдаланады. Шәңгек байланған арқанды жоғары лақтырып, кері тартып көреді, егер шәңгектің ілгегі ағаш, бұта түбірі, тастың бедері т.б. берік ілінгеніне көзі жетсе, сол жіптің көмегімен тырмысып жоғары өрмелейді.
Аңшылар саятта көбіне тазымен жүрген кезде топ-тобымен шыққан кезде кең алқаптағы аң-құсты қуып үркітуге сан алуан шуыл шығаратын аспаптарды қолданады. Оның жиі қолданылатын түрі - сақпан. Оның тұтқасынан ұстап айналдырғанда дырылдаған дыбыс шығаратын, ортасында кертікті тістері бар айналып тұрған екі қақпақты тетік. Тағы бір түрі - тұтқасынан ұстап сілкігенде қақпақтары бір-біріне тиіп, сартылдаған дыбыс шығарады. Шеңбері ағаштан дөңгеленте иіліп, шанағына түгінен тазартылған ешкінің немесе түйенің шылғи терісін керіп жасаған дабыл ну орман-тоғайдағы құстарды, аңдарды үркітуге көбіне оңтайлы деп есептеген. Беті дөңес, дөңгелек келген металл ағаш қаққышпен соққанда шыңылдаған дыбыс шығаратын шың, жорықтарда айбар беріп, қыр көрсететін дауылпазды қолданады.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Сурет: kazakia.kz
Е. Жұмабайұлы