- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Таразда «Қазақ хандығының...
Таразда «Қазақ хандығының құрылу тарихы» кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясының тұсаукесері өтті. Шараны аталған оқу орны жанындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Жиынды ТарМПИ ректоры, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова ашып, жүргізіп отырды. Д. Пернешқызы өз сөзінде: «Биылғы жылы Қазақ елі «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойлағалы отыр. Арғы-бергі дәуірде, қилы заманда әлемдегі талай ел мен жұрт тарихтың толқыны мен жаугершіліктің жойқынына төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Атамекенінен айырылып, атажұрты тарылып, өскен елден өшкен елге айналғаны қаншама. Ал бізде – қалың ел де бар, ұлан-байтақ жер де бар. Ең бастысы, Елбасының сарабдал саясатының арқасында абыройы артқан, мерейі тасқан, төрткүл дүниеге мүмкіндігін мойындатқан мемлекетіміз бар. Осы орайда тарихымызды түгендеп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру үлкен міндет екендігі белгілі. Міне бұл тарапта осындай нақты ғылыми тұжырымдамалармен жазылған еңбектің маңызы орасан зор екендігі бесенеден белгілі» деп кітаптың мәніне тоқталып өтті.
Мерейтой қарсаңында жарық көрген ғылыми еңбекте орта ғасырдағы қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті – Қазақ хандығының құрылу тарихының мәселелері қарастырылған. Автор әр тілде жазылған көптеген ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне, түрік халықтары мен қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарына сүйене отырып Қазақ хандығының құрылу тарихындағы күрделі мәселелерді жүйелі түрде тереңірек зерттейді. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы бір кезеңде жүзеге асқан тарихи үрдіс деп есептеп, Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақ хандығы құрылуының теориялық-әдістемелік мәселелері, хандықтың құрылуының зерттелуі, оның деректері, этникалық және саяси алғышарттары, хандықтың құрылу барысы мен кезеңдері, «қазақ» этнонимі, сондай-ақ хандықтың құрылуының маңызы сияқты мәселелер қарастырылады. Туындыда 60-тан астам шығыс деректерінің мәліметтері пайдаланылған. Бұл – қазақ хандығы туралы жарыққа шыққан тұңғыш монография. Кітапта тарихи деректермен қатар аңыздар да келтіріледі.
Монография ЖОО студенттеріне, магистрлар мен докторанттарға, тарихшыларға, қоғамтанушыларға, жалпы қазақ елінің тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.
Жиын соңында оқытушылар мен студенттер кітап авторына қазақ тарихына қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды.
Жолдаған: Жандарбек АСАН
Сурет: Жандарбек Асан
Ш. Талап