Дәстүр сөйлейді. «Біз шаншар» және «Қыз қашар»

Дәстүр сөйлейді. «Біз шаншар» және «Қыз қашар»

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Біз шаншар (салт). Кең-байтақ Қазақстан даласында салт-дәстүрлердің қызықты түрлері көп. Бірақ олар бір-бірінен онша алшақ емес. Соның бірі - «біз шаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында «жаушы» орынына осы «біз шаншар» салты қолданылады. Ақсақал-қарасақалы аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар» құда болайық дегенді білдіреді.

«Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді. (Х. Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» - жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстаттар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін-бір көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін-бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді. 

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, ол қазақ заңында өте ауыр іс саналды. Оның арты үлкен дауға ұласып жатады. Күйеу себепсіз бас тартса, бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады және айып төлейді.

Ғ. Аманованың «Халықтық педагогика-даналық мектебі» кітабынан алынған.

Сурет: 15.astana-bilim.kz 

Е. Жұмабайұлы