- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Тәуелсіздік күніне орай...
Тәуелсіздік күніне орай флешмоб ұйымдастырылды
Бүгін, 9 желтоқсан күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Тәуелсіздігіміздің 23 жылдық мерекесіне арналған «Тәуелсіздік – тірегім, деп соғады жүрегім» атты флешмоб болып өтті.
«Төкпелі замандардан аман өттік,
Аңсаған армандарға талмай жеттік.
Егеменді ел болып өз алдына,
Көк туымызды биікте желбіреттік!», деген жастар акцияда ұлттық рухты көтеретін әндерге шоу көрсетті. Флешмобқа жалпы саны 50-ден астам студент қатысты. Шараға сонымен қатар «Ұлан» гвардиясының сарбаздары атсалысып, «Қазағым менің, ұлы елім! Көркейе бер мәңгілік!», деп ұрандады.
Акция одан әрі «Елдіктің, теңдіктің тірегі - Тәуелсіздік» атты мерекелік салтанатты кешке ұласты. Ел байрағы ұлықталып, әнұранымызбен ашылған кеште «Үшқоңыр», «Астана», «Туған жер», «Ауылым», «Атамекен», «Қазақ елі осындай» сынды Тәуелсіздік рухын танытатын әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды. Сондай-ақ, Қыздар университетінің мың бұралған қыздары ұлы мерекеміз Тәуелсіздік күніне бимен шашу шашса, ақын қыздары өз шығармашылығынан егемен елімізге арналған өлеңдерін оқыды. Салтанатты шара оқу орынның әйгілі «Айгүл» ансамблінің орындауындағы «Өз елім» әнімен аяқталды. Парасат мектебіне айналған оқу ордасы осылайша, 23-рет қарсы алғалы отырған, азаттық алып, аңсаған арманымызға жеткен Тәуелсіздік күнін атап өтті.
Айтулы мереке аясында сонымен қатар, оқу орынның дамуына, білім мен ғылым саласына айрықша үлес қосқан 30-дан аса қызметкер «Ұлағат» алтын, күміс және «Құрмет белгісі» медальдарымен марапатталды.
«Егемен еліміз үшін Тәуелсіздік күнінен асқан үлкен мереке жоқ. Азаттықтың арқасында бүгінде Қазақстан төрткүл дүниеге терезесі тең, керегесі кең, ұлт пен ұлыстары тату, экономикасы тұрақты даму үстіндегі болашағы зор мемлекет ретінде танылды. Толайым жетістіктерге жетіп, елдіктің іргетасы қаланды. Әрдайым тыныштық пен тұрақтылыққа қол жеткізген еліміз аман, заманымыз тыныш, ортақ Отанымыз Қазақстан гүлдей берсін! Мемлекетіміз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, егемендігіміз баянды болсын!», - деді Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев.
Сурет: ©«Қыздар университеті» медиа орталығы
Р. Роза