- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ағашты көркемдеп өңдеу...
Ағашты көркемдеп өңдеу шеберімен сұхбат
Бүгін назарларыңызға ағашты көркемдеп өңдеу шебері Жұртбай Бекжанмен болған шағын сұхбатымызды ұсынамыз. Ағашты көркемдеп өңдеу – қазақтың бағзы заманнан бері келе жатқан дәстүрлі өнерінің бірі. Ағаш астау, ағаш кесе, қымыз құйғыш, келі-келсап, ағаш сандық сынды дүниелерді шебер жасайтын азаматтың айтарын аңдап көрейік.
- Осынау ағаштан жасалатын өнімдердің бәрін өзіңіз жасайсыз ба?
- Иә, өзім жасаймын. Басты мақсатымыз - қазақтың қолөнерін қайта дәріптеп, қайта жаңғырту.
- Ұлттық өнімге деген сұраныстар қай деңгейде?
- Қазіргі таңда ұлттық өнерге деген сұраныс жақсы. Қыз ұзату тойы немесе басқа да шараларға тапсырыс беріп жатады.
- Астау, бесік сынды өнімдерден басқа қандай дүние жасайсыз?
- Көрмеге қатысуға ағаштан панно шығармашылық жұмыстар жасаймын.
- Бұл өнімдерге қандай ағаштарды қолданасыз? Оны табу қиын болмай ма?
- Бұл өнімдерге жаңғақ, қарағай, қайың, қара ағаш, т.б. ағаштар қолданылады. Табу жағы қиындау, кепкен, шірімеген, көздері жоқ болу керек не аз болу керек деген талаптары бар.
- Қазақстанда мұндай бизнеспен айналысатын адамдар көп пе, аз ба?
- Жалпы мұндай бизнеспен айналысатын адамдар жоқ емес, бар. Көп болғаны да жақсы ғой, ішінен сапалылары шығады, бір жағынан қолөнеріміз дамып жатса, нұр үстіне нұр. Өз өнерімізді бағалайтын жандар көбейеді, ұмыт болған дүниелер қайта өзімізге оралса, несі жаман? Мен білсем, Шымкент қаласында біраз адам айналысады. Курстас достарым бұл өнермен Көкшетау қаласында айналысып жатыр. Бұл салада жүрген орыс кісілер де бар.
- Ағаш ыдыстардың қандай ерекшеліктері бар?
- Мысалы, денсаулыққа, асты сақтауға пайдалы. Табиғаттан алынған соң, пайдасы зор. Мысалы, ағаш қасықты алсақ, тамақ ішкенде ерін күйіп қалмауға себеп болады. Ыстық тамақ салсаңыз, тез суып кетпеуге, дәмінің бұзылмауына әсер етеді. Астауға лак қосылмайды. Лак адам денсаулығына зиян. Ол бой алмайды. Біздің астау табиғи ағаштан ойылған, оны түрлі маймен майлап жатады. Біз жылқының майымен майлап қоямыз. Бәрі табиғи.
- Бір астауды немесе бесікті толық жасап шығу үшін қанша уақыт кетеді?
- Бір астауды жасауға 5-6 күн уақыт кетіп қалады. Кейде астаудың сыртына ою түсіріп, сәнді ету үшін оны майлап кептіріп, әр аптада, болмаса, әр айда майлап отырған жөн. Ол өзінің сапасын, реңін жоғалтпайды. Дастарханға қойған кезде дастарханның сәнін ашып тұрады. Қазақтар өзі етке құмар халық қой. Бешбармақты астаумен жеген басқаша сезім сыйлайды. Жалпы бесік, сандық сынды дүниелерді сәндеп, әрлеу ушін 10-15 күндей уақыт кетіп қалады. Сіздерге рақмет! Сұрақтарыңыз орынды қойылған екен, мен толық жауап бере алмасам да, жауап беруге тырыстым. Әлі де көп нәрсені зерттеп, біле қоймадым. Бірақ ағаш саласында жүргеніме он жылдан асып қалды. Қазақтың өнері өшпесе екен деп ойлаймын. Біз, жастар, оларды дұрыстап халыққа насихаттасақ екен. Қолөнер қазақ жігіттері барда дамиды, өседі деп ойлаймын.
- Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз...
- Мен - Жұртбай Бекжан Құралбайұлы 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданында дүниеге келгенмін. Өзім Шымкент қаласындағы дарынды балаларға арналған өнер мектебін 9 сыныпқа дейін оқығанмын. Содан соң Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркем-сурет колледжіне түстім. Ағашты көркемдеп өңдеу мамандығын бітіріп, Алматыға келіп, сол мамандықты қайта жалғастыруға, ағаштың қыр-сырын тереңірек білуге Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түстім. Сонда ағашты көркемдеп өңдеу мамандығын толық жақсы деген бағамен бітіріп, қазіргі таңда сол жерде жұмыс істеп жатырмын. Әлі де білмеген дүниелерім көп, ізденіс керек.
Сұхбаттасқан: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: жеке мұрағаттан
M. Auelkhan