Үш тілді жетік меңгерген жастар арасында байқау өтті

Үш тілді жетік меңгерген жастар арасында байқау өтті

18 сәуірде Алматы қаласының әкімдігі басқармасының 2014 жылға арналған жоспарына сәйкес үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері-2014» қалалық байқауы өтті.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету мақсатында өткен байқауға еліміздің 18-25 жас аралығындағы жалынды жастары қатысты. Олар өздерінің тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын, жан-жақты дамығандығын, бәсекеге қабілетті тұлға екендіктерін, тіл мәдениетін толық меңгере алғандықтарын көрсетті.

Аталған байқау аудандық және қалалық деңгейде өтті. Байқауға қатысуға тілек білдіріп, тиісті аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өтініш берген сайыскерлер аудандарының намысын қорғады. Олар – Байымбетова Айнұр, Тұртаева Бегайым, Мұсабекова Мақпал, Махамбет Шолпан, Шынбат Күлпаш, Түзелбаева Диана, Шукманова Салтанат, Ким Юля, Тұрсын Аружан, Әбілова Фариза, Әбішева Лейла, Аблитипова Гүлназ, Ахметов Алишер, Орумбаева Маржан, Ақбасова Әлия, Сұлтан Ертай, Кокишева Жанерке, Бекжігітов Берік және Төлеуханова Алуа.

Сайыстың шарттарына келер болсақ, жарысқа ұлтына, мамандығына, кәсібіне, шұғылданатын ісіне қарамастан кез келген салада жүрген жастар қатысты. Араларында жас ұстаздар да болды. Байқау төрт кезеңнен тұрды:

Алғашқы кезең «Өнертаным» – өз таңдауы бойынша ән айту, көркемсөз оқу, билеу және т.б. өнер көрсету (3 мин);

2.«Ұлттаным» – қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап беру;

3. «Мәдениеттаным» – қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап беру;

4.«Елтаным» – Қазақ елі, оның аймақтары жөніндегі сұрақтарға ағылшын тілінде жауап беру.

Жоғарыдағы әрбір айналымда қатысушылар ойды жеткізе білу шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін ғана көрсетіп қоймай, киім таңдауда ерекше талғамға ие екендіктерін танытты. Яғни бірінші кезеңде еркін киінсе, екінші, үшінші кезеңдерде қазақ халқының ұлттық киімін, соңғы кезеңде классикалық үлгідегі киім киді. Мұнымен қатар үй тапсырмасына сәйкес, әрбір қазақ жүрегіне патриоттық сезім ұялататын аудио, бейне материалдар көрсетілді.

Әр кезеңнен кейін қазылар алқасы өте төмен ұпай жинаған жекелеген қатысушыларды келесі кезеңдерге жібермей, ұпайы аз болған сайыскерді атап отырды.

Байқаудың қазылар алқасы құрамына белгілі тілші ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аударма ісінің кәсіби білікті оқытушылары Ахетов Мамай Қаниұлы, Бұқабаева Бақытгүл Ердешбайқызы, Сабырбаев Рыскелді Шынжырбайұлы және Абаева Жәмиля Серікқызы сынды мамандар енді. Қазылар алқасы қатысушыларға берілетін тапсырмаларды әзірлеп, бағалау парақтарының үлгісін белгіледі. Бұдан өзге қатысушылардың өнерлері мен жауаптарын тыңдап, бағалау парақтарын толтырды. Тапсырмаларды орындау деңгейін бағалады. Сайыс соңында ашық дауыс беру арқылы байқаудың бір жеңімпазы мен екі жүлдегерін анықтады. Қалалық байқаудың жеңімпазы Алматы қаласының атынан республикалық байқауға қатысатын болды.

Еліміздің атына заты сай, ақылына өнері үйлескен жастарымыздың білімін сынаған сайыстың жеңімпазы М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы Сұлтан Ертай атанды. Екінші орын Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеттің студенті Ақбасова Әлияға бұйырса, үшінші дәрежелі дипломды Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенті Ахметов Алишерге табыстады. Қатысушының барлығы да сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Мұнымен қатар әділ қазы алқалары республикалық сайыста қаламыздың атынан шығатын Сұлтан Ертайдың сыйлығын Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың өзі табыстайтындығын айтты.

Елі мен жерін сүйген азаматтарды өз тілін құрметтеп, өзге тілдің бәрін білуге жетелейтін сайыс қатысушылардың көңілінен шықты.

Арнайы Massaget.kz үшін дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Қ. Бүйенбай