Қазақ нені қасиет тұтады?

Қазақ нені қасиет тұтады?

Кез келген ұлттың қадір тұтып, қызғыштай қоритын мұралары, байлығы, қасиеттісі болады. Ал тумысынан ырымшыл келетін біздің қазақ халқының мұндай құндылықтарын саусақпен санап тауысу мүмкін емес шығар. Жазба осы хақында...

Атамекен – әркімнің ата-бабасының, өзінің туып-өскен жері. Туған жерді құрметтеу, оған әрдайым барып тұру – азаматтық белгі. Қазір де қарт кісілеріміздің кіндік қаны тамған жерлеріне адалдығы соншалықты, топырағының сол жерден бұйыруын тілеп, қоныс аудармай отырады. Кішкентай балаларды да туған жеріне аунатып алатын ырым бар. Бұл сәби отаншыл болсын, жерін сатпасын деген ниеттен туған.

Қара шаңырақ – ата-бабадан қалған үй. Қазақ мұндай үйді де, иесін де ерекше құрметтейді. Күтіп, таза сақтайды. Басқа аймаққа қоныс аударса да, үйді құлатпауға, сатпауға тырысады.

Ананың ақ сүті – адамзат үшін ең қадірлі ұғым. Ананың ақ сүтін ақтау да үлкен парыз саналады. Аналардың "Ақ сүтім ақталды" деп марқаюы – перзенттеріне деген ризалықтарының белгісі. Ананы риза ету – Алланы риза ету деген түсінік те бар.

Құран – Мұхаммед пайғамбарымызға түскен қасиетті кітап. Сол секілді хадистер мен діни шариғат жинақтары да киелі саналады. Мұндай кітаптар таза қолмен ұсталып, аяқ асты етілмейді.

Дастарқан – тағам байлығы мен берекесінің нышаны. Кезінде жомарттар мен мырзалардың, қолы берекелі әйелдердің аттары дастарқанмен шығатын болған. "Абай жолындағы" Бөжей асын еске түсіріп көрсеңіз болады. Қазақ дастарқанды аттауға, дастарқан басында әдепсіз сөз айтуға тыйым салады.

Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық асының бірлігі ретінде бағаланады.

От орны – ықылым замандарда киіз үйдің ортасына ошақ құрылып, қазан асылатын болған. Халқымыз от орнын аттамауға тырысқан екен.

Төр – әр үйдің қонақ отыратын жоғары әрі құрметті орны. Үйге келген сыйлы адамға "Төрге шығыңыз" деген ілтипат білдіріледі.

Батырлардың қару-жарағы – нағыз киелі заттар. Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Ағыбай сынды батырлардың қылышы мен найзасы, сауыты мен дулығасы, ер-тұрманы, садағы мен шоқпарлары ғасырдан-ғасырға жеткізіліп келе жатқан мұралар.

Аңшы, шебер құралдары – мергеннің, ұстаның балғасы, етікшінің бізі де ерекше мүлік есебінде сақталады. Ол ешкімге берілмейді, сатылмайды, оны жоғалтпай ұстайды.

Танымал адамдардың қаламы – сирек кездесетін жәдігер ретінде мұражайда, автордың үйінің төрінде сақталады.

Жылқышының қара қосы – қазақ мұны бағзы замандардан-ақ берекелі үйі деп қадірлейді. Қыста қара қоста әрқашан жылқының семіз еті мен майлы сорпасы, құрт көже үзілмейді екен. Мұнда бас сұққандар тойып кететін болған, қонақ та ерекше көп келетін көрінеді.

Ертеден қалған ескерткіштер – ежелгі қала орны, ата-баба жұрты, ескі қорымдар. Ондай жерге жай адамдар бара бермейді. жалпы мұндай орындар барлық мемлекетте қамқорлыққа алынған.

Бұлақ – тазалық пен нәр көзі есебінде қасиетті деп қаралған. Қарапайым ғана "Бұлақ көрсең, көзін аш" деген қағида оның жоғары бағасын білдіріп тұр емес пе?

Бақан – шаңырақ көтеретін киіз үй мүлкі. "Бақанды аттама" деген тыйым да оның өзіндік құндылығын арттырады.

Мал басы. Әр үйде малдың басы - сол үйдің құты деп саналады. Олардың қатарында үйірін итқұсқа бермейтін айғыр, соңынан төл ерткен мама бие, қой бастайтын серке де бар. Қазақ мұндай мал басын сатпайды, айырбастамайды. Сондай-ақ, малдың басын, сәбидің қалжасына сойылған малдың мойын омыртқасын жоғарыға іліп қоятын ырым да бар.

Домбыра - сан ғасырлардан бері сырын сақтап, қазақ даласында кеңінен танымал болған аспап. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген аталы сөз аспаптың қаншалықты құрметті екендігінен хабар беріп тұр. Қазақ домбыраны аяқ асты етпеген, керісінше, әрдайым төрден орын беріп, басына үкі таққан.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: aldongar.org, russian.ts.cn, namys.kz, erketai.kz