Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Грант құтты болсын,
Грант құтты болсын, "балмұздақ"!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әлемтану / Қазақстаным / Қазақ ұмытпайтын сәйгүліктер

Қазақ ұмытпайтын сәйгүліктер

Қазақ ұмытпайтын сәйгүліктер

Қазақ тарихында ел қорғаған атақты батырлармен бірге олардың ерекше қасиетке ие тұлпарлары қатар айтылады. Әсіресе, осындай сәйгүліктердің есімдері эпостарда, тарихи жырларда, ел аузында және жер атауларында жиі кездеседі. Халқымыз атақты сәйгүліктердің, жүйрік бәйге аттарының, батырларға серік болған тұлпарлардың етін ешқашан да жемеген. Өз ажалынан өлген мұндай аттарды қадірлеп жерлеген. Атап айтар болсақ, Қо­б­ыландының Тайбурылы, Ал­памыстың Байшұбары, Қам­бардың Қарақасқасы, Қаба­н­бай­дың Қубасы, Бөгенбайдың Қы­зыл аты, Ақан­ның «Құлагері», Тілеулі ба­тыр­дың Кез құлағы, Бармақ батырдың Сан­дал­көгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді ба­тырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Ке­раты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұ­­бары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз се­рінің Бозжорғасы т.б. Бұл тізімді әрмен қарай жалғастыра беруге де болар еді. Алайда, біздің мақсатымыз қазақ ұмытпайтын сәйгүліктерді атап өту емес, оларға жеке тоқталып, бүгінгі жастарымызға таныстырып өту...

Қара ат

Ертеде қазақ-қалмақ елдері бас қосып үлкен ас беріпті. Жетпіс шақырымнан асатын аламан бәйгеге үш жүзден аса ат қатысқан. Қалмақтар бәйгеден озып келе жатқан Әймәмбет бидің қара атын жолда ұстап алып, қақпа тасқа қамап қойыпты. Қара ат құйындатып шауып бара жатқан аттардың дүбірін естіп, тастан тіке секіргенде үстіндегі шабандоз бала түсіп қалған. Ал өзі алдына шығып кеткен аттарды басып озып бірінші келген көрінеді. Содан бері бұл жер «Қара ат қамаған» деп аталып кеткен.

Алтай өлкесі Қосағаш ауданындағы «Қара ат қамаған» жартасының жанынан өткен халық «Шіркін-ай!» Жануардың естісін-ай, бәйгеден қалам деп істеген айласын қарашы!» деп таң қалысады екен.

Көкдөнен

Көкдөнен  қазақтың жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық соғысының батыры Ер Жәнібек Бердәулетұлының (1714-1792) тұлпары.

Бірде бала Жәнібек нағашыларының ауылына барады. Көп жылқының арасынан Көкдөненге көзі түсіп, сол сәйгүлікті сұрайды. «Барлық жылқыны ал, бірақ Көкдөненді бере алмаймыз» депті туыстары. Жәнібек айтқанынан қайтпай тұрып алады. Жиендері өкпелеп кететін болған соң нағашылары еріксіз атты берген екен. Көптеген шайқаста Жәнібек осы тұлпармен ерліктер жасаған.

1750 жылы сексен күндік Шорға соғысында қазақ-қалмақтан он мыңдаған жауынгер қатысқан жан алысқан ұрыс болады. Абылай ханның аты оққа ұшып, жаяу қалады. Сол мезетте жан-жанындағы жауды қоғаша жапырған Жәнібек Абылай ханның жанына шауып келіп, Көкдөненді кесе көлденең тартқан екен. Абылай хан атқа мініп жатып:

–  Өзің жау қолында жаяу қалдың ғой, - дейді. Сонда Жәнібек:

–  Мен өлсем, қазақтың екі әйелінің бірі батыр табар, сіз өлсеңіз қалың қазақ хансыз қалар, - деген екен.

Осы ұрыстан кейін ел Жәнібектің арғымағын «Абылайдың өзін құтқарған Көкдөнен» деп қадірлеген. Сол заманнан хабар беретін «Жәнібектің Көкдөнені» атты күй бар.

Айта кетейік, қолбасшының аты өліп, оны жауынгердің бірінің атына мінгізіп, соғыстан аман алып қалуды «ат сүйек беру» деп атайды. Бұл – ежелден келе жатқан әскери ғұрып.

Тайбурыл

Тайбурыл – XIV-XV ғасырларда өмір сүрген Қобыланды батырдың тұлпары. Қобыландының осы тұлпарға қалай ие болғандғы жөнінде халық арасында мынадай әңгіме бар: ат сыншыларының жорамалын естіген Қобыландының әкесі:

– Жылқы ішінде көк ала бие бар. Сол бие көк бурыл құлын туады, жан серік атың сол болады, - дейді.

Тайбурылды құлын кезінен батырдың жары Құртқа бағып-қағыпты. Ол қырық күн қулықтың (бір рет құлындаған бие), қырық күн қысырдың (тумай қалған мал) сүтін берген. Екі енені тел (ортақ) емген құлынның күші мығым, бұлшық еті сом болған. Тоқсан күн өткен соң келешекте жылқы ауырмас үшін жемге қосып әр түрлі дәрілер жеткізген.

Тайбурыл арнаулы киіз үйде бағылған. Күніне екі рет түндікті ашып таңертең шапақтана атқан және кешқұрым қызара батқан күн сәулесін түсірген. Суды әбден қақтап кептірілген қурай түтікпен берген. Осылай құлынды алты жасқа дейін балаша мәпелеп күткен. Туғалы күнді көрмей, қараңғы түнектен шыққан Тайбурыл жарыққа шыққан соң көзі от шашып, аспанға шапшиды.

Оның ерекше сипаттары туралы "Қобыланды батыр" жырында былай деп айтылады:

Көл жағалай отырған

Көкқұтан мен қарабай,

Көтеріліп ұшқанша,

Белінен кесе басады... - дейді.

Бұл "алты айлықты алты-ақ аттайды" дейтін, алысты жақын ететін, нағыз, қиялдай жүйрік ат. Тайбурыл иесі қысылған жерде тілге келіп, ақыл да қосады. Көлік қана емес, серік те, дос та өзі деген жайды білдіреді. Батыр жалғыз өз басымен ғана батыр емес, осындай қанаты сияқты болған атымен батыр. Қобыланды батыр Тайбурылмен талай қиын жорықтарға қатысады. Қазан қаласын қоршаған ұрыста қамалдың ар жағына қарғып түсіп, батыр жауды қойдай қырған.

Ардакүрең

ХІХ ғасырдың басында Ақтөбе аймағын орыс отаршылдары жаулап алады. Олар қамал бекіністерін салып, қазақтардың жерін тартып ала бастайды. Бірде Қызылқала атты бекіністен бес жауынгер шығып, елдің адамдарын соққыға жығады. Малын тартып әкетеді. Аңнан келген Құламан батыр ойран-топыр болған ауылын көреді. Ашуланған ол атынан түспестен жауларын қуып жетіп, екеуін қылышпен шауып өлтіреді. Қалған үшеуі жеткізбей Қызылқалаға кіріп кетеді. Қамал қақпасы тарс жабылады. Сонда батыр ойланбастан Ардакүреңге қамшыны басып-басып  жіберіп, қамалдан бір-ақ секіріп ішіне түседі. Мұндай жағдайды күтпеген жау әскері абыржып, қолдарына қаруларын ала алмай қалады. Құламан батыр атойлап оңды-солды шапқылайды. Әбден ойрандап құмары қанғанша қылыштаған батыр Ардакүреңмен қамалдан секіріп, қайтадан сыртына шығады. Сөйтіп, жауын қырған Құламан батыр ауылын тұтас көшіріп, Сарыарқа жаққа өтіп кетеді.

Ардакүрең қайта секіргенде, қамал қабырғасының бір кірпіші сынып түседі. Кірпіш түскен жерге қамалдың бастығы белгі қойып, келгендерге «мынау қазақ батыры атының тұяғы тиген жер» деп көрсетеді екен. Ал көргендер «бұл аттың қанаты болған ба, қалайша секірген?» деп таң қалысып, бастарын шайқаған деседі.

Керкекіл

Керкекіл – 1916 жылғы қазақтардың орыс отаршылдарына қарсы күресінің батыры Жәмеңкенің аты. Керкекілдің құлын кезінен бестісіне дейінгі өмірі Алатаудың ең сұлу жері, жазы шыбын-шіркейсіз, салқын, суы тұнық әсем Қарқара жерінде өткен.

1916 жылдары Жәмеңкеге Ташкенттегі қырғыз досы Қыдыреке қонаққа келіпті. Бір жаз қымыз ішіп демалып, кетерінде досынан Керкекілді сұрайды. Жәмеңке атын сыйға тартады. Разы болған досы атты өзімен бірге еліне әкетеді.  Бірақ, бір аптаға жетпей жатып Керкекіл қашып кетіп, Қарқараға оралады. Жәмеңке досына хабар береді. Қыдырекенің шабармандары атты Ташкентке тағы алып кетеді. Бір ай өтісімен Керкекіл қайта қашып келеді.

Ташкент пен Қарқараның арасы бір жарым мың шақырымнан артық екен. Осы аралықты ақылды жануар күндіз үнемі тығылып тұрып, тек түнді пайдаланып жортқан деседі. Сөйтіп, Керкекіл жолда ит-құсқа жем болмай, адамға ұсталмай еліне жетіпті.

Сонда Қыдыреке: 

– Жәмеке, атыңды бір емес, екі рет бердің, оған алғыстан басқа айтарым жоқ. Жануардың тілі жоқ демесең, ақылы көп адамнан артық. Туған жерінде қалсын, - деген сәлемдемесін жолдапты.

Айта кетейік, жат жерге барған аттың көзіне туған жердің бейнесі елестейтін көрінеді. Оны ұмыттыру үшін баяғыда айнаға қаратып кірпігін жұлады екен.

Жалғасы бар...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: ak-bulak.kz, slawyan.kazakcnr.com

Дайындаған: Кәусар Мұң
Қосылған күні: 30 қаңтар 2014, 10:37
Пікірлер
+0
30 қаңтар 2014, 11:58

Құнды материалдар екен!!! Еңбегіңіз жемісті болсын!!!!

+0
30 қаңтар 2014, 12:02

Ат дүбірі естілмейді ол қырдан,
Бүгін және қайтып жатыр жыл құсы.
Талай жауды батырлармен бір қырған,
Қайда бүгін қазағымның жылқысы.

Римменен Монреалда қуантып,
Чемпионда атанып ед ұлдары.
Бір жолдама ала алатын жұбатып,
Қайда бүгін қазағымның тұлпары.

Талай елге жүйріктігі сыр болып,
Талай қазақ атбегі боп атта алды.
Жауға шапқан мың баламен бір болып,
Қайда бүгін қазағымның аттары.

Әрбір қазақ армандатқан баласын,
Ат сұлтаны хас сұлудай бұлаң бел.
Жас сәбидің жаулаған ой санасын,
Қайда бүгін ат аңызы Құлагер.

Сарарқамда дүлей дауыл секілді,
Үйір үйір жылқы шауып жүретін.
Бала едік желбіреген кекілді,
Ол күндерден кім қалды екен білетін.

Атқа деген қалдыма қазақ құлқыны,
Келер ұрпақ жылқы жанын білсекен.
Кең даламды толтыра шапқан жылқыны,
Тек түстемес өңімде де көрсекем.
(К. Алданов)

+0
30 қаңтар 2014, 12:09

Келесісін күтемін!

+0
30 қаңтар 2014, 21:40

Тайбұрыл туралы талай аңыз естігем

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.