- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің...
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің нышандары
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен ұлттық валютасы ел Тәуелсіздігінің нышандары болып табылады.
Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге. Қазақстан теңгесі 1993 жылдың 15 қарашадағы Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен айналымға шықты.
Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Тудың көгілдір біртүстілігі, аспанның бұлтсыз таза күмбезін еске түсіріп, Қазақстан халқының бірігудің жоғары және игілікті идеясына бейімділігін бейнелейді. Мемлекеттік жалаудың көгілдір аясы, Қазақстан халқының жаңа мемлекет құруға ұмтылу ниетінің тазалығы мен көтеріңкілігін көрсетуге шақырады. Өз сәулесіне шомылған алтын Күн, тыныштық пен байлықты білдіреді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы дала бүркіті қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің биіктігін танытады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы — дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған.
Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдызбар. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар дегенді нұсқайды. Ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның Әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. "Менің Қазақстаным" әнұран ретінде алғашқы рет Н.Назарбаевтың инаугурация кезінде орындалды.
Әнұранның әуені 1950 жылдардан бері Қазақстанның бейресми әнұраны атанған Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әні болғанымен мәтіні аз кем өзгертілген. Әні – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: baq.kz, abai.kz
А. Әбілхан