Қазақстандағы ең жоғарғы жалақы

Қазақстандағы ең жоғарғы жалақы

Осыдан бірнеше айлар бұрын Қазақстан Республикасы статистика агенттігі 2013 жылдың шілде айында қазақстандық бір жұмысшының орташа жалақысы 112 мың 792 теңгені құрады деп хабарлаған болатын.

Ал таяуда HeadHunter компаниясының зерттеу орталығы 4983 қызмет орнына сараптама жасай отырып, Қазақстанның барлық облыстары бойынша қыркүйек айындағы ең жоғарғы және ең төменгі жалақыны есептеп шығарды. Бұл туралы season.kz сайты хабарлайды.

Мұндағы қызмет орындарында сыйақы мөлшері есепке алынбаған. Ең жоғарғы жалақыны Алматы қаласындағы беделді индустриалды компанияның атқарушы директоры алады екен. Оның жалақысы – 10-20 мың доллар аралығында деп көрсетілген. Компанияны 2019 жылы IPO-ға ауыстыру туралы шешім осы жалақыға себепкер болып отыр.

Сондай-ақ, қыркүйек айында қалтасы қалыңдаған азаматтар Маңғыстау («Production Manager», айлық – 7-12 мың доллар), Оңтүстік Қазақстан (Маркетинг бөлімінің бастығы, айлық – 500 мың теңге), Атырау (Қаржы директоры, айлық – 3 мың доллар) және Шығыс Қазақстан (жерасты кенінің бас инженері, айлық – 419 675-524 596 теңге аралығы) облыстарында бар екен.

Өткен айдағы ең минималды айлық Ақтөбе (офис-менеджер, айлық – 25-78 мың теңге аралығы), Алматы облысы (спорт репортері, айлық – 50-500 доллар аралығында) және Қостанай (оператор, айлық – 38 500 теңге) облыстарында тіркелген.

2013 жылдың қыркүйек айындағы жалпы орташа айлық мөлшері – 119 500 теңгені құрап отыр.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: news.nur.kz