- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Мұхтар Әуезов мұражайына...
Мұхтар Әуезов мұражайына саяхат
Биыл – Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы мемориалдық мұражай-үйінің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осы орайда біз де "Әуезов үйіне" бас сұғып, оқырмандарымызға шағын фоторепортажымызды ұсынуды жөн көрдік.
Әңгімеге арқау болып отырған мұражайдың ашылуына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін ел есінде мәңгі қалдыру туралы 1961 жылдың тамызында қабылданған Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы мұрындық болған. Ал 1963 жылдың 28 қарашасында Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйі ең алғашқы келушілерін қабылдайды.
М. Әуезов М. Төлебаев (№159) көшесіндегі көрінісі көз тартар осы бір екі қабатты үйде өмірінің соңғы 10 жылын өткізеді. 1951 жылдың 18 тамызында әдебиет зерттеушісі З.С.Кедринаға жазған хатында мұнда жанұясымен 1951 жылы маусымның аяғында көшіп келгенін, ал үй құрылысы 1950 жылдың мамыр айында басталғанын хабарлаған екен.
Үйде жеті бөлме бар, оның төртеуі – бірінші қабатта, үшеуі – екінші қабатта. Үйдің жобасын сәулетші Г.Герасимов жасаған.
"Әуезов үйінің" жүрегі – жазушының жұмыс бөлмесі. Ол бұл жерді өте қатты жақсы көрген екен. Мұнда жазушы әйгілі төрт томдық «Абай жолы» эпопеясының соңғы нүктесін қойған. Сонымен бірге, мұнда көптеген пьесалар, очерктер, әдебиеттану саласындағы бірқатар ірі еңбектер өмірге жолдама алды. Жазушының соңғы романы «Өскен өркен» жазылды. Жұмыс үстелінің үстінде жазушының өзі белгі соғып, өңдеу жүргізген көптеген парақтар, Одақтағы солтүстік халықтарының эпосы туралы бастапқы жазбалары, бір студенттің диплом жұмысына қатысты соңғы пікірі, В.Н.Әуезова сыйлаған ағаштан жасалған вьетнамдық жазу аспаптары тұғырында оқырман хаттары жатыр.
Сондай-ақ жазушы шығармашылығының үнсіз куәгері ретінде «Мұхтардың бүркіті» деп аталған ықшам пішінді мүсінше де жарты ғасырға жуық жұмыс үстелінде тұр.
Сонымен қатар жұмыс бөлмесінде М.Әуезовтің жеке кітапханасы орналасқан. Онда 6 мыңнан аса кітаптар пен журналдар сақталған.
Бұл қонақ бөлмеде Мұхтар Әуезов жанұя мүшелерімен кешқұрым түгел жиналып, теледидардан берілетін хабарлар көретін.
Бөлмеде М.Әуезовпен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болған КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың «Көктөбе», Қазақстанның халық суретшісі, еліміздің кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан А.Черкасскийдің «Таушымылдық» («Пионы») натюрморты және жазушы отбасының үлкен досы, Татарстанның халық суретшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қызмет еткен Бақи Урманченің «Раушан гүлдер» («Розы») атты картинасы құнды жәдігерлер қатарына жатады.
Үйдегі ең үлкен бөлме – ас үйі. Ондағы қолдан жасалған ас үй жабдықтарын Мұхтар Омарханұлы арнайы тапсырыспен алдыртқан. Бұл үлкен дастарханның айналасына оның қаламдас достары, ғалымдар, көптеген елдердің қоғам қайраткерлері жиналатын болған деседі.
Келесі бөлме – жазушының қарындасы Үмияның бөлмесі. Ондағы жәдігердің бірі – М.О. Әуезовтің 60 жылдық мерейтойына байланысты сыйға берілген сырлы жазуы бар үлкен сандық. Оны жазушы қарындасына тарту еткен.
Екінші қабат үш бөлмеден тұрады. Оның бірі Мұхтар Әуезов пен Валентина Николаевнаның бөлмесі. Бұл бөлмеде А.Ғалымбаеваның салған Валентина Николаевнаның портреті және басқа да экспонаттар бар.
Келесі Мұхтар Әуезовтің өзі еркелетіп Лелюсенька деп атайтын сүйікті қызы Ләйләнің бөлмесі. Бөлмеге бас сұққаннан-ақ Ләйлә апайға тән нәзіктіктің, кішіпейілділіктің, биік мәдениеттіліктің иісі мүңкіп тұрғандығын байқайсыз.
Үйдің осы қабатындағы бір бөлмесінде жазушының 1943 жылы туған ұлы Ернар тұрды. Оның балалық шағы осы үйде өтті. Бөлмеде доп ойнап жүрген балаларды бейнелейтін тақтайша (филенка) қалпына келтірілген. Бұл жердегі құнды экспонат – үстел. Онда қазақтың алғашқы музыкалық комедиясы «Айман-Шолпан», алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр», көптеген пьеса, әңгіме, повестер, тамаша аудармалар дүниеге келді. Суреткер Шекспир мен Гоголь, Тренев пен Погодиннің кейіпкерлерін өз тілінде сөйлете білді.
М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме залы.
Жазушының тұрған үйінен шығып, аз ғана жүрсеңіз, көрме залға кезігесіз. Бұл зал 1997 жылы жазушының 100 жылдығының қарсаңында ашылды. Жаңадан салынған ғимараттың негізгі жобасын сәулетші Ш.Матайбеков жасаған. Ал залдағы М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылы бойынша жаңа экспозициялық көріністерді безендіріп, орналастырған – суретші Б.Көшербаев.
Сәулетші Ш.Матайбековтың шешімі бойынша бұл ғимарат жер астынан жартылай көрініп тұратын етіп салынған. Ғимарат төбесіне Меккедегі Қағба тасы сияқты күмбез орнатылған.
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл көрме залдың негізгі идеясы – мұнда келген әрбір көрерменге мұражай тек қазақ әдебиетінің қасиетті мекені ғана емес, қазақ елінің рухани орны деген ойды меңзейді. Бұл орта М.Әуезовтің туған, өскен ортасы, жазушылық жолы, қоғамдық қызметі, шетел сапарлары жөнінде жан-жақты мағлұмат бере алады.
"Әуезов үйіне" қарай асығыңыз, ағайын!
Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева