Шымкент. Шырайлы Шымқала

Шымкент. Шырайлы Шымқала
Фото: depositphotos/Kinderkz

Шымкент – Қазақстанның көне қалаларының бірі. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, қала б.з.д. II ғасырда салынған. Шымкент қаласы Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан. Көптеген жылдардан бері көне қалада ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, шетелден келетін туристердің санында шек болмайды.

Халық санының көлемі жағынан Шымкент қаласы бүкіл республика бойынша үшінші орында. Алайда, бейресми мәліметтер бойынша, Шымкент қаласында халық саны әлдеқайда көп. Себебі, қалада алыс-жақын шетелден келген, тіркеуден өтпеген мигранттар тұрады.

Шымкент қаласы – қазақ елінің сауда, мәдениет, өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қалада қазақ, славян, өзбек, татар, неміс, еврей, корей, поляк, башқұрт, әзірбайжан т.с.с. 19 ұлттың мәдениет орталықтары жұмыс істейді.

Қаланың көрікті мекендерінің бірі - орталық саябақтар. Үш саябақ 19-ғасырда салынған. Бір саябақ Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония аясында орналасқан. Сондай-ақ, Абай атындағы демалыс және мәдениет саябағы, «Кең-баба» этнография саябағы, Дендро саябақ, зообақ, ипподром, «MegaCenter» ойын-сауық және сауда кешені, «Nimex Land», «Бамзик» ойын-сауық орталықтары қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысы үшін үздіксіз қызмет көрсетеді.

Өнерсүйер қауым үшін Орыс Драма театрының есігі ашық. Театр сахналарында қазақ және шетел классиктерінің шығармаларының желісімен қойылған спектакльдер көрсетіледі.

2011 жылы  Шымкент қаласында 353 өндірістік кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде 74 ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорын, 243 шағын кәсіпорын, 36 қосалқы кәсіпорын. Қалада көлік жасау, химия, кен өндіру, тағам т.б. өнеркәсіп орындары қарқынды даму үстінде.

Шымкент қаласының атауы қайдан шыққан?

Шымкент қаласы атауының шығу тарихы мен оның мағынасы әлі күнге дейін белгісіз. Бұл жұмбақтың жауабын белгілі зерттеуші-ғалымдар таба алмаған. Біреулер қала атауы «қала-бақ», «жасыл қала» десе, біреулер «жердің бет қабатымен қапталған қала» дейді. «Шым» сөзі жердің беткі қабаты, шымды қыртысы, ал «кент» қала, шаһар деген мағына береді. Кейбір зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, «Шымкент» сөзі көне шығыс тілінен шыққан. Шығыс тіліндергі «чиминь» («чемень») деген сөздер «жасыл алқап», «көк жайлау» деген мағына береді.

1914 жылы Қазақ елінің Ресейдің құрамына енуінің 50 жылдық мерейтойы құрметіне орай, Шымкент қаласының атауы Черняев болып өзгертілген. Бірақ та, көп ұзамай 1921 жылы қалаға өз атауы қайта берілді.

2011 жылдың тамыз айында Шымкент қаласы үздіктердің қатарынан көрінді. Халықаралық ірі қалалар мен астаналар ассамблеясы Шымкент қаласының басшылығына III халықаралық байқауының арнайы дипломымен марапаттап, «ТМД және ЕврАзЭС қалаларының ішіндегі ең үздік қала» атағына лайық деп таныды.


Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Telegram парақшамызға жазылыңыз!

Ғ. Ұзақ