Еуропа елдері қашықтан жұмыс істеуге көшті

Еуропа елдері қашықтан жұмыс істеуге көшті

Нидерланд парламенті көптеген компанияларға үйден жұмыс істеуге рұқсат беретін заңды мақұлдады. Бұл бүкіл Еуропадағы еңбек заңнамасын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Сенат та заңды мақұлдаса, Нидерланды қашықтан жұмыс істеуді заңдастырған алғашқы ел болмақ.

Заңгерлер көрші елдер Нидерландыға еруі мүмкін деп есептейді, бұл Еуропадағы еңбек заңнамасын түбегейлі өзгертуді білдіреді.

Қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасын парламентке D-66 партиясынан Стивен Ван Венберг пен Жасылдар партиясынан Сенна Маатуг ұсынды.

Оған сәйкес, қызметкерлер үйден жұмыс істеу туралы өтінішпен жұмыс берушіге жүгіне алады, егер олардың қызметі мүмкіндік берсе, жұмыс берушілер бұл өтінішті қарауға міндетті.

Дүние жүзіндегі кейбір компаниялар қызметкерлерге белгілі бір күндерде үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін гибридті жұмыс кестесін қабылдау туралы бастама көтерді. Мәселен, өткен жазда Швейцариядағы UBS банкінің 73 мың қызметкері осындай мүмкіндікке ие болды. Осы аптада оның Лондондағы кеңсесі қызметкерлердің күрт қысқаруына байланысты екі қабатты жалға беретінін хабарлады.

Сәуір айында Францияның ең ірі банкі BNP Paribas өзінің 132 000 қызметкеріне 2024 жылға дейін жұмысының жартысын үйден орындауға рұқсат берді.

Маусым айының басында Илон Маск Tesla қызметкерлерін кеңсеге оралуға немесе жұмыстан кетуге шақырғанда, Германияның IG Metall кәсіподақ ұйымы оның талабына қарсы шыққан кез келген қызметкерді қолдайтынын айтты.

Германия үкіметі сонымен қатар үйде жұмыс істеу құқығын заңмен бекіту жоспарларын жариялады. Қаңтарда еңбек министрі Хубертус Хейл пандемия жұмыс берушілерді икемді болуға мәжбүр етті және үкімет мұны «Германиядағы мобильді жұмыстың заманауи ережелерін» әзірлеу үшін пайдаланғысы келетінін айтты. Сол кезде Хейл жұртшылықты жақын арада жаңа нормативтік базаның жұмыс істейтініне сендірді.

"Дүние жүзіндегі заң шығарушылар Нидерландыдағы заңды мұқият қадағалап, өз елдерінде осындай норманы енгізу мүмкіндігі туралы ойланатынына күмәнім жоқ", - деді Vinson and Elkins заңгері Мартин Лафф Telegraph басылымына берген сұхбатында.

Қашықтан жұмыс – жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігін жақсартудың жалғыз жолы емес.

Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы алты айлық сынақ аясында 70 компания өз қызметкерлеріне толық жалақыны сақтай отырып, аптасына төрт күн жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынды.

Бұрын мұндай эксперимент Исландияда бірнеше жыл бойы жүргізіліп, сәтті деп танылған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін қашықтан жұмыс істеу миға қалай әсер ететіні анықталған еді.

Т. Раушанұлы