Жаһандық жылыну салдары: Тіршілік иелерін не күтеді?

Жаһандық жылыну салдары: Тіршілік иелерін не күтеді?
Фото: vanenunes / envato.com

Климаттың өзгерісі барлық тіршілік иесі үшін қауіпті. Жаһандық жылыну әсерінен биоалуантүрлілік, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым зардап шегеді. Америкалық автор Дэвид Уоллес-Уэллс "New York" басылымында жаһандық жылынудың болуы мүмкін 6 салдарын жинап көрсетті. 

Аптап ыстық
Адамдар барлық сүтқоректілер сияқты жылу айналымында маңызды рөл ойнайды. Олардың денесі белгілі бір температурада қызметін атқарады. Дененің қалыпты жұмыс істеуі үшін қызумен қатар, ол уақытылы салқындауы тиіс. Ол үшін үшін ауа температурасы жеткілікті төмен болуы керек. Орташа температураның 7 градусқа жоғарылауы экватор аймағында өмір сүретін көптеген тіршілік иелеріне қауіпті болмақ. Соның әсерінен тропиктік аймақтардағы ылғалдылық 90%-ға артады. Тропиктік аймақта температура 40 градусқа жеткен кезде, жай ғана қозғалыстың өзі өлімге әкелуі мүмкін. Орташа температураның 11 градусқа жоғарылаған жағдайда жер шарындағы халықтың жартысы ыстыққа төзбейді. 

Ғаламдық аштық
Дәнді дақылдарды өсірудің негізгі ережесі ауа температурасымен тығыз байланысты. Қалыпты температураны 1 градусқа арттырған сайын, өнімділік деңгейі 10%-ға төмендейді. Басқа көрсеткіштермен бірге есептегенде төмендеу 15-17%-ға жетуі мүмкін. Бұл көбінесе топырақ сапасының нашарлауына байланысты. Жауын-шашынды болжау қиын, бірақ болжамдарға сенсек: 2080 жылға қарай климаттың өзгеріс қарқынын бәсеңдету мүмкін болмаса, Еуропаның оңтүстігінде, Таяу Шығыста, Аустралия мен Қытайдың кейбір бөліктерінде бұрын-соңды болмаған құрғақшылық болады.

Мұз обасы
Мұз табиғи сейф қызметін атқарады. Мысалы "мұз адамы" Этцидің мәйіті Альпі тауларында 5 мың жыл жатқан және өзінің ДНҚ-сын сақтап қалған. Оны ғалымдар 2011 анықтады. Миллиондаған жылдар бойы Жер атмосферасында болмаған аурулар Арктикалық мұзды қабаттарда сақталуы мүмкін. Егер мұз ери бастаса, олар ауаға таралады. Ондай жағдайда адамның иммундық жүйесі оларға төтеп бере алмайды.

Улы ауа
Қазір Жер атмосферасында шамамен 0,03–0,045 ‰ көмірқышқыл газы бар. Ештеңе өзгермесе, ғасыр соңына қарай бұл көрсеткіш 0,1‰ жетуі мүмкін. Бұндай концентрация кезде адамның ақыл-ой қабілеті 21%-ға төмендейді. Сонымен қатар, жаһандық жылынумен атмосферадағы озон мөлшері артады. Осыған байланысты 2090 жылға қарай 2 миллиардтан астам адам ДДҰ қауіпсіздік стандартына сәйкес келмейтін ауамен демалады. Бұл ересектер үшін зиянды және балалар үшін соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Сонымен қатар, егер жүкті әйел мұндай ауамен тыныс алса, балаларда аутизм болу мүмкіндігі артады.

Территорияларды су басуы
Ғаламдық жылыну ғасыр соңына қарай теңіз деңгейінің 1-3 метрге көтерілуіне әкеледі. Дүние жүзіндегі ең ірі қалалардың үштен бірі жағалауда орналасқан, ал 600 миллион адам теңіз деңгейінен 10 метр биіктікте тұрады. Бұл аумақтар біртіндеп суға кетеді.
Зерттеу жұмыстарына сүйенсек, 1700 жыл бойына (біз заманымыздың 0 жылынан бастап) мұхит деңгейі тұрақты болған. 1863 жылы алғаш рет мұхит суының көтерілу деңгейі артқан. Сол уақытта алғаш рет адам әрекеті әсерінен жылу мен мұздықтардың еруі байқалған. Өндірістік революция басталмастан бұрын, 1700-1760 жылдары теңіз деңгейі жыл сайын 0,1 миллиметрге азайып отырса, 1940-2000 жылдары тұрақты түрде 1,4 миллиметрге артқан.

Уланған мұхиттар
Адам әрекеті әсерінен рН төмендеп, бірте-бірте "мұхит қышқылданады". Осыған байланысты мұхитты мекендейтін жануарлар мен балықтардың 25%-дан астамы жойылып кетуі мүмкін. Бұл мұхиттарға тәуелді 500 миллион адамның азық-түліксіз қалуына және табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі. 

Бұл сценарийдің барлығы климат өзгерісі адам болашағына қалай әсер ететіні туралы болжам ғана. Сіз жаһандық жылыну салдары қандай болады деп ойлайсыз?

Т. Есқали