Ғарышқа сапар. Миллиардер Джеф Безос 10 минутта ғарышқа барып келді

Ғарышқа сапар. Миллиардер Джеф Безос 10 минутта ғарышқа барып келді
Фото: technohoop.com

Техас айлағынан ғарышқа көтерілген New Shepard әуе кемесі Жерге сәтті қонды. Сапарға аттанған 4 жолаушының бірі – әлемдегі ең бай адам саналатын Джеф Безос болды.

Қарыштап дамыған технология ғарышқа сапарды да жеңілдете бастады. Соның бастамасы жасалып та үлгерді. Бірер күн бұрын британдық миллиардер Ричард Брэнсон да ғарышқа сапарлап қайтқан. Бүгін Джеф Бозес жалғады. Осылайша жаңа туристік жобаға жол ашылды десек те болады.

Джеф Безос – Amazon корпорациясының негізін қалаушы. Кейінгі жылдары ғарыштық туризмді дамытуға күш салуда. Blue Origin компаниясын құрып, өзі бірінші болып New Shepard әуе кемесімен ғарыш кеңістігіне көтерілді.

New Shepard әуе кемесі осыған дейін 15 рет сынақ ретінде ғарышқа көтерілген. Ал бүгін алғаш рет жолаушымен ұшты. 76 километр биіктікке жеткенде капсуланы бөліп шығарып, ары қарай борт компьютері арқылы басқарылды. Жолаушысы бар капсула теңіз деңгейінен 106 километрге дейін көтеріліп, 4 минутқа жуық салмақcыздық күйінде болды.

Әуе кемесі мен капсуланың Жерге қонуы сәтті аяқталды. Ғарышқа сапар 11 минутқа жуық уақыт алды.

Ғарышқа Джеф Безоспен бірге ағасы Марк Безос, 82 жастағы америкалық ұшқыш Уолли Фанк және 18 жастағы нидерланд Оливер Деймен барып қайтты. Деймен ғарышқа көтерілген ең жас турист болса, Фанк ең қартаң адам болып рекорд тіркеді.

Н. Үсенова