АҚШ пен Румыниядан жұмбақ монолиттер табылды

24 қарашада АҚШ-тың Юта штатындағы әуе қауіпсіздігі бюросының қызметкерлері Ред-Рок шөлінен метал монолит тапқан. Олар аймақтың үстінен тікұшақпен ұшып, оңтүстік-шығыс штатындағы ірі мүйізді қойларды санауға көмектесіп жүргенде биіктігі 3,5 метр монолитті байқаған.

Жергілікті билік метал монолиттің орнын құпия ұстағанымен, оның орны 2 күн өтпей белгілі болған. Ал 3 күн өткен соң жұмбақ монолит жоғалып кеткен. Метал монолиттің орнында үшбұрышты сынығы ғана қалған. 

Осыдан кейін, Нью-Йорк галереясы металл монолит суретші-мүсінші Джон МакКракеннің туындысы екенін айтқан.

Өнертанушылар да жұмбақ монолиттің суретші-мүсінші Джон МакКракеннің туындысына ұқсас екенін болжаған. Олардың айтуынша,  Нью-Мексико штатында тұрғыны, 2011 жылы қайтыс болған суретші-мүсінші Джон МакКракен осындай өнер туындыларын салған. Сондықтан аталмыш монолитті оның құрметіне шәкірттерінің  бірі тұрғызуы мүмкін.

Жұмбақ монолиттің сынығын жерден шығарып алған адамдар онымен суретке түскен

Румыниядағы жұмбақ монолит

Осы оқиғадан кейін 26 қарашада дәл Юта штатындағыдай метал монолит Румынияда пайда болған.

Жергілікті мәдениет және мұра бөлімінің өкілі үкімет үш метрге жуық монолиттің "жұмбағын" зерттеп жатқанын мәлімдеген.

"Мұндай нәрсе орнатпас бұрын, біздің ұйымның рұқсаты қажет және оны Мәдениет министрлігі мақұлдауы керек", - дейді жергілікті мәдениет және мұра бөлімінің өкілі Роксана Джозану.

Румыниядан табылған металл монолиттің Ютадағы тік төртбұрыш болған құрылымнан айырмашылығы – жоғарғы жағы үшбұрышты, беті оюмен өрнектелген.

"Биіктігі 2,8 метрдей құрылым бір түн ішінде қалай пайда болды, солай жоғалып кетті. Оны жергілікті тұрғындардың бірі жасауы мүмкін", - дейді жергілікті журналист Роберт Йосуб.

Қазір, екі елде табылып, жоғалып кеткен жұмбақ монолиттер туралы желіде пікірталас көп. Бір топ оларды бөгдепланеталықтармен байланыстырады.

Стэнли Кубриктің фильмінде маймылдар жат планеталықтар тастап кеткен осындай құрылымды тауып алады

Болжам айтушылардың бірі: "Монолит Стэнли Кубриктің "2001: Ғарыш Одиссеясы" фильмін еске түсіреді, бұл фильмде де бөгдепланеталықтар осыған ұқсас белгілерді пайдаланады", - дейді.

Ал, ұшқыштар оның NASA-ға тиесілі болуы мүмкін екенін айтады. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, Ютадағы металл монолит ол жерде 40-50 жылдан бері тұрған болуы мүмкін. Себебі монолит ешқашан тот баспайтын, эрозияға ұшырамайтын сапалы металдан жасалған.